Қазақстанда 1 қазаннан бастап пойыз билеттерінің бағасы 20 пайызға өседі. Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистер көлік министрі Марат Қарабаевтан неге мұндай шығындар тұтынушылардың қалтасынан шығып жатқанын сұрады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Министр тұтынушылар тарапынан ескі вагондарға қатысты көп шағым түсетінін жасырмады.
«Соңғы он жылдың ішінде билеттердің құны тек қана инфляция деңгейінде өзгерді. Бірақ жалпы құны ешқашан өзгерген жоқ. Сол дер кезінде қабылданбағанның салдарынан бірден 20 пайызға көтеріп отырмыз. Бірақ бағаны жиырма пайызға өсірген соң, одан түскен ақша Қазақстан теміржолы мен жекеменшік тасымалдаушылардың қалтасына түседі дегенді білдірмейді. Біз дәл сол сомаға субсидияны төмендетуді жоспарлап отырмыз. Субсидия да халықтың ақшасы, өйткені мемлекеттің бюджетінен шығып жатыр. Сол себепті осындай шешім қабылданып, әрі қарай жұмыс істеп жатырмыз», — деді Қарабаев.
Осы орайда журналист министрден соңғы рет пойызға қашан отырғанын сұрады.
«Соңғы рет пойызға былтыр желтоқсан айында отырдым. Маған жақсы вагон берілген жоқ, дәл сол пойыз. Пойыздың өзі көңілімнен шықты. Өйткені вагон 2014 жылы сатып алынған. Қазір ол онжылдық вагондар. Шынымен де жай-күйі жақсы», — деді ведомство басшысы.
ПІКІР ЖАЗУ