Германияның ең ірі әуежайларында 10 наурыз күні 24 сағаттық ескерту ереуілі басталды. Әуежай операторларын, жердегі қызметкерлер мен авиациялық қауіпсіздік мамандарын наразылыққа шығуға немістің Ver.di кәсіподағы шақырды, деп хабарлайды Deutsche Welle.
Ереуіл Берлин-Бранденбург, Штутгарт, Кёльн/Бонн, Дюссельдорф, Дортмунд, Мюнхен, Гамбург, Франкфурт, Ганновер, Бремен және Лейпциг/Галле әуежайларын қамтиды. Веце және Карлсруэ/Баден-Баден әуежайларында ереуілге тек жолаушыларды, персоналды, жүктер мен тауарларды тексеретін авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері шақырылған.
Неміс әуежайларының ADV қауымдастығының бағалауынша, ереуіл салдарынан 3400-ден астам рейс тоқтатылып, 510 000 жолаушыға әсер етеді. Кәсіподақ жалақыны 8%-ға, бірақ айына кемінде 350 еуроға көтеруді, ауыр жұмыс үшін қосымша үстемақыларды көбейтуді және қызметкерлерге қосымша демалыс күндерін беруді талап етеді. Ver.di мәлімдемесінде ереуіл шамамен 25 000 қызметкердің еңбек жағдайын жақсарту үшін қажет екені айтылған.
9 наурызда Гамбург әуежайында жердегі қызметкерлердің алдын ала хабарланбаған ереуілі өтті. Әуежай өкілі хабарлағандай, 144 қону және 139 ұшу рейсінен тек таңғы 10 рейс орындалған, қалғандары тоқтатылған. Нәтижесінде 40 000-ға жуық жолаушыға әсер етті.