Енді құмар ойын ойнаған мемлекеттік қызметкерлер жазаланады

Елнур Бейсенбаев
Фото: parlam.kz

Қазақстанда енді құмар ойын ойнаған мемлекеттік және әскери қызметкерлер жазаланады.

Мәжіліс ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қабылдады.

Түзетулерге сәйкес қазақстандықтардың белгілі бір тобына құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салынады.

«Олардың қатарында 21 жасқа толмаған азаматтар, ойын және бәс тігуге қатысуы шектелген, оның ішінде өзін-өзі шектеген (6 айдан 10 жылға дейін), сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіліміне сәйкес өтелмеген міндеттемелері бар тұлғалар кіреді. Бұл қатарда мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері де бар. Олар тыйымды бұзғаны үшін жұмыстан босатылады», — депутат Елнұр Бейсенбаев.

Заңды тұлғалардың құмар ойындарға қатысуына алғашқы үш санатқа рұқсат бергені үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Бұл жағдайда орта кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін – лицензияның қолданылуын тоқтата тұру жазасы қарастырылған.

Сондай-ақ жаңа заңда онлайн-казинолардың қызметін ұйымдастырғандарға қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.

Құмар ойындарға тәуелділікпен күрес туралы заң аясында электронды казино мен онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін заңды тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жаза ретiнде 2000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не 600 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру ұсынылады.

«Букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасы мүмкіндігінше шектелді. Мұнда мен блогерлерге, әлеуметтік медиа әсер етушілеріне букмекерлік кеңселерді жарнамалау және насихаттау енді заңсыз екенін ескерткім келеді», — деді Бейсенбаев.