БҚО-да 16 жастағы қызды зорлады деп айыпталған шенеунікке қатысты жәбірленушінің әкесі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Уральская неделя".
Әйелі мен қызының мемлекеттік қызметкерге қатысты шағымынан бас тартқаны туралы жаңалық тарағаннан кейін, әкесі сонда да кінәлі тұлғаны жазалауды талап ететінін мәлімдеді.
"Мен полицияға берген арызымды қайтарып алған жоқпын. Қызымның көзіне қалай қараймын? Менің тағы бір қызым бар, төрт жаста, ол өскенде осындай жағдай қайталанса, тағы жазасыз қала ма?" - деді ол.
Ол қаңтардың басында полицияға арыз жазғаннан кейін өзіне, әйелі мен қызына қысым көрсетілгенін айтады.
"Олар шағымды қайтарып алуға көндіруге тырысты. Әйелім мен қызымды бөлек кабинетке алып барып, олармен сөйлесті. Олар өздеріне бұйырып сөйлегенін айтты. Қатты қысым жасалды. Мен мұны білмедім. Мен әйеліме шағымымды қайтарып алмайтынымды және істің сотқа жетуі үшін бәрін істейтінімді айттым. Ол менімен келісті және сөзімнің түпкілікті екенін біледі", - деді қыздың әкесі.
Ер адам фактінің қалайша расталмағанын түсінбейтінін айтады.
"Олардың қолында мойындағаны туралы мәлімет бар. Зорлық-зомбылық туралы шағым түсіргенімізден кейін оны бөлімшеге алып келгенде, ол мас күйде болды, қызымды зорлағанын мойындады. Екі күннен кейін ол екі адвокат жалдап, басқаша айта бастады, ол қызды 20 жаста деп ойлағанын және қызым да оны қалағанын айтты.
Ол кінәсіз болса, онда неге жұбайы үйге келіп, бізден кешірім сұрап, ақша ұсынды? Полициядағылар да одан ақша алуды ұсынды. Астанадағы туыстарынан да ақша туралы ұсыныс түсті.
10 млн, 20 млн деген сомалар айтылды. Тіпті пәтер ұсынды. Бірақ мен бас тарттым. Өйткені бұл менің қызыма, оның болашағына кері әсер етеді. Сонда ол "ақша бәрін шешеді, бұл өмірдегі ең маңызды нәрсе" деп ойлап қалады. Балаларға бұлай істеуге болмайды" - деді әкесі.
Сондай-ақ ер адам колледжден үйіне біреулер келіп, қызды есепке алатынын айтқанын хабарлады. Алайда, оның айтуынша, зорлау фактісі түскі үзіліс кезінде болғанын білгеннен кейін, олар жоспарларынан бас тартты.
"Бұл да қысым болып саналады. Полиция бізге қызым өзі кінәлі деп айта берді. Бұл шындыққа жанаспайды. Мен айып тағылуын талап етемін. Ол сот арқылы жазалануы керек", - деді қыздың әкесі.
Еске сала кетейік, бұған дейін БҚО-да ер адам кәмелетке толмаған қызын "ауданның жоғары лауазымды шенеунігі зорлады" деп айыптағанын хабарлағанбыз. Полиция департаментіндегілер істі тергеу барысы туралы айтты.
Полиция мәліметінше, тергеп-тексеру кезінде объективті тергеуде маңызды саналатын телефон хабарламалары және басқа да фактілер анықталды. Тергеу кәмелетке толмаған қызға қатысты зорлау фактісін анықтаған жоқ.
"Сондай-ақ мұны жәбірленушінің өзі мен анасы да растады, олар күдіктіге қатысты кез келген талаптан бас тартып, қарым-қатынастың екіжақты сипатта екенін алға тартады", - деп түсіндірді департаменттің баспасөз қызметі өкілдері.