Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі екінші деңгейлі банктерге «Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді» деп дөп басып айтып еді. Бұл сөз жай ғана риторика емес, банк секторына бағытталған стратегиялық ескерту-тұғын. Себебі 2017-2020 жылдары бірнеше ірі банк мемлекет қолдауын көріп, соның ішінде Ұлттық қордан 15 жылға қарыз түрінде ұзақмерзімді көмек алған болатын. Яғни дағдарыс уақытында банк секторын күйреуден сақтап қалу үшін мемлекет ресурсын аямай жұмсады. Енді сол банктердің сыйға сыймен жауап берер уақыты келгендей, деп сараптайды Ozgeris.info.
Банктер бәсі биіктеген...
Былтырғы жылы банк секторына табысты жыл болды. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің дерегінше, банктердің таза пайдасы 2,6 трлн теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 17%-ға артқан. Жалпы несие портфелі 20%-ға өсіп, 61,6 трлн теңгені құрады. Демек банктер белсенді жұмыс істеп жатыр деген сөз. Бизнеске 18,2 трлн теңге жаңа несие бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,2%-ға артық. Бірақ мұның бәрі сонда да жеткіліксіз. Бірақ осы қаражаттың нақты экономикаға, яғни өндіріс, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым сынды салаларға бағытталуы қаншалықты? Сарапшылар пікіріне сүйенсек, бұл өсімнің негізгі бөлігі тұтынушылық несиелеу арқылы келіп отыр. Яғни, халықтың жеке қажеттілігі үшін алынатын несиелер артқан, ал экономиканың тірегі саналатын нақты сектор шетте қалуда. Саяси шолушы Ғазиз Әбішев бұл жағдайға алаңдайды. Оның айтуынша, банктер азаматтарды тұтынушылық несиемен қамтып, елдегі қарыздық жүктемені күшейтіп отыр.– Іргелі жобалар үлкен инвестицияларды талап етеді. Жеке инвесторлардың, мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қордың, тіпті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражатының ақылға қонымды үлесте бөлінуінің өзі жеткіліксіз болуы мүмкін. Жеке банктер экономиканы көптеп несиелендіруі қажет. Қазір, өкінішке қарай, олар көбіне тұтынушылық несиелеу арқылы халықтың қарыздық жүктемесін арттырып отыр. Оның үстіне, көбінесе күрделі импорттық тауарлар тұтынылады. Бұл – мәселе. Мұны өзгерту керек. осымша шараларды ойластыру қажет. Банктер артық тұтыну мен халықтың қарызға батуын емес, керісінше, бизнестің дамуын ынталандыруға тиіс. Басқаша айтқанда, азаматтар депозитке салған ақша ұлттық экономиканың дамуына қызмет етіп, шетелдік өндірушілердің пайдасына кетпеуі керек, – дейді ол.Бұл пікірді экономист Бауыржан Ысқақов та қолдайды. Ол банктерге мемлекет тарапынан осы уақытқа дейін көрсетілген көмекке назар аудара отырып, олардан жауапкершілік күтетінін айтады. Тіпті кей банктердің қайта құрылуына да мемлекет жәрдемдесті. Осылайша, Үкімет банк жүйесін экономиканың тірегі ретінде қарастырды. Енді сол жүйе де мемлекеттің дамуына үлес қосуы тиіс.Жауапкершілік алатын уақыт келді
– Банктерге мемлекет тарапынан осы уақытқа дейін қомақты қаражат құйылды. Мысалы, 2009 жылы 10 млрд доллардан астам көмек көрсетілді, теңгенің теңгерімділігін сақтау үшін 6 млрд доллар ақша бөлінді. Тіпті банктің қайта құрылымдау үдерісін қалыптастыруға жәрдемдесті. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген түсінік бар, яғни мемлекет керек уақытта банктерге көмектесіп, дағдарыстан шығуға жағдай жасаса, олардың да экономикаға қосатын үлесі артуы керек. Егер банктер болашағын елмен байланыстырса, бұл оларға үлкен мүмкіндік. Үкіметтің бизнестік ортаға, инвестициялық климатқа жасап отырған жағдайы біз секілді дамып келе жатқан мемлекеттерден анағұрлым жоғары. Экономика дамыған сайын банктердің де кәсібі өрлей түсетінін ұғыну керек. Сол арқылы халықтың төлем қабілеттілігі артып, қайтарылмай жатқан қаржының да қайтарылуы тез боладыЫсқақовтың ойынша, егер банктер өз болашағын Қазақстанмен байланыстырса, бұл олар үшін де үлкен мүмкіндік. Себебі экономика дамыған сайын халықтың табысы артады, табысы артқан халық несиесін қайтаруға қабілетті болады. Бұл – банк үшін де, мемлекет үшін де тиімді орта, – дейді сарапшы.Сарапшы халықаралық салыстыру келтіреді: Еуропа елдерінде банктер экономикадағы несиелеу үлесінің 55-60%-ын, АҚШ-та тіпті 80%-ын қамтамасыз етеді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен. Демек, банк секторы елдің индустриялық-инновациялық дамуына жеткілікті үлес қосып отырған жоқ. Жұмыс орындарының ашылуы, салық базасының кеңеюі, тіпті инфляцияны тежеу сынды маңызды мақсаттар осы бағытқа тікелей байланысты. Сол себепті тұтынушылық несие емес, бизнеске арналған ұзақмерзімді, арзан несиелер керек. Бұл бағытта заңнамалық өзгерістер де қажет.
– Тұтынушылық несиеден гөрі экономиканы, бизнесті несиелендіретін қаржы көздерін қарастыру маңызды. Ол үшін бизнестің де, халықтың да ұсынысы ескеріліп, заңда қарастырылғаны дұрыс. Заңда ұлттық мүдде бірінші орында тұруы қажет. Сондай-ақ бәсекелес орта болып, халықаралық банктердің де үлесі артуы керек. Жақсы нәтиже бәсекеден ғана туады, ал ол өз кезегінде сапаға әкеледі. Қорыта айтқанда, экономиканы дамытатын қандай несиелер бар, соның барлығы «Банктер туралы» заңға енгізілуі керек, – дейді сарапшы.
Банктердің өздері не дейді?
Ал банк тарапынан не кедергі? Осы сұраққа жауап беру үшін «Алтын банктің» ұстанымын сұрадық. Олар нақты секторды қаржыландыру банктер үшін тиімсіз екенін мойындайды. Себебі бұл сала жоғары тәуекелге ие – табысы тұрақсыз, шикізат бағасына тәуелді. Мұндай жобалар ұзақмерзімді қаржыландыруды қажет етеді, ал банктер тез қайтарылатын несиелерді жөн көреді.– Біріншіден, бұл салалар жоғары тәуекелге ие, себебі олардың табысы тұрақсыз, шикізат бағасының ауытқуына тәуелді. Екіншіден, нақты секторды қаржыландыру ұзақмерзімді инвестицияларды қажет етеді, ал банктер, тәуекелге деген көзқарасына, несиенің тез өтелетін түрлеріне басымдық береді. Үшіншіден, банк реттеуі мен капиталға қойылатын талаптар осындай несиелердің көлемін шектеуі мүмкін. Сонымен қатар жоғары тәуекелді жобаларды қаржыландыру қосымша резервтерді (провизияларды) қалыптастыруды қажет етеді, бұл – қосымша шығын, – делінген «Алтын банк» жауабында.Банк нақты ұсыныстарын да айтты: пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, кепілдік беру механизмін жетілдіру, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, даму институттарын белсенді ету қажет. Осы шаралар банктердің тәуекелін азайтып, нақты секторға сенімділікпен кіруіне жол ашады. Ал аграрлық сектордың жоғары тәуекелділігіне қарап, банктер осы салаға несие беруден қашады. Біздің «Нақты секторды несиелеу көлемін арттыру үшін мемлекет қандай қолдау көрсетуі керек?» деген сұрағымызға «Алтын банк» былай жауап берді:
– Нақты секторға несие беруді кеңейту және оның өсуіне жағдай жасауға көмек керек. Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау – кәсіпорындар үшін несие құнын төмендету арқылы олардың қолжетімділігін арттырады. Несиеге кепілдік беру – банктердің тәуекелін азайтып, экономикалық маңызы жоғары, бірақ тәуекел деңгейі жоғары салаларды қаржыландыруға ынталандырады. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету – инфляция мен валюта бағамын басқару арқылы инвестициялық ортаға сенімділік қалыптастыру. Даму институттары мен қорларды дамыту – ұзақмерзімді қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, стратегиялық маңызды жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік беру, – деді.Банк ЦентрКредит те бұл мәселе төңірегінде белсенділік танытып отырмыз дейді. Олар RG Brands компаниясын қаржыландыру арқылы өндіріс көлемін арттырып, экспортты ұлғайтуға мүмкіндік жасаған. Бұдан бөлек, 2025 жылы көлік, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы сияқты салалардағы жобаларды қарастырып, нақты секторға қатысуды арттырмақ.
– Нақты секторды белсенді қолдайтын банктердің бірі ретінде біз еліміздегі маңызды бастамаларға қатысып, несие беруде көш бастап келеміз. Мысалы, Қазақстан Даму банкімен бірлесе отырып, RG Brands Kazakhstan компаниясына алғашқы синдикатталған қаржыландыруды ұсынды. Бұл қаражат өндіріс көлемін кеңейтуге, жаңа технологиялық желілерді сатып алуға және Өзбекстанға экспортты ұлғайтуға бағытталған. 2025 жылы банк көлік, инфрақұрылым, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы инвестициялық жобаларды қарастыруды жоспарлап отыр. Бұл шаралар нақты секторды қаржыландыруды күшейтіп, экономиканың орнықты дамуына ықпал етеді, – делінген «БанкЦентрКредит» жауабында.Қорытқанда, мемлекет пен банктер арасындағы «есеп айырысудың» уақыты келген сияқты. Мемлекет банктерді талай мәрте құтқарды. Енді кезек банктерде. Олар тұтынушылық несие емес, экономикаға нағыз серпін беретін жобаларды қолдауы тиіс-ақ...