Қоғам

"Өте қауіпті": Covid-19 вирусынан кейін инфаркт пен инсульттен қайтыс болатындар көбейді

COVID-19 індетінен кейін адамдарда инфаркт пен инсультке шалдығу қаупі айтарлықтай артқаны байқалып отыр. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, бұл қауіп ұзақ жылдарға дейін сақталады екен. Әсіресе коронавируспен ауыр халде ауырғандар жүрек-қан тамырлары ауруларына бірнеше есе жиі шалдығады. Вируспен ауырмағандарға қарағанда, COVID-19-бен ауырған адамдарда жүрек пен тамырдың зақымдану ықтималдығы төрт есе жоғары. Оған қоса, мамандар аурудың жасарып жатқанын ескертті. Ozgeris.info тілшісі әлем және елдегі ахуалды зерттеп көрді.

Журналист Нәзия Жоямергенқызы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандықтарды дер кезінде тексерілуге шақырды. Айтуынша, Covid-19 вирусынан кейін инфаркт пен инсульттен қайтыс болатындар көбейген.

«Жиенімді кардиологқа алып келдім. Туғандарымның барлығын дәрігерлерге сүйреп жүрмін. Себебі вирустан кейін инфаркт пен инсульттен қайтыс болатындар көбейді. Бізде ғана емес, бүкіл әлемде. Ал ауру жасарып келеді. Сондықтан дер кезінде тексеріліңіздер», - деп жазды ол.

Әлемдегі жағдай ДҰҰ деректері бойынша, жүрек-қан тамырлары аурулары әлем бойынша өлімнің негізгі себебі болып қала береді. Жыл сайын осы аурудан 18 миллионнан астам адам көз жұмады.
2024 жылы Cleveland Clinic және Оңтүстік Калифорния университеті жүргізген зерттеу COVID-19 жұқтырған адамдарда инфаркт, инсульт немесе өлім қаупі үш жылға дейін екі есе артатынын анықтады. Ауруханаға жатқызылған науқастарда бұл қауіп төрт есеге дейін жоғарылаған.
Американдық жүрек қауымдастығының зерттеуі COVID-19 инфекциясы қан тамырлары қабырғаларын зақымдап, қабыну мен тромбозға әкелетінін көрсетті. Бұл өзгерістер жүрек-қан тамырлары ауруларының ұзақ мерзімді қаупін арттырады.
Ұлыбританиядағы UK Biobank деректерін талдау COVID-19 жұқтырған адамдарда инсульт пен инфаркт қаупі үш жылға дейін жоғары болатынын растады. Бұл қауіп әсіресе A, B немесе AB қан топтары бар адамдарда айқын байқалған.

Сент-Луис қаласындағы Вашингтон университетінің медицина мектебі мен осы қаладағы Ардагерлер денсаулығын қорғау басқармасының ғалымдары алғаш рет COVID-19 індетінен кейін жүрек пен қан тамырларына байланысты аурулардың ұзақ мерзімді қаупін зерттеген үлкен ғылыми жұмыс жүргізген. Олар 150 мыңнан астам адамның медициналық деректерін сараптаған. Коронавируспен ауырғаннан кейінгігі жылдары инсульт алу қаупі 52%-ға, инфаркт қаупі 63%-ға, ал қауіпті тромбтар пайда болу қаупі 2–3 есе өседі екен. Ең алаңдатарлығы бұл қауіп коронавируспен жеңіл формада ауырған адамдарда да бар. Зерттеудің нәтижелері Nature Medicine ғылыми журналында жарияланған.

«Медвестник» басылымы жазғандай, америкалық зерттеушілер коронавирус коронарлық артерияларға еніп, қан тамырларының ішкі қабырғасында жиналатын май, холестерин, кальций сынды тығыз түзілісті қабындыратынын анықтаған. Олар атеросклерозға шалдыққан, бірақ COVID-19 індетінен қайтыс болған 27 егде жастағы адамның мәйітін зерттеген. Зерттеу кезінде вирус артерия қабырғалары мен иммундық жасушаларды зақымдағаны анықталған. Коронавирус барлық үлгіден табылған. Әсіресе атеросклероз енді басталған ошақтарда көбірек анықталыпты.

Ғалымдар коронавируспен сау адамдардың әртүрлі жасушаларын да зерттеген. Барлық жасушалар зақымданған, бірақ майға толы көбік тәрізді жасушалар мен макрофагтарда қабыну одан да күшті екені анықталды. Себебі бұл жасушаларда липидтер көп, сол себепті вирусқа әлсіз болып келеді. Ғалымдар COVID-19 осы зақымданған қан тамырларының ішкі қабырғаларында жиналуы мүмкін деген қорытындыға келді.

Қазақстандағы жағдай 

Қазақстанда бұл жағдайдың салдары анық байқалып отыр. 2023 жылы жүрек-қан тамырлары ауруларымен 1 миллион 808 мыңнан астам адам тіркелген. Ал 2024 жылы олардың саны 1 миллион 855 мыңнан асты. Инфаркт пен инсульт аурулары жасарып келеді дейді мамандар. 2024 жылы 68 мың адам инсульт және кардиология орталықтарынан арнайы медициналық көмек алған. Ал дәрігерге бармай, тексерілмей жүрген адамдар қаншама.

Осылайша, бір жылда инфаркт диагнозы қойылған науқастардың саны 50 мыңға артқан.
“Жас кезінде миокард инфарктіне алып келетін негізгі себептер – дұрыс тамақтанбау, салауатты өмір салтын, еңбек пен демалыс режимін сақтамау. Сонымен қатар, тұқым қуалайтын факторлар, күйзеліс пен эмоциялық жүктемеден ағзаның шамадан тыс қажуы, зиянды сусындарды (оның ішінде энергетикалық сусындар) шамадан тыс тұтыну да себеп болуы мүмкін”, – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Министрліктің мәліметінше, 2024 жылы инфаркт диагнозы 12 686 адамға қойылған, ал 2023 жылы – 16 013 адам болған. Ауруға шалдыққандар саны азайғанымен, ол жастардың арасында жиі кездеседі екен.
“Инфарктпен ауыратындардың жасы бүгін айтарлықтай жасарып отыр. Бұрын бұл ауру 60 жастан асқан адамдарға тән деп саналса, қазір біз 35–45 жас аралығындағы азаматтардың да бірінші типтегі миокард инфарктіне (атеросклероз) жиі шалдығатынын көріп отырмыз. Бұл көбінесе өмір салтына, тамақтануға және тұқым қуалаушылыққа байланысты”, – дейді мамандар.
Мамандардың айтуынша, бұл жағдайды өзгерту үшін уақытылы скрининг жүргізу, салауатты өмір салтын насихаттау және халықты үнемі ақпараттандыру қажет. Инфаркт қаншалықты қауіпті? Инфаркт – өте қауіпті ауру. Ол өмірге тікелей қауіп төндіретін жүрек бұлшықетінң зақымдануы. Уақытылы медициналық көмек көрсетілмесе, өлім қаупі арта береді. Кей елдерде  6–10 пайыз аралығында, ал жүрек ісінуі немесе кардиогенді шок сияқты асқынулар болса, бұл көрсеткіш 90 пайызға дейін жетуі мүмкін.
“Миокард инфарктінен кейінгі өмір сүру ұзақтығы аурудың ауырлығына, оның асқынуына және уақтылы мамандандырылған көмекке байланысты. Сондай-ақ дәрігердің ұсынымдарын орындау және науқастың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы өте маңызды. Өкінішке қарай, көп жағдайда талаптар орындалмайды. Соның салдарынан ауру асқынып, қайта-қайта жедел түрде ауруханаға түсу жағдайлары жиілейді”, – дейді мамандар.

Сондықтан, денсаулықты күтудің ең тиімді жолы уақытында тексеріліп тұру. Әсіресе коронавируспен ауырғандар жүрек пен қан тамырларының жағдайын үнемі бақылауда ұстағаны жөн. Ауруды ерте анықтау үлкен қатердің алдын алудың ең сенімді жолы.

Сая Манарбекқызы

Барлық жаңалық