Ұлыбритания мен Швейцариядағы құқық қорғау органдарына атышулы Әлия Назарбаеваның «рэкетпен» айналысқанын дәлелдейтін материалдар жолданды, деп хабарлады Каз Таг. Бұл туралы Әшкере Telegram арнасы жазды.
Кәсіпкерлер Нұрлан Бимурзин мен Медғат Қалиев айтуынша үшбу хат британ парламентінің мүшесі Мәргарет Ходж бен Швейцарияның Бас прокуроры Стефан Блаттлердің атына бағытталған.
Кәсіпкерлер Назарбаева әулетінің шетелде жинаған активтеріне қатысты дәлел-айғақтарды осы елдердің тергеушілері мен прокурорларына ұсынбақ ниетте.
Лейбористер партиясының өкілі Ходж Қазақстан элитасының, соның ішінде Назарбаев әулетінің «миллиардтаған долларды шетелге заңсыз тасып, Британ жерінде қымбат жылжымайтын мүлік пен басқа да активтерді заңдастырып алғанын» айтқан.
Кәсіпкерлердің пікірінше, әулеттің активтері тек Ұлыбританияда емес, Швейцарияда да болуы мүмкін. Авторлар бұл елде Әлияға тиесілі банк есепшоттары барын алға тартып отыр.
«Әлия әкесінің атын пайдаланып талай табысты компанияларды рейдерлік жолмен тартып алды. Күштік органдардың көмегімен «ақша мен мүлікті заңсыз иемдену» әрекетін жүзеге асырды. Бұл істің халықаралық деңгейде тергелуін сұраймыз. Кез келген тергеуші мен прокурордың алдында жауап беруге дайынбыз. Әлияның жеке өміріне қол сұқпаймыз, тек заңсыз қаржы транзакциялары мен рейдерлік іс-әрекеттер туралы деректерді жария етеміз», — дейді бизнесмендер.
Хатта Назарбаевтың өзге де жақындары (екінші және үшінші әйелі, туыстары, күйеу балалары мен олардың көңілдестері) туралы да мәлімет бар.
Кәсіпкерлердің атап өткеніндей Әлияның былық-шылығы Әміриканың да назарын аударып отыр. Арыз АҚШ-тағы құқық қорғау органдарында тіркеуде тұр. Кәсіпкерлер алдымен Еуропа елдеріндегі тергеу әрекеттеріне қатысып, кейін Әмірикаға аттанбақ.
«Ескі Қазақстаннан» әбден қорлық көрген Бимурзин мен Қалиев «бұл күресті әлемнің әр түкпірінде жалғастырамыз» деп отыр.
«Депутаттар Бапи мен Сайыровтың сөзі рас. Бизнес-секторда әулеттен, Әлиядан жапа шеккен адамдардың саны көп. Әулет мүшелеріне тиіспеу Жаңа Қазақстанның имиджіне кері әсерін тигізеді. Әділетсіз байыған әулеттің былықтарын әшкерелейміз», — дейді бизнесмендер.
Авторлар бұл әрекетті «ақиқатқа жету жолындағы күрес» деп бағалап отыр.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру