Жаңалықтар

«Қазақмыс әсері»: өңірдегі жалақы неге өсіп жатыр

«Қазақмыс әсері»: өңірдегі жалақы неге өсіп жатыр

Ұлытау облысы 2025 жылдың IV тоқсаны қорытындысы бойынша Қазақстандағы орташа айлық жалақы деңгейі жоғары өңірлердің үштігіне енді. Бұл көрсеткіш өңір экономикасындағы өнеркәсіптің, әсіресе тау-кен өндірісінің үлесі жоғары екенін айқын көрсетеді деп жазды ozgeris.info сайты.

Республика бойынша орташа айлық номиналды жалақы 473 158 теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,8 пайызға артқан.

Ұлытау облысындағы жоғары жалақы деңгейі ең алдымен тау-кен саласының дамуына байланысты. Бұл секторда орташа жалақы шамамен 978 962 теңгеге жетіп, ел бойынша орташа көрсеткіштен екі еседен астам жоғары.

Сарапшылар өңірдегі табыстың тұрақты жоғары деңгейін ірі өндірістік кәсіпорындардың қызметімен және инвестициялық жобалардың жүзеге асуымен байланыстырады.

Бұл тұрғыда негізгі рөлді Қазақмыс корпорациясы атқарып отыр. Компания өңірдегі ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады және еңбекке қабілетті халықтың басым бөлігін жұмыспен қамтып келеді.

Корпорация кәсіпорындарында тұрақты жұмыс орындары құрылып, бәсекеге қабілетті жалақы деңгейі қамтамасыз етілген. Сонымен қатар Қазақмыс әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру арқылы өңірдің дамуына елеулі үлес қосып отыр.

Осылайша, өнеркәсіптің дамуы мен ірі компаниялардың белсенді қызметі Ұлытау облысында жоғары жалақы деңгейінің қалыптасуына негіз болып отыр.

Барлық жаңалық