Қазіргі әлемде қауіптің сипаты түбегейлі өзгерді. Бұрын мемлекет қауіпсіздігі дегенде шекара күзеті, әскери техника немесе қару-жарақ қана айтылатын. Бүгінде оған киберқауіпсіздік, ақпараттық шабуыл, цифрлық алаяқтық, жалған ақпарат тарату және жасанды интеллект технологиялары қосылды. Мұндай жағдайда әскери ортадағы заңдылық пен құқықтық тәртіптің маңызы бұрынғыдан да артып отыр. Ішкі істер министрлігі Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасы Ақтөбе бөлімінің тергеушісі, әділет капитаны Хайрбай Айдос Рысбекұлымен әскери тергеу органдарының қоғамдағы рөлі, әскери қылмыстардың сипаты, цифрлық даму, жасанды интеллект және әскери қауіпсіздіктің жаңа талаптары туралы сұхбаттасқан едік.
– Айдос Рысбекұлы, әскери тергеу басқармасының қоғамдағы рөлі қандай? Бұл құрылым нақты қандай міндет атқарады?
– Әскери тергеу басқармасы – әскери ортадағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін аса маңызды құқық қорғау органы. Біздің негізгі міндетіміз әскери бөлімдерде, қорғаныс саласында және әскери қызмет барысында орын алған құқық бұзушылықтарды анықтау, тергеу және олардың алдын алу. Бірақ көпшілік кейде әскери тергеу қызметін тек қылмыстық істермен байланыстырып жатады. Шын мәнінде біздің жұмысымыз әлдеқайда ауқымды. Біз әскери ортадағы тұрақтылықты сақтауға, әскери тәртіпті нығайтуға, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауға, қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға да жұмыс істейміз.
Әскери сала – мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін стратегиялық жүйе. Сондықтан мұнда заңдылықтың сақталуы өте маңызды. Егер әскери бөлімдерде тәртіп әлсіресе немесе құқық бұзушылық көбейсе, бұл тек бір ұжымның мәселесі болып қалмайды. Оның салдары тұтас қорғаныс жүйесіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан әскери тергеу органдарының жұмысы тек құқықтық емес, мемлекеттік маңызы бар қызмет деп айтуға болады. Біз әскери ортада заң үстемдігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға да үлес қосамыз.
– Әскери тергеу басқармасының негізгі бағыттарына жеке тоқталсақ.
– Біріншіден, заңдылық пен құқықтық тәртіп орнату. Әскери бөлімдер мен қорғаныс саласында орын алған қылмыстарды анықтап, заң талаптарына сәйкес тергеу жүргізу біздің басты міндеттеріміздің бірі. Екіншіден, әскери тәртіпті нығайту. Әскери жүйе тәртіпке негізделген. Әскери қызметшілер арасындағы жауапкершілік пен тәртіп әлсіресе, бұл жауынгерлік дайындыққа да әсер етуі мүмкін. Сондықтан құқық бұзушылықтардың алдын алу әскери ұжымдағы тұрақтылықты сақтауға көмектеседі. Үшіншіден, мемлекет қауіпсіздігін қорғау. Қарулы күштердегі заңсыз әрекеттердің жолын кесу арқылы біз елдің қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосамыз. Төртіншіден, сыбайлас жемқорлықпен күрес. Әскери саладағы қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану, парақорлық немесе басқа да жемқорлық құқық бұзушылықтары мемлекет қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Бесіншіден, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау. Әскери қызмет барысында заңсыз әрекеттерге ұшыраған азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау біздің міндетіміз. Алтыншы маңызды бағыт – қоғам сенімін қалыптастыру. Әділ әрі заңға сай тергеу жүргізу арқылы құқық қорғау органдарына деген сенім күшейеді.
– Қазір әскери қылмыстардың сипаты өзгеріп жатыр ма?
– Иә, қазір құқық бұзушылықтардың сипаты өзгеріп келеді. Бұрын әскери қылмыс дегенде көбіне жарғылық қатынастар, тәртіп бұзу немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану айтылатын. Қазір оған цифрлық қауіпсіздік, интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылықтар, ақпараттық шабуылдар қосылды. 2025 жылғы мәліметтер бойынша Қазақстанда жалпы қылмыс деңгейі шамамен 7-13 пайыз аралығында төмендегені айтылды. Кейбір әскери құқық бұзушылықтарда өсім байқалады. Мысалы, жарғылық қатынастарды бұзу фактілері 66 пайызға артқаны туралы мәліметтер болды.
Сондықтан «әскери қызметшілер арасындағы қылмыстық істер нақты қанша пайызға қысқарды?» деген сұраққа біржақты жауап беру қиын. Себебі барлық әскери қылмыстар бойынша бірыңғай ашық статистика жариялана бермейді. Кей бағыттарда төмендеу болса, кейбірінде өсім бар. Бұл жерде бір нәрсені түсіну маңызды: әскери құқық бұзушылықтардың табиғаты күрделі. Оған құқықтық қана емес, психологиялық, әлеуметтік және тәртіптік факторлар әсер етеді. Сондықтан біздің жұмыс тек қылмысты тергеумен шектелмейді. Біз профилактикалық жұмыстарға да ерекше көңіл бөлеміз. Әскери қызметшілер арасында құқықтық сауатты арттыру, тәртіп мәдениетін қалыптастыру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды.
– Бүгінде цифрлық қауіпсіздік мәселесі ерекше өзекті болып отыр.
– Қазіргі әлемде ақпарат стратегиялық ресурсқа айналды. Сондықтан киберқауіпсіздік мәселесі әскери сала үшін аса маңызды. Бүгінде әскери құрылымдарға қарсы кибершабуылдар көбейді. Ақпаратты заңсыз тарату, жалған мәліметтер, цифрлық алаяқтық, құпия ақпараттарды ұрлау сияқты әрекеттер ұлттық қауіпсіздікке әсер етеді. RAND Corporation, НАТО-ның Киберқорғаныс орталығы секілді халықаралық зерттеу ұйымдары әскери инфрақұрылымдарға бағытталған кибершабуылдардың айтарлықтай артқанын бірнеше рет мәлімдеді. Қазір көптеген дәлел электронды форматта сақталады. Телефон, мессенджер, сервер, бейнебақылау жүйелері – бәрі тергеудің маңызды бөлігіне айналды. Сондықтан қазіргі тергеуші тек заңды білумен шектелмеуі керек. Ол цифрлық технологияларды, ақпараттық қауіпсіздік негіздерін, электронды жүйелермен жұмыс істеуді де меңгеруі қажет.
– Жасанды интеллект технологиялары құқық қорғау саласына қалай әсер етеді?
– Жасанды интеллект қазір көптеген салаға еніп жатыр. Құқық қорғау жүйесі де бұл өзгерістен тыс қалмайды. Бүгінде әлемде жасанды интеллект бейнежазбаларды талдау, күмәнді әрекеттерді анықтау, үлкен көлемдегі ақпаратты саралау бағытында қолданылып келеді. Мысалы, predictive policing деген ұғым бар. Бұл – құқық бұзушылық тәуекелдерін алдын ала анықтауға арналған технологиялық жүйе. Сонымен қатар digital forensics, яғни, цифрлық криминалистика бағыты қарқынды дамып жатыр. Қазір көптеген дәлел электронды құрылғыларда сақталады. Сондықтан тергеу тәсілдері де өзгеруде.
Бірақ қандай технология келсе де, заң мен әділдік бірінші орында қалуы керек. Жасанды интеллект ешқашан адамның орнын толық алмастырмайды. Ол – көмекші құрал ғана. Себебі тергеу барысында адам тағдыры қаралады. Сондықтан соңғы шешімді әрдайым адам қабылдайды.
– Қазіргі жастардың әскери қызметке көзқарасы әртүрлі. Әскери ортадағы құқықтық мәдениетті қалай күшейтуге болады?
– Ең алдымен құқықтық сауатты арттыру қажет. Әскери қызметші өз құқығы мен міндетін жақсы білуі керек. Сонымен қатар әскери ортада өзара құрмет, жауапкершілік және тәртіп мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Қазіргі жастар ақпаратты жылдам қабылдайды. Сондықтан құқықтық түсіндіру жұмыстары да заманға сай болуы керек. Цифрлық платформалар, жаңа технологиялар, ақпараттық жүйелер бұл бағытта үлкен рөл атқарады. Біз заңды тек жазалау құралы ретінде емес, тәртіп пен тұрақтылықтың негізі ретінде түсіндіруіміз керек.
– Болашақта әскери тергеу саласы қалай өзгереді деп ойлайсыз?
– Болашақта әскери тергеу саласы технологиялық бағытқа көбірек бейімделеді деп ойлаймын. Цифрлық сараптама, автоматтандырылған талдау жүйелері, жасанды интеллект құралдары кеңінен қолданылады. Бірақ қандай өзгеріс болса да, негізгі құндылық өзгермеуі керек. Ол – заң, әділдік және адам құқығы. Әскери тергеу басқармасының басты міндеті де осы: әскери ортадағы құқықтық тәртіпті сақтау, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғам сенімін нығайту.
– Әңгімелескеніңізге рақмет!