Астана қаласы

Астана неге арабтардың инвестициясына мұқтаж?

Астана халықаралық әуежайы – еліміздің әуе қақпасы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанды өңірлік көлік хабына айналдыру жолындағы стратегиялық нысан. Соңғы жылдары әуежай үлкен өзгерістер мен серпінді даму кезеңіне қадам басты. Біріккен Араб Әмірліктерінің инвестициясы мен басқару тәжірибесі нәтижесінде қаржылық жағдай жақсарып, жолаушылар саны артты, ал болашаққа арналған жоспарлар тіптен ауқымды. Енді бұл серпінге күмәнмен емес, мүмкіндік ретінде қарау қажет дейді сарапшылар. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.

2023 жылдың қарашасында Астана әуежайын Біріккен Араб Әмірліктерінің басқарушы компаниясы өз қарауына алды. Бұл шешім қаржылық тұрғыдан да, стратегиялық жағынан да маңызды қадам болды. Сол жылы әуежайдың шығыны 14 миллиард теңгеден асып кеткен болатын. Бірақ инвесторлар келесі жылы-ақ жағдайды түбегейлі өзгертті.

2024 жылы әуежай алғаш рет 790 миллион теңге кіріс көрсетті. Мұндай нәтиже бірнеше тиімді өзгерістердің арқасында мүмкін болды: коммерциялық кеңістікті тиімді пайдалану, заманауи басқару жүйелерін енгізу, жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру, автоматтандырылған бақылау-өткізу пункттері және транзиттік жолаушылар үшін қолайлы әрі ашық жағдай жасау. Сонымен қатар, жалға алушылармен қарым-қатынас жүйесі де қайта қаралып, барлығы тиімдірек жұмыс істей бастады.

Осының нәтижесінде, жолаушылар ағыны 2023 жылғы 7,5 миллионнан 2024 жылы 8,3 миллионға дейін артты.

Осы алғашқы табысқа сүйене отырып, инвесторлар Астана әуежайын дамытуға арналған кешенді бағдарламаны іске қосу туралы шешім қабылдады. Бұл бағдарлама 25 жылға арналған және оның аясында 153 миллиард теңге көлемінде тікелей инвестиция салынады. Бұдан бөлек, үшінші тараптардан тағы 393 миллиард теңгеге дейін жанама инвестициялар тарту жоспарланған.

Қаржы негізгі инфрақұрылымды жаңартуға бағытталады. Ең алдымен, ұзындығы 3,5 км болатын жаңа ұшу-қону жолағы салынады. Бұл әуежайдың өткізу қабілетін едәуір арттырып, бір уақытта бірнеше операция жүргізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Т2 терминалы кеңейтіліп, жаңа халықаралық Т3 терминалының құрылысы басталады. Бұл 2033 жылға қарай жолаушылар ағынын жылына 15 миллионға, ал 2053 жылға қарай 30 миллионға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Жүк тасымалы да назардан тыс қалмайды. Қазіргі 12 мың тоннадан 130 мың тоннаға дейін жеткізу көзделуде. Осы мақсатта жүк терминалы жаңғыртылып, заманауи логистикалық технологиялар енгізіледі.

Сонымен қатар, жанар-жағармай құю кешенінің аумағы 5,2 гектардан 11,6 гектарға дейін ұлғайтылады. Бұл өсіп жатқан рейстерге үздіксіз қызмет көрсету үшін қажет.

Бұдан бөлек, әуежай маңында Aero City атты инновациялық көпфункционалды кластер құрылмақ. Бұл жерде қонақ үйлер, іскерлік және сауда орталықтары, көрме және конференц-залдар орналасады. Мұндай жоба тек әуежайдың тартымдылығын арттырып қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақ экономикасының дамуына серпін береді.

«Қазақстанның болашақтағы мақсаты — өңірлік жүк хабына айналу. Қазір бұл бағытта Өзбекстан да белсенді жұмыс істеуде. Сондықтан, кім бірінші үлгереді, соның жолы болады. Бұл бәсекеде Қазақстан уақыт оздырмауы керек», - дейді экономист Айбар Олжаев.

Алайда арабтардың инвестициясына қарсы шыққандар да табылып жатыр. Мұндай көзқарасты сарапшы «нонсенс» деп қабылдап отыр. Өйткені Біріккен Араб Әмірліктері саяси шарт қоймайтын, тек пайдасын көздейтін инвестор. Олар инфрақұрылымды жаңартып, халықаралық стандарттарға сай етеміз деп отыр. Қарсыласудың орнына, мұндай мүмкіндікті пайдалану керек.

«Қазір әлемде инвестиция тарту оңай емес. Сондықтан, қаржы құямыз деп тұрғандарды құшақ жая қарсы алу қажет. Уақыт өткен сайын инфрақұрылым тозады. Ұшу-қону жолақтары да ескіріп барады. Мұндай ауқымды жаңарту көп қаражатты талап етеді. Оның үстіне, өзбектер де қарап отырған жоқ. Ташкент әуежайын өңірлік хабқа айналдыруға күш салып жатыр.

Егер бүгін инвестиция қабылдап, әуежайымызды жаңғыртпасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араб инвесторларымен келіссөздер жүргізіп, келісімге қол жеткізді. Осындай тарихи сәтте, дайын инвестициядан бас тарту – болашақтан бас тартумен тең», - деп пікір білдірді Айбар Олжаев.

Барлық жаңалық