Қоғам

Астанада 14 жастағы жасөспірім Tesla тізгіндеп, полициядан қашпақ болған

Астанада 14 жастағы жасөспірім Tesla тізгіндеп, полициядан қашпақ болған

Астанада полицейлер тізгінінде 14 жастағы жасөспірім отырған Tesla көлігін тоқтатты. Ол қала ішінде жүріп, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заңбұзушылықтар Жедел басқару орталығының камералары арқылы тіркелген. Полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы заңды талабына 14 жастағы жүргізуші бағынбай, оқиға орнынан қашуға әрекет жасаған. Көлік ішінде онымен бірге кәмелетке толмаған досы да болған.

«Аталған жағдайдың алғашқы рет емес екені анықталды. Бұған дейін осы жылдың наурыз айында дәл осы көлікпен көптеген заңбұзушылық, соның ішінде қауіпті маневр жасау деректері тіркелген. Бұрын қабылданған шаралар тиісті нәтиже бермеген», – деп мәлімдеді полиция.

Tesla көлігі коммуналдық тұраққа қойылды.

«Осы факті бойынша көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның басқаруы, сондай-ақ басқару құқығы жоқ адамға көлікті беру деректері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды», – деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ ведомство өкілдері кәмелетке толмаған жасөспірімнің заңды өкілдері бала тәрбиесі мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.

«Жүргізуші куәлігінсіз, оның ішінде кәмелетке толмағандардың көлік басқаруы – заңды өрескел бұзу. Бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін», – деп ескертті полиция.

Барлық жаңалық