Ырғыз аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Медет Бердалин 9 млн теңге айыппұл төлейді. Ол сотта пара алғанын мойындап, келісімге келді, деп хабарлайды ozgeris.info.
Ырғыз аудандық сотында жер қатынастар бөлімінің басшысы Медет Бердалинге қатысты іс қаралды. Сот кабинетіндегі іс материалына сүйенсек, биыл тамыз айында Нұра ауылдық округінің тұрғыны әрі шаруа қожалығының басшысы шабындық сұрап, жер қатынастар бөліміне барды. 1 айға жалға беруін өтініп, Медет Бердалинмен жолыққан. Ал сотталушы нақты қай жерді сұрап тұрғанын, оның бос немесе өзгенің уақытша меншігінде екенін анықтау үшін кабинетінде емес, Ақтөбе қаласында ақылдасуды жөн көреді. Сөйтіп арада бірнеше күн өткенде облыс орталығындағы техникалық қызмет көрсету орталығында жүздеседі. Өтінішті жер комиссиясына шығарып, өзінің ықпал етуі үшін 300 000 теңге пара сұрайды. Шаруа сұраған соманы бірден аудара алмайтынын, күтуін өтінеді.
Қыркүйек айының басында сотталушы жәбірленушіге әйелінің ұялы байланыс нөмірін жіберіп, кейін ауылда кездеседі. Ырғыз аудандық сотында жер қатынастар бөлімінің басшысы Медет Бердалин қайта-қайта ақша туралы айта берген соң жәбірленуші Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне пара талап ету фактісі бойынша жазбаша арыз жазғаны туралы айтылды. Келісім бойынша 200 000 теңгені бөлім басшысының әйелінің атына аударады. Өз кезігінде сотталушы жер телімін бөлу туралы өтінішті қарап, көмек көрсетеді. Тіпті құжаттары дайын болғанша сол жерден шөп шабуға рұқсат берген. Ал қазан айында жәбірленуші шаруа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінің бақылауымен қалған 100 00 теңгені аударады. Сотталушы Медет Бердалин басты сот талқылауында тағылған айыпты толық мойындады. Қылмыстық іс қысқартылған тәртiпте қаралды, сот сотталушыдан жауап алумен ғана шектелді.
— Медет Бердалин Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған алған параның 30 еселенген сомасын, яғни, 9 000 000 теңге мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалсын. Мемлекеттік қызметте, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынсын, — деді судья Р.Кыдыралин.