💰 Экономика

Байлар салыққа неге «сезімтал»?

Байлар салыққа неге «сезімтал»?

Әлемде кейінгі жылдары байларға салынатын салық мәселесі ең қызу экономикалық әрі саяси тақырыптың біріне айналды. Мемлекеттердің әлеуметтік шығыны өсіп, бюджетке түсетін қысым күшейген сайын «көбірек табыс табатын адамдар қоғамға көбірек үлес қосуы керек пе?» 

 

Бұл пікірталас бізді де айналып өткен жоқ. Елде жаңа Салық кодексі қабылданып, прогрессивті салық жүйесі енгізілмек. Енді жылына 36 миллион теңгеден артық табыс табатын азаматтар 15 пайыздық мөлшерлемемен салық төлейді. Сонымен қатар ірі компанияларға түсетін салық жүктемесі күшейтіліп, жер қойнауын пайдаланушыларға салынатын төлемдер арттырылды.

 

Бірақ мәселе тек салық мөлшерлемесінде емес. Қоғамдағы негізгі тартыс «кім көбірек төлеуі керек?» деген сұрақтың айналасында өрбіп отыр. Бір тарап бай адамдар мен ірі компаниялар бюджетке көбірек үлес қосуы тиіс деп есептейді. Екінші тарап салықтың шамадан тыс өсуі инвестицияны азайтып, бизнестің белсенділігін төмендетуі мүмкін екенін айтады. Ал әлеуметтік теңсіздік күшейіп, байлықтың аз ғана топтың қолына шоғырлануы бұл пікірталасты бұрынғыдан да өткір етті.

 

CNN мәліметінше, Nvidia компаниясының бас директоры, шамамен 200 миллиард доллар байлығы бар Дженсен Хуанг бай адамдар қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінуі керек деп есептейді.

 

«Салық төлеу – қоғамға қарызыңды қайтарудың бір жолы. Қоғам бізге инфрақұрылым береді, нарық береді, қауіпсіздік береді, білімді кадрлар береді. Миллиардтаған долларлық компания ешқашан вакуумда пайда болмайды. Сондықтан аса ауқатты адамдардың мемлекетке көбірек үлес қосуы қалыпты нәрсе. Кейде адамдар салықты тек шығын деп көреді. Бірақ ол жол жөндеуге, мектеп салуға, денсаулық сақтау жүйесін ұстап тұруға жұмсалады. Егер қоғам тұрақты болмаса, бизнес те ұзақ өмір сүрмейді», дейді миллиардер.

Алайда барлық миллиардер мұндай пікірде емес. Кремний алқабының ірі кәсіпкерлері Сергей Брин мен Питер Тиль Калифорниядағы байлық салығына қарсы күреске миллиондаған доллар жұмсаған. Қаржыгер Кен Гриффин Нью-Йорк мэрлігіне үміткер Зохран Мамдани өзінің Манхэттендегі пәтерін байларға арналған тұрғын үй салығын насихаттайтын видеода пайдаланғанына ашуланған. 

EconomyKZ.org порталының сарапшысы Ален Серіктің пікірінше, бай адамдардың салыққа реакциясын қоғам көбіне қате түсінеді.

«Экономикалық саясат көбіне шекті мөлшерлеме арқылы ойлайды. Логика қарапайым. Мөлшерлеме жоғары болса, қосымша табыс табуға ынта азаяды. Бірақ өмірде адамдар шекті мөлшерлемемен емес, нақты төлейтін сомамен ойлайды. Олар айдың соңында қанша ақша жоғалтқанын көреді, соны сезінеді. Табысы жоғары адам үшін бұл айырмашылық әлдеқайда үлкен болып көрінеді. Сол себепті психологиялық реакция да күштірек болады. Көп жағдайда «байлар салыққа өте сезімтал» деген түсінік осыдан қалыптасады. Бірақ шын мәнінде олар жұмыс істеуді тоқтатпайды немесе кәсіптен бас тартпайды. Олар тек қаржысын басқа формаға көшіруге тырысады. Табысты дивидендке ауыстырады, инвестициялық құралдарды пайдаланады, жеңілдіктер іздейді немесе активтерді басқа құрылым арқылы рәсімдейді. Сондықтан мемлекет үшін басты мәселе – тек мөлшерлемені көтеру емес, адамдар салық жүйесін қалай қабылдайтынын түсіну», дейді сарапшы.

Picture background

Осы пікірталастың тағы бір маңызды тұсы – қоғамдағы әділет түсінігі. Экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, қоғам бір жағынан байлар көбірек салық төлесін дейді, екінші жағынан өзі де көлеңкелі экономикадан толық бас тартуға дайын емес.

«Қоғам әділдікті талап етеді. Байлар көбірек салық төлесін, мемлекет әлеуметтік қолдауды күшейтсін дейді. Бірақ мәселе өзіне келгенде көп адам жауапкершілікті басқаға ысыруға тырысады. Бір жағынан мемлекеттен сапалы жол, жақсы медицина, қолжетімді білім күтеді. Екінші жағынан сол жүйені ұстап тұратын салықтың өсуіне қарсы болады. Бұл жерде үлкен қайшылық бар. Әділетті қоғам тек талап қоюмен құрылмайды. Ол үшін қоғамның өзі де өзгеріске дайын болуы керек. Егер адамдар салықты тек “ақша жоғалту” деп қабылдай берсе, онда кез келген реформа қарсылыққа тап болады. Сондықтан мемлекет үшін ең үлкен міндеттердің бірі – экономикалық сауаттылықты арттыру және салықтың не үшін қажет екенін түсіндіру», дейді сарапшы.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, Қазақстан кейінгі жылдары ірі компанияларға түсетін салық жүктемесін арттырған. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық кей жағдайда 50 пайызға дейін көтерілген. Сонымен қатар экспорттық төлемдер де ұлғайтылған. Ал шағын және орта бизнеске керісінше жеңілдік беріліп жатыр. Мысалы, бұрын кәсіпкердің айналымы 87 миллион теңгеден асса, қосылған құн салығын төлеуге міндеттелетін. Қазір бұл шек шамамен 2,5 миллиард теңгеге дейін өсті. Яғни көптеген кәсіпкер бұрынғыдай қосылған құн салығын төлемей жұмысын жалғастыра алады.

«Бұл шешімнің мақсаты – бизнестің тынысын ашу. Егер шағын және орта кәсіпкерлікке шамадан тыс салықтық қысым жасалса, олар көлеңкеге кетеді немесе мүлде жұмысын тоқтатады. Сондықтан мемлекет ірі шикізат секторынан көбірек түсім алып, шағын бизнеске жеңілдік беру арқылы тепе-теңдік сақтауға тырысып отыр», дейді Азамат Әмрин.

 

 

Барлық жаңалық