«Дәптерге 500 рет жазыңыз, бәрі жақсы болады»: Гүлзира Айдарбекова күйеуінен қорлық көргендерге ақыл айтты

Фото: видеодан скрин

Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова күйеуін айтып шағымданған оқырманына кеңес берді, деп хабарлайды ozgeris.info.

Медиа менеджер оқырмандарымен сырласып, тұрмыс тауқыметін көріп жатқан әйелдерге ақыл айтты.

“Күйеуім тырнақ астынан кір іздеп, айқайлай береді. Жылы сөз естімегелі көп болды. Дастарханға қасық қойылмай қалса да, айқай шығарып жібереді. Жасым 42-де. Кейде бір жаққа қашып кеткім келеді. Тыныштықты қалаймын. Жылы сөз естімей өмірден өтіп кететін шығармын. Сіздерге қызығамын. Ел алдында еркелеп жүресіз”, – деп жазды бейтаныс әйел.

Продюсер жан сырын ақтарып отырған әйелді жұбатып, ақыл-кеңесін бөлісті.

“Не айтарымды да білмеймін. Ата-тек жайлы зерттеп көрсеңізші. “Күйеуім пәленшеге және оның тегіне ризамын. Жолдасым сабырлы, бақыттымыз, бай-қуаттымыз, ұрыс-керіссіз өмір сүріп жатырмыз. Қабылдадым ризамын” деп торкөз дәптердің шетінде қызыл жиегінен асырмай 500 рет жазып көріңізші. Күніне 5-6 не болмаса 15-20 реттен жазыңыз. Бәрі жақсы болады. Әйел ақылды болса алмайтын қамалы жоқ. Ренжімеңіз ол кісі қалай, тура солай қабылдаңыз, өзгереді. Ұрыспай жәймен айтып түсіндіріңіз не біреу жайлы айтқандай мысалмен айтып, өз ойыңызды қосып айтып өзгертіп алуға тырысыңыз. Реніш, нала жүрегіңізден кетпесе қиындай түседі. Жүрегіңізден жіберу керек. Әйел қылықты болуы керек, өзіңізге де мән беріңіз, сіз нәзік жан екеніңізді ұмытпаңыз. Бар айтарым осы. Ата-ана бақытты болмаса ұл-қыздары көргенін жасайды оныда ұмытпаңыз, ұрпағыңыз үшін үйренеріңіз көп болсын”, – деп жазды продюсер.