Қазақстанда өңірлердің даму деңгейі көбіне жаңадан салынған мектептер, ауруханалар, жолдар, спорт кешендері мен инженерлік нысандардың санымен өлшеніп келеді. Жаңа ғимараттың лентасын қиып, пайдалануға берілген нысандардың санын есепке қосу оңай. Алайда сол инфрақұрылымды бес, он немесе жиырма жылдан кейін кім және қандай қаражатқа күтіп ұстайды деген мәселе әлдеқайда сирек көтеріледі, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты POVestka телеграм арнасына сілтеме жасап.
Бұл тек Қазақстанға тән құбылыс емес. Халықаралық тәжірибеде мұндай тәсіл «capital bias», яғни күрделі капиталдық салымдарға басымдық беру деп сипатталады. Оның мәні қарапайым: жаңа нысан салу көзге көрінеді, саяси және қоғамдық тұрғыдан тиімді нәтиже ретінде қабылданады, ал бұрыннан бар инфрақұрылымды күтіп ұстау, жөндеу, жабдықтарын жаңарту секілді күнделікті шығындар көп жағдайда екінші қатарға ығысады.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) да инфрақұрылымды басқаруда жаңа инвестицияларға шамадан тыс басымдық беру қолданыстағы активтерді пайдалану мен техникалық қызмет көрсету мәселелерін назардан тыс қалдыру қаупін туғызатынын атап өтеді. Қазіргі заманғы инфрақұрылымдық саясаттың логикасы нысанды салуға кететін бастапқы қаржыны ғана емес, оның бүкіл қызмет ету мерзіміндегі шығынын алдын ала есептеуді талап етеді.
Қазақстан үшін бұл мәселе ерекше өзекті.
Жаңа нысанды салу оңай, ал оны ондаған жыл бүлдірмей ұстау қиын
Әкімдіктердің жылдық есептеріне назар аударсақ, тұрғын үйдің қанша шаршы метрі пайдалануға берілгені, қанша шақырым жол жөнделгені, неше мектеп, спорт кешені немесе медициналық нысан салынғаны егжей-тегжейлі айтылады.
Бұл көрсеткіштердің маңызы жоқ деген сөз емес. Керісінше, халық саны өсіп, қалалар кеңейіп жатқан жағдайда жаңа инфрақұрылым қажет. Мәселе – құрылыс аяқталғаннан кейін нысанның өмірлік циклі басталатынын ескеруде.
Мәселен, жаңа мектеп салынса, оны жыл сайын жылыту, жарықтандыру, сумен қамтамасыз ету, жөндеу, күзету, тазалау, жабдықтарын жаңарту қажет. Жаңа ауруханаға ғимараттың өзі ғана жеткіліксіз – қымбат медициналық аппараттар, техникалық қызмет, дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері керек. Жаңа жол да бірнеше жылдан кейін жөндеуді қажет етеді.
Демек, мемлекеттің әрбір жаңа нысаны болашақ бюджет үшін жаңа міндеттеме болып саналады.
Сондықтан дамыған инфрақұрылымдық жоспарлауда «салу қанша тұрады?» деген сұрақпен қатар «оны 20-30 жыл пайдалану қанша тұрады?» деген сұрақ қойылады.
Қазақстанда дәл осы екінші сұрақ көп жағдайда қоғамдық талқылаудан тыс қалып қояды.
Ескі инфрақұрылымның мәселесі құрылыс статистикасынан күрделірек
Жаңа нысан салуға қызығушылық жоғары болғанымен, бұрыннан жұмыс істеп тұрған жылу, су, электр және кәріз желілерін жаңғырту мәселесінде жағдай басқаша.
Мұндай жобалар көзге бірден көріне бермейді. Жер астындағы құбырды ауыстыру немесе қосалқы стансаны жаңғырту жаңа сарай немесе спорт кешенін ашқандай қоғамдық әсер тудырмауы мүмкін.
Бірақ тұрғындардың күнделікті өміріне әсері әлдеқайда маңызды.
Қыстың ортасында жылу жүйесінің істен шығуы, су құбырының жарылуы, электр желісінің шамадан тыс жүктемеге төтеп бере алмауы – ондаған жыл бойы кейінге шегерілген инфрақұрылымдық мәселелердің салдары болуы мүмкін.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда қолға алынған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының маңызы зор.
Жоспар бойынша 2029 жылға дейін салаға 13 трлн теңге инвестиция бағытталып, 84 мың шақырым инженерлік желіні жаңғырту көзделген. Нәтижесінде желілердің орташа тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Тек 2026 жылдың өзінде 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеуге 1,1 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Ал мақұлданған қарыздық қаржыландыру көлемі 625 млрд теңгеге жетеді.
Бұл жерде бір маңызды ерекшелік бар: жоба республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыруға негізделмеген. Өңірлерге ұзақ мерзімді және арзандатылған қарыз қаражатын пайдалану мүмкіндігі ұсынылып отыр.
Яғни орталық билік «жобаны дайындап береміз, қаржыны да толығымен береміз» деген бұрынғы модельден біртіндеп алыстап, әкімдіктерден өздерінің бастамашыл болуын талап ете бастады.
Ал осы тұста өңірлік басқарудың әлсіз тұстары көріне түсті.
Кей әкімдіктердің асықпауына не себеп?
28 шілдеде өткен Үкімет отырысында Шымкент қаласы, Алматы және Ұлытау облыстарының бұған дейін бекітілген жоспарлардан қалып отырғаны белгілі болды.
2027 жылға дайындық барысында да өңірлер арасындағы айырмашылық байқалды. Абай облысы 26 жоба ұсынса, Қостанай, Ақтөбе және Ұлытау облыстары 4,1–11,7 млрд теңге көлеміндегі өтінімдермен рейтингтің соңында қалған.
Осыған байланысты әкімдіктерге келесі жылға арналған жобаларды алдын ала дайындау қажеттігі айтылды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Үкімет басшысы Олжас Бектеновпен диалогы да осы мәселенің мәнін анық көрсетті. Өңір басшысы жұмыстың кешеуілдеуін конкурстық рәсімдермен және энергетикалық компанияның әрекетімен түсіндірген кезде Премьер-министр:
«Сізді тыңдасақ, сізден басқаның бәрі кінәлі», – деп жауап берді.
Бұл бір ғана өңірге қатысты ескерту ретінде емес, қалыптасқан басқару мәдениетіне қатысты мәселе ретінде қарастыруға болады.
Өйткені ұзақ уақыт бойы жергілікті атқарушы органдар республикалық орталықтан тапсырма, бағдарлама және қаржы күтуге бейімделді. Орталық бағдарлама қабылдайды, қаржы бөледі, көрсеткіш белгілейді, ал өңір оны орындайды.
Қазір бұл модель біртіндеп өзгеріп жатыр.
Ақша да, мүмкіндік те біртіндеп өңірлерге беріліп келеді
Әкімдіктердің белсенділігінің төмендігін тек өкілеттіктің немесе қаржының жетіспеуімен түсіндіру қиындай түсті.
Қазақстанда бірнеше жылдан бері фискалдық орталықсыздандыру жүріп жатыр. 2020-2025 жылдар аралығында республикалық деңгейден жергілікті бюджеттерге алты салықтық және салықтық емес түсім берілді. Олардың арасында шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы да бар.
Осы кезең ішінде шағын және орта бизнестің корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджеттерге шамамен 6,76 трлн теңге кіріс әкелді.
Өңірлердің қаржылық ауқымы да айтарлықтай ұлғайып отыр. 2026 жылы жергілікті бюджеттердің кірісі 10,7 трлн теңге көлемінде болжанса, 2028 жылға қарай оның 13,3 трлн теңгеге жетуі күтіледі.
Әрине, мұны әкімдіктер толық қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізді деп түсінуге болмайды. Өңірлер шығысының елеулі бөлігі әлі де республикалық бюджетке тәуелді. Мәселен, 2026 жылдың алғашқы жартысының өзінде республикалық бюджеттен берілген субвенциялар 3 трлн теңгені құрады.
Дегенмен бұрынғы кезеңмен салыстырғанда әкімдіктердің өз бетінше шешім қабылдау мүмкіндігі кеңейіп келеді.
Ендігі мәселе – сол мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдалана алатынында.
Өкілеттік беру – автоматты түрде бастамашылдық тудырмайды
Өкілеттік алуды тек қаржыны республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке ауыстыру деп қабылдау жеткіліксіз.
Шынайы орталықсыздандыру кезінде әкімдік өз аумағының бес немесе он жылдан кейін қандай болатынын жоспарлай алуы керек.
Қай ауданда электр қуатының тапшылығы пайда болады? Қай қалада су желісінің өткізу қабілеті жеткіліксіз болады? Қай елді мекенде халық саны артып, жаңа мектеп қажеттілігі туындайды? Қандай жолдар жүк тасымалы көбейген жағдайда қосымша жүктемеге шыдамайды?
Мұндай сұрақтарға орталық министрліктерден бұрын жергілікті билік жауап іздеуі тиіс.
Себебі өңірдегі нақты жағдайды әкімдік жақсы білуі керек.
Алайда басқару мәдениеті ұзақ уақыт орталықтандырылған жүйеде қалыптасқан кезде өкілеттік пен қаржыны беру бір күнде бастамашылдық қалыптастырмайды. Бұрын тапсырманы орындауға бейімделген аппарат енді мәселені өзі анықтап, техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеп, қаржыландыру моделін таңдап, инвестор немесе несие көзін тауып, жобаның ұзақ мерзімді тиімділігін есептеуі керек.
Бұл – басқарудың мүлде басқа деңгейі.
Әкімдердің жұмысы салынған ғимарат санымен ғана өлшенбеуі керек
Мәселенің тағы бір жағы – әкімдердің қызметін бағалау жүйесі.
Егер өңір басшысының нәтижесі негізінен қанша жаңа нысан салынғанымен бағаланса, әкімдіктің жаңа құрылысқа басымдық беруі заңды.
Ал егер бағалау кезінде қолданыстағы инфрақұрылымның тозуы, апаттар саны, коммуналдық қызметтің үздіксіздігі, жөндеу шығындары, энергия тиімділігі және нысандардың нақты жүктемесі есепке алынса, басымдықтар да өзгереді.
Мысалы, жаңа қазандық салу әрдайым ескі жылу жүйесін толық жаңғыртудан тиімді болмауы мүмкін. Жаңа әлеуметтік нысан тұрғызғаннан гөрі бұрынғы ғимаратты күрделі жөндеп, заманауи жабдықпен қамтамасыз ету арзан әрі нәтижелі болуы ықтимал.
Сондықтан мемлекеттік инвестицияның тиімділігін «қанша ақша игерілді?» немесе «қанша нысан пайдалануға берілді?» деген екі көрсеткішпен ғана бағалау жеткіліксіз.
Негізгі сұрақ – салынған немесе жаңғыртылған инфрақұрылым халыққа қаншалықты ұзақ әрі сапалы қызмет етеді?
«Салдық – ұмыттық» қағидасынан арылатын уақыт келді
Инфрақұрылымдық саясаттағы ең қауіпті тәсілдердің бірі – нысанды салғаннан кейін оның кейінгі тағдырын екінші орынға ысыру.
Өйткені инфрақұрылымның нақты құны құрылыс аяқталған күні емес, бүкіл қызмет ету кезеңінде қалыптасады.
Бүгін үнемделген жөндеу қаражаты ертең бірнеше есе көп шығынға айналуы мүмкін. Уақытында ауыстырылмаған құбыр апатқа әкеледі. Жаңартылмаған электр желісі жаңа кәсіпорындарды қосуға мүмкіндік бермейді. Күтімі нашар жол логистикалық шығынды көбейтеді.
Сондықтан профилактикалық жөндеу көбіне апаттан кейінгі қалпына келтіруден тиімді.
Осы тұрғыдан қарағанда, коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту – жай ғана техникалық мәселе емес. Бұл өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететін фактор.
Инвестор зауыт салмас бұрын электр қуатының тұрақтылығына, суға, жолға, кәріз жүйесіне және логистикаға қарайды. Демек, ескі желілерді жаңарту жаңа өндірістер тартудың да алғышарты.
Өңірлер арасындағы бәсеке жобалардың сапасымен өлшенуі тиіс
Алдағы кезеңде облыстар инвестиция көлемі немесе құрылыс саны бойынша ғана емес, дайын жобаларының сапасы бойынша да бәсекелесуі қажет.
Бір өңір 20-30 жақсы әзірленген инфрақұрылымдық жобамен келіп, екіншісі орталықтың тапсырмасын күтіп отырса, бірнеше жылдан кейін олардың даму қарқынының айырмашылығы айқын сезіледі.
Өйткені инвестициялық жоба бір күнде пайда болмайды. Оған зерттеу, жобалау, жер мәселесін шешу, инфрақұрылымдық қажеттілікті есептеу, қаржыландыру көздерін анықтау және тиісті құжаттарды әзірлеу қажет.
Сондықтан 2027 жылы іске асатын жобаны 2027 жылы ойластыру кеш болуы мүмкін.
Өңірлік басқарудың жаңа моделі әкімдіктерден кем дегенде бірнеше жыл алға қарауды талап етеді.
Келесі кезең – жауапкершілік
Қазақстан соңғы жылдары жергілікті бюджеттердің кіріс базасын кеңейтіп, өңірлерге жаңа қаржылық мүмкіндіктер беріп келеді. Бұл – орталықсыздандырудың маңызды бөлігі.
Бірақ ақша мен өкілеттікті беру жеткіліксіз.
Егер әкімдік бұрынғыдай жоғарыдан тапсырма күтетін болса, формалды орталықсыздандыру нақты экономикалық дербестікке айналмайды.
Сондықтан ендігі кезеңде «өңірлерге қанша өкілеттік берілді?» деген сұрақтан «өңірлер сол өкілеттікті қаншалықты тиімді пайдаланып жатыр?» деген сұраққа көшу маңызды.
Әкімдіктердің міндеті республикалық бағдарламалардың жергілікті орындаушысы болумен шектелмеуі керек. Олар өз аумағының экономикалық стратегиясын қалыптастырып, болашақ тәуекелдерді алдын ала анықтап, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды өздері ұсынатын деңгейге жетуі қажет.
Өйткені өңірдің мәселесін Астанадан берілген кезекті тапсырмадан кейін ғана шешу – реактивті басқару. Ал мәселе туындамай тұрып оның алдын алу – стратегиялық басқару.
Қазақстандағы инфрақұрылымдық саясаттың келесі кезеңі дәл осы өзгеріске байланысты болмақ. Жаңа нысандар салу жалғаса береді. Бірақ ендігі жерде оның саны ғана емес, сапасы, қажеттілігі, қызмет ету мерзімі және оны ұстауға кететін болашақ шығын да есепке алынуы тиіс.
Ең бастысы, әкімдіктерге берілген қаржы мен өкілеттік нақты бастамаға айналуы қажет. Себебі орталықсыздандырудың шынайы нәтижесі орталықтың қанша құзыретін бергенімен емес, өңірлердің сол мүмкіндікті пайдаланып, өз болашағын қаншалықты дербес жоспарлай алғанымен өлшенеді.