«Немолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің сөзінше, Қызылорда облысында 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Дина Таңсәрі 16 жастағы оқушыны сыныптастары ақпаннан бастап туыстарымен жезөкшелікке сатқанын, қыз — бір үйдің жалғызы екенін айтты.
«Ол ақпаннан бастап жоғалып кете бастаған, ата-анасы полицияға, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға іздеу үшін жүгінген, бірақ олар қызды іздемеген, ол аз болғандай ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытқан, қорыққан ата-ана қыздарын өздері іздеген», — деді ол.
«Немолчи» қорының жетекшісі ұсынған мәліметке сүйенсек, қыз ауық-ауық байланысқа шығып, видеомен хабарласып, кафеде даяшы немесе гүл сататын дүкенде сатушы болып жұмыс істейтінін айтқан. Ата-анасы айтылған жерге барғанда, ол жақтағылар қыздың жай ғана видео түсіріп, кетіп қалғанын жеткізген. Қыздың сөзінше, ата-анасы шу шығармас үшін оны осылай жасауға мәжбүрлеген.
«Ақпаннан бастап ол мектептегі сабағына қатыспаған, кейде ата-анасына жіберіп тұрған кезде ғана сабаққа барып жүрген. Директор мұғалімдермен бірге қызға психологиялық тұрғыдан қысым жасай берген», — деді Дина Таңсәрі.
Қоғам белсендісінің сөзіне сүйенсек, қыздың сыныптастары туыстары Астанадан екенін, ол жақта «крышалары» барын, тіпті қызға ата-анасын өлтіретінін айтып қорқытқан.
«Қыз ата-анасы үшін қорыққан, өйткені ол бұл адамдардың қауіпті екенін білген. Оған үнемі есірткі беріп, зорлаған. Бұл туралы бәрі білген, қыздың ата-анасы мұғалімдер мен мектеп директоры, учаскелік полицей білетініне де сенімді. Кеше мұның бәрі ашылды. Өйткені олар қыздан үлкен сомада ақша сұраған, ал бұл соманы таппаса, шашын, қастарын қырып тастайтынын айтқан. Қыз ақшаны Instagram-дағы досынан сұрауды ұйғарған, ал досы шыдай алмай, қыздың ата-анасына мән-жайды хабарлаған.
Шын мәнінде жағдай адамшошитындай болып шықты, қызды азаптап, мефедронды күштеп қабылдауға мәжбүр еткен, тұншықтырып, балқытылған пакеттермен күйдіріп, қорлаған, жезөкшелікпен айналысатын әйелдердің сайтына тіркеп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр етіп, ақшасын алып жүрген», — деді «Немолчи» қорының жетекшісі.
Дина Таңсәрінің айтуынша, Қызылорда полициясы тергеу жүргізіп жатыр, күдіктілер ұсталған.
Оқиғаға қатысты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті пікір білдірді.
«Бүгін аймақтық бала құқықтары жөніндегі уәкіл зардап шеккен қызбен және оның отбасымен кездесті. Қазіргі уақытта облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары оған қажетті психологиялық және медициналық көмек көрсетуде. Құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізуде. Сондай-ақ, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Аталған жағдай ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қатаң бақылауында», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ Қызылорда облысы ПД тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын растады.
ПІКІР ЖАЗУ