Қоғам

"Азаттық жабылмайды": Еуроодақ антиресейлік медиаға өмір сыйлады

АҚШ президенті Дональд Трамп наурыз айында кейбір мемлекеттік агенттіктердің жұмысын қысқарту туралы шешім қабылдаған еді. Бұл шешім АҚШ-тың жаһандық БАҚ агенттігіне де әсер етті. Дәл осы ұйым Азаттық радиосының жұмысын бақылап, қаржыландырумен айналысатын. Салдарынан халық арасында тәуелсіз медиа ретінде танылып үлгерген антиресейлік медианың тағдыры қыл үстінде тұрған. Қаржыландыру тоқтатылады деген ақпарат шыққанда отандық қоғам белсенділері мен сарапшылар қолдау білдіріп, пікірлерін жаза бастады. Сол кезде «Азаттық» радиосының болашағы белгісіз болатын, тіпті жабылуға аз-ақ қалған. Енді Еуроодақ бұл жағдайға тез араласып, бір үміт оты жанғандай болды, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі.

Еуроодақ тәуелсіз хабар таратып келе жатқан медианы сақтап қалуға ниетті екенін жеткізді. Азаттық Радиосына жедел көмек пакеті ретінде 5,5 миллион еуро бөлмек. Бұл туралы 20 мамырда Еуропалық одақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Каллас хабарлады.

Айта кетейік, аталмыш ақпарат құралы Ресейде шетелдік агент және жарамсыз ұйым деп танылған. Медианың Кавказ және Орталық Азияда хабар таратуы тоқтатылмауы үшін ЕО өз бюджетінен осындай қадамға барып отыр.

«Бұл қысқа мерзімді қаржыландыру, сондықтан ЕО елдері ұзақ мерзімді қаржыландыру бойынша өзара келісімге келуі тиіс», - деп келтіреді Кая Калластың сөзін Associated Press агенттігі.

ČT24 телеарнасының жазуынша, қаражат "Демократия үшін Еуропа қоры" үкіметтік емес ұйымы арқылы жіберілмек. Штаб-пәтері Прагада орналасқан «Азат Еуропа/Азаттық» радиосына қаржы іздеу бойынша Еуроодақтың талпыныс жоспарына Чехия үкіметі жетекшілік етпек.

Калластың айтуынша, Еуроодақ бүкіл әлем бойынша медиакорпорацияның қаржылық тапшылығын толық жаба алмайды, бірақ көршілес орналасқан және «тәуелсіз ақпаратқа тәуелді»елдерде оның жұмысын жалғастыруға көмектесе алады. Сонымен қатар, ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі басшысы Еуроодаққа мүше 27 мемлекеттің ұзақ мерзімді жсспарда Радио Азат Еуропа/Радио Азаттыққа көбірек қаржы бөледі деген сенімін де білдірді.

Ол сонымен бірге АҚШ-тан көмектің азаюына байланысты одақ көмек көрсету бойынша "стратегиялық бағыттарды" да қарастыратынын атап өтті.

Азаттық Азия құрамына кіретін Радио Азат Еуропа/Радио Азаттық — АҚШ Конгресі арқылы Ғаламдық медиа агенттігі (USAGM) бөлетін қаржы есебінен жұмыс істейтін тәуелсіз медиакорпорация. 2025 жылғы 14 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп жеті мемлекеттік агенттіктің, соның ішінде USAGM агенттігінің жұмысын қысқарту туралы жарлыққа қол қойған.

Наурызда USAGM Конгресcтің биыл Азаттыққа бөлген шамамен 75 млн долларын бұғаттағанын мәлімдеген. Мұндай шешімді USAGM-ның уақытша басшылығы АҚШ президенті Дональд Трамптың "АҚШ салық төлеушілерінің қаражатын ысырапсыз жұмсауды жою туралы" бұйрығы негізінде қабылдаған. Азат Еуропа/Азаттық радиосы Вашингтондағы федералды округтік сотта USAGM басшылығының шешіміне қарсы шағым түсірген. Cодан бері Азаттық радиосы мен USAGM арасындағы сот жалғасып жатыр.

Соңғы айдағы қаржылық шектеулердің салдарынан Азаттық Радиосының орыс тілдегі қызметі кейбір бейнебағдарламалар мен подкасттардың шығарылымын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Прага редакциясындағы, Киев пен Еревандағы бөлімшелерінің кейбір журналистер жартылай ақылы демалысқа жіберілді, фрилансерлердің жұмысы шектелді. Соған қарамастан, «Азаттық» Ресей мен әлемдегі оқиғалар туралы аудиторияны нақты әрі уақытылы ақпаратпен қамтамасыз етуді жалғастырып келеді. Үш негізгі сайты, маңызды видео және аудиожобалар тұрақты түрде ақпарат таратып жатыр. Спутник және интернет арқылы тәулік бойы хабар таратылуда.

Азаттықтың апталық аудиториясы — Ресей, Украина, Иран, Ауғанстан, Пәкістан, Орталық Азия мен Кавказ елдерін қоса алғанда, 23 елде шамамен 50 миллион адам.

Азаттық радиосы – 1953 жылдан бері жұмыс істейтін тәуелсіз медиаұйым. Ол Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік арқылы АҚШ Конгресі бөлетін қаражат есебінен жұмыс істейді. Қазақ тілінде хабар тарататын Азаттық радиосы - Азат Еуропа/ Азаттық радиосының құрамдас бөлігі. Ол 1953 жылдан бері жұмыс істейді.

Айта кетейік, қаржыландыруды тоқтату туралы ақпарат шыққанда Азаттықты қолдағандар көп болды.

«Азаттық «Әділетті Қазақстанға» жемқорлықпен күрес және заңсыз шығарылған активтерді қайтару бағыты бойынша көмек көрсете білді. Зайырлы және демократиялық бағытта дамуымыз үшін бізге пюрализм, пікір алуандығы, түрлі бағыттағы көзқарастар ауадай қажет. Көп ретте Азаттықтың арқасында біздің қоғамда конструктивті және балама пікір режимі қандай қиын уақытта да өлген жоқ», - деп пікір білдірген еді экономист Айбар Олжаев.

Оқи отырыңыздар: «Жартылай қараңғы қоғам не болады?»: Тәуелсіз медиа жабылса Қазақстанның жоғалтатыны өте көп — сарапшылар

Барлық жаңалық