🌐 Әлем

Биткоин 112 мың долларға жетіп, жаңа рекорд орнатты

10 шілдеде әлемдік криптовалюта нарығында тарихи оқиға тіркелді. Биткоин бағасы алғаш рет 112 мың доллардан асты, деп жазады Ozgeris.info.

Биткоин 3,1%-ға қымбаттап, 112 009 долларға дейін көтерілді. Бұл – криптовалюта тарихындағы ең жоғары баға. Сарапшылардың айтуынша, BTC-нің жыл басынан бергі жалпы өсімі 20%-ға жетіп отыр.

Қазір криптовалюта шамамен 111 мың доллар шамасында саудаланып жатыр. Ал Биткоинның жалпы нарықтық капиталы 2,2 триллион долларды құрады. Бір күн бұрын бұл көрсеткіш 2,164 трлн доллар болған.

Bloomberg агенттігі Биткоин бағасының өсуін «спекулятивті импульспен» байланыстырады. Бұл қарқын Nvidia сияқты техногиганттардың нарықтағы рекордтық капитализациясымен (4 трлн доллар) және S&P 500 индексінің жоғары көрсеткіштерімен қатар келген.

Сондай-ақ агенттік АҚШ президенті Дональд Трамптың жаңа баж салықтары туралы мәлімдемесін де атап өтті. Бұл – инвесторлардың тәуекелге баруға дайын екенін көрсететін кезең, сондықтан олар жылдам табысқа жетуді көздеп, криптовалюта сияқты жоғары кірісті активтерге бет бұрып жатыр.

Hunting Hill Global Capital компаниясының негізін қалаушы Адам Гуреннің айтуынша, әлемдегі геосаяси тұрақсыздық пен экономикалық белгісіздік кезеңінде инвесторлар дәстүрлі активтерден бөлек, «сандық алтынға», яғни, Биткоинға бет бұрады.

«Әлемді саяси тұрақсыздық жайлаған уақытта инвесторлар құны жоғары активтерге ұмтылады. Сол кезде алтынға баламаға айналған Биткоинға сұраныс көбейеді», деді ол Bloomberg-ке берген пікірінде.

Биткоин бағасының күрт өсуі биылғы наурыздан бері жиі байқалып келеді. Себебі, наурыз айында Дональд Трамп криптовалюта саласына қатысты бірқатар мәлімдемелер жасап, стратегиялық криптовалюта резервін құру идеясын ұсынған болатын.

 

Барлық жаңалық