Жаңалықтар

Бектенов: Назарбаевтар отбасының активтері бойынша жұмыс жалғасып жатыр

Бектенов: Назарбаевтар отбасының активтері бойынша жұмыс жалғасып жатыр

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өткен брифинг барысында журналист Жания Ұранқаеваның ел ішінде қызу талқыланып жатқан сауалына жауап берді. Журналист қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда әділет орнайды деген үміт болғанын айтып, Назарбаевтар отбасының жауапқа тартылмауы мен активтерді қайтару жұмысының нақты нәтижесі жайлы сұрады деп хабарлайды ozgeris.info сайты Politico.kz сайтына сілтеме жасап

 

«Қаңтар оқиғасынан кейін “әділетті Қазақстан құрамыз” деген уәде айтылды. Бұрынғы президенттің отбасы заңсыз иемденген активтерінен айырылады деп сендік. Бірақ бұл үміт ақталмаған секілді. Қазір олардың ешбірі жазаланбай, бостандықта жүр. Активтер де қайтарылып жатқан жоқ. Сіз бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте жұмыс істедіңіз, қазір Премьер-министрсіз. Айтыңызшы, неге нақты нәтижені көріп отырған жоқпыз?» — деді журналист.

 

Премьер-министр бұл пікірмен келіспейтінін білдіріп, жұмыс кезең-кезеңімен және заң аясында жүріп жатқанын айтты.

 

«Бұл – бір күнде шешілетін мәселе емес. Жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бірқатар адамдар жауапқа тартылды. Қазірдің өзінде қайтарылған активтердің жалпы сомасы 900 миллиард теңгеге жуықтады. Бұл — аз ақша емес. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады», — деді Олжас Бектенов.

 

Алайда журналист Жания Ұранқаева нақты мысал келтіріп, қайта сұрақ қойды:

 

«Сіз айтып отырған адам — Назарбаевтың жиені. Ол тек бірнеше миллиард төлеп, шартты жазамен құтылды. Сонда бұл әділеттілік пе?» — деді ол.

 

Премьер-министр бұл сұраққа қысқаша жауап берді:

 

«Бұл жеткілікті ме, жоқ па — ол субъективті баға. Ең бастысы — заң бұзғандар жауапсыз қалмайды. Барлығы қолданыстағы заңнама аясында бағаланады», — деп қорытындылады Үкімет басшысы.

 

Барлық жаңалық