Қатарластарын кемсітіп, күш көрсететін оқушылардың үйі мәселеге толы — ПСИХОЛОГ

Адамның болашақта тұлға боп қалыптасуына бала кезі өте қатты әсер етеді. Әсіресе, мектеп кезі. Қазіргі таңда өз сыныбында ұяң, қатарластарының кемсітуінен зардап шегіп жүрген оқушылар қарасы аз емес. Олардың балалық шақтаңы бұл қиын кезеңі болашағына қалай әсер етеді. Ozgeris.info порталы белгілі психолог, Ұлмекен Сәндібекқызымен осы мәселе жайында әңгіме өрбітті.

-Баланың болашағына оның балалық шағы қалай әсер етеді?

-Баланың болашағына балалық кездегі әрбір сәті сөзсіз әсер етеді. Егер бала отбасында ата-ананың махабббаты мен көңіл бөлуін жеткілікті түрде алған болса, сондай-ақ ата-анасының өзара қарым-қатынасы үйлесімді болған жағдайда өз ойын ашық айта алатын, өзіне сенімді және оқу үлгерімі жақсы болады.

Ал егер де, отбасында бала ата-анасының ажырасқанын, жанжалдасқанын көріп өсетін болса, ол баланың психологиялық -эмоциялық күйі мен сабақ үлгеріміне, тұлға болып қалыптасуына кері әсерін туғызады.

Бала жеткілікті мейірімді ала алмағандықтан, ұяң, ортада өз орнын таба алмай , өзін жалғыз сезініп, зиянды әдеттерге әуес болуы да әбден мүмкін.

-Қазіргі таңда мектепте әр сыныпта міндетті түрде барлығы кемсітетін, “изгой” оқушы болады. Неге? Олардың өмірі кейін қалай өзгереді?

-Иә, баланың өз сезім-эмоцияларын басқара алмайтындығын байқасақ.

Бұл баланың ішкі көрінісі. Қатарластарын кемсітіп, күш көрсететін балалардың үйлерінде психологиялық мәселе бар екендігін аңғарамыз.

Өмірге, ата-анасына , өзіне өкпелі оқушыларда осындай әрекеттер жиі кездеседі.

Тіпті анасының не әкесінің жоқтығынан да, өзін кем санап басқа адамға проекциялауы мүмкін. Сол әлжуаз баланы кемсіткенде өз ауыртпашылығынан айырылғандай күй кешеді.

Әр балада әр-қалай. Бала сол сәттегі ішкі күйінің әсерімен солай әрекет жасауы мүмкін.

Дегенмен, өмір бойы сол жолмен кетеді,- деп айта алмаймыз. Бала болғандықтан өз әрекетіне саналы жауап бере алмауы да мүмкін.

Тұлғалық дамып, білімін жетілдіріп, өз ішкі жағдайымен жұмыс жасап жатса, болашағы жарқын болуы да әбден мүмкін.

Ал ешқандай қолдау көрсетілмеген жағдайда, теріс жолға түсіп құлдырап, өзін жоғалтып жататындар бар.

-Иә, баланың болашағын “осындай болады” деп шорт кесу қиын ғой. Бірақ, тіпті дамып, тұлға боп кеткен адамдардың бойында осы жағдайлар бір минус тудыра ма? “Травма” боп қала ма?

-Әр адамда жекедара, егер саналы түрде таңдау жасалған жағдайда, кез келген психологиялық жарақаттың берген тәжірибесін алатын болса, кедергі келтірмейді. Адамның өзіне байланысты.

-Әсіресе, қыз балалар арасында бұл жағдай жиі кездеседі. Өз тәжірибеңізде мұндай жағдайда қандай кеңес бересіз?

-Иә, қыздар эмоцияға бейім болғандықтан оларда көптеп кездеседі. Тұйықталып, өмірге деген көзқарасы өзгереді.

Көбінесе бұл қолдаудың жоқтығынан және жалғыздықтың әсерінен болады.

Кемсіту барысында, қыздардың жеке аймағын қорғай алмайтындығын байқаймын. Жеке аймағын қорғауын қолға алса, ондай сыныптастарынан кемсіту болмас еді,-деген ойдамын.

Тәжірибемде жүгінген қыздардың өткенін қарайтын болсам, дәл солай кемсітуді көп көрген қыздардың керісінше намыстанып жақсы жетістікке жетіп жатқанын байқаймын.

-Ешкім араласпайтын, досы жоқ, үнемі кемсітулердің астында қалатын адам қоғамда көп. Олар қауіпті ме? Суицид деген бәлекет осыдан шығады емес пе?

-Қауіптілік жағына келер болсақ, ең алдымен өзіне қауіпті. Жалғыздықтан шаршағандықтан жеткіншек жаста сондай ойлар мазалауы мүмкін.

Суицидке бейімділік байқалған жағдайда, маманның көмегі керек. Бірақ, әрбір оқушы , өзінің жалғыз еместігін, қолдайтын жандардың бар екендігін әр сәт естен шығармауы керек.

Ата-анасы, бауырлары, мектеп әкімшілігі, мектеп психологі әрдайым қолдау-көмек көрсетуге дайын.

Сондай-ақ, егер өз жеке аймағына нұқсан келтіріп, келемеждеген жағдайда өзінің күші жетпеген жағдайда, көмек сұраған дұрыс. Оның ұяты жоқ.

-Жалпы қалада жеке психолог мамандарды іздеп табу қиын емес. Қалалық ата-аналар балаларын жетектеп апаруы әбден мүмкін.

Ал ауылдық, аудандық мекендерде олай емес.  Көбіне балалардың осындай жағдайларға ұшырап жүргенін мектертегі психолог мамандар байқау керек секілді?

-Мектеп психологі әрбір баланы бақылап, оқушылармен психологиялық жағдайын жоспар бойынша, әдістемелер мен тест жүргізу арқылы анықтап отырады.

Әрі қарай интерпретациясына жүгіне отырып,  қауіп төніп тұрған оқушымен әңгімелесу жүргізеді.

Жұмыстың дұрыс жүруі үшін, баланың ата-анасымен де психологиялық жұмыстар жүргізіледі.

Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Інжу ӨМІРЗАҚ