«Атайын десең — аң емес, сояйын десең — мал емес»: Мәжіліс депутаты квадроберлер жайлы

коллаж smartnews.kz

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев квадроберлердің қаупін айтып, депутаттық сауал жолдады. Ол квадроберлерге қарсы шара қолдану керегін айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.тілшісі Smartnews.kz сайтына сілтеп.

Депутат премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, Қазақстандағы квадроберлерге қатысты мәселені жан-жақты зерттеп, алдын алу шараларын қабылдауды сұрады.

«Квадробер деген кім? Олар адам болудан бас тартып, күнделікті өмірде төрт аяғын басып, жануарлар кейпіне еніп, соларға ұқсауға тырысады. Олар ит пен мысық сияқты өмір сүреді. Сондай-ақ олар сыртқы түрлерін өзгертіп қана қоймай, адамдарды тырнап-тістеп шабуыл жасайды», – дейді депутат.

Депутат бүгінде Ресей мен Өзбекстан квадроберлікке қарсы шаралар арқылы жастардың біртүрлі қызығушылығына тосқауыл қойып жатқанын алға тартты.

Бұл еліміздегі балалар мен жасөспірімдерге төніп тұрған қатер. Мәшһүрше айтқанда «Атайын десең — аң емес, сояйын десең — мал еместің»  дәл өзі. Дәл бұл оқиғалар көрші Ресей және Өзбекстан елдерінде тіркеліп үлгерді. Бұл бұл ма?!  Әлеуметтік желідерде квадробер болуды үйрететін арнайы топтар, жабық арналар пайда болып, арнайы сабақтар да ұйымдастыруда. Бұл бір қарағанда балалық қылық деп қабылдағанмен, балалардың психологиясы мен әлеуметтік дамуына кері әсері тигізіп, шектен шығып барады, – деді Дәулет Мұқаев.

Сонымен қатар, квадробер болуға қажетті заттарды сату жаңа бизнес көзіне айналып, интернетте жоғары бағада сатылуда.

Ең қорқыныштысы балалар бұл ойыннан психологиялық зардап шегіп, адам болудан қалады. Адамдық проблемалардан қашып, жануар болуға әуестенеді. Біз бұл мәселеленің алдын алмасақ, білдей бір ұрпақтан айрылу алдында тұрмыз. Бала бойына адамдық құндылық ұялатудың орнына, кері кету процессі алға шықты. Әлем елдері дабыл қағып, балаларға ерекше көңіл бөлуге шақыруда. Балалардың бұл дүниеге қызығушылығына байқағанда, ата-аналарға атүсті қарамай дереу әрекет етуді ескертуде. Бұл тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның және мемлекеттің назар аударарлық мәселесі. Біз болып, сіз болып бұл мәселеге әлеуметтік және құқықтық тосқауыл жасап, әлеуметтік желілерді қатаң бақылауымыз қажет.

Депутат құзырлы органдар мен ата-аналар шұғыл шара қолданып, бұл қозғалысты тыюға үндеді.

Мұндай әлеуметтік трендтер жылдам етек алуына байланысты, шұғыл әрекеттерді талап етеді.  Балаларымыздың болашағы мемлекет пен қоғамның жіті бақылауында болуы керек. Біздің елде де құзырды органдар, бұл мәселені жан-жақты зерттеп, алдын-алу шаралары бойынша кешенді шаралар қабылдауға тиіс, – деді депутат.