🏛️ Саясат

«Ақша үшін соғысқа аттанған қазақтар»: Келісімшарт пен берілген уәделер артында не тұр?

Қазақстан азаматтарының Украинадағы соғысқа қатысуы өзекті мәселе. Бұдан бұрын өтірік жарнамалар арқылы тартылып жатқан жігіттер туралы жазған едік. Енді тұтқынға түскен үш қазақтың шынайы оқиғасы қоғамның назарында. Тұтқынға түскен жастар енді соғыстан қашып кете алмайтындарын біліп, елден көмек сұрауда. Жастардың келісімшартқа қол қойып, майданға өз еркімен аттануына не себеп? Сарапшылардың пікірі қандай? Қазақстан көмектесе алады ма? Олардың тағдыры не болмақ? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.

«Соғыста тұтқынға түскен қазақтар»

Осындай атаумен украиналық «Хочу жить» жобасының YouTube арнасында соғысқа аттанып, тұтқынға түскен үш қазақтың сұхбаты жарық көрді. Бұл жоба Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысына қатысып жатқан әскери қызметкерлерге қауіпсіз түрде тұтқынға берілуге көмектесетін бастама.

Олар — Марсель Гумалиев, Шерхан Егамбердиев және Ерболат Ордабаев. Жоба авторлары бұл ер азаматтарды «өзінің кім екенін толық ұғынбаған этникалық қазақтар» деп сипаттаған.

«Марсель Гуймалиев, Шерхан Егамбердиев және Ерболат Ордабаев – соғыста тұтқынға түскен үш этникалық қазақ. Олар өз болмысы мен ұлттық болмысын әлі де толық түсініп үлгермеген азаматтар. Егер бейнені өшіріп, тек дауысты қалдырсаңыз, сіз ресейлік “еріктілердің” стереотипті бейнесін көресіз – олардың мотивациясы мен дүниетанымы да дәл сондай”, - делінген сипаттамада.

Сұхбатта олардың Ресей армиясына қалай қосылғаны, майдан шебіне қалай барғаны, тұтқынға қалай түскені және соғыстың психикаға әсері туралы кеңінен баяндалады.

Сұхбаттан белгілі болғандай, Марсель Гуймалиев – Ресейдің Орынбор қаласының тумасы, ал Шерхан мен Ерболат – Қазақстанның Байқоңыр және Лисаковск қалаларынан. Бірі – түрмеден құтылу үшін, екіншісі – ақша табу мақсатында соғысқа барған.

«Мен тұратын қала кішкентай, көбінесе зейнеткерлер тұрады. Жастар жұмыс таппай әуре. Азық-түлік жетіспейді, ақша жоқ. Көп адам күнкөріс үшін Ресейге жұмысқа кетеді. Мен де достарымнан, таныстарымнан естіп жүрген едім, солай вахталық жұмысқа барамын деп шештім. Себебі анамның еміне ақша керек болды. Келісімшартқа қол қойдым, маған бірден ақша төледі. Сол ақшаны анама жібердім. Алғашында анам не болғанын білмеді. Кейін мені тұтқынға алғаннан кейін, біреу бұл жағдайды отбасымызға жеткізді», - дейді бірінші тұтқын Ерболат Ордабаев.

Екінші тұтқын Байқоңырдың тумасы. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы аймаққа Ресейдің заңы жүреді. Ал жастардың білімсіздігі мен хабарсыздығынан осындай жағдайлар орын алады.

«Байқоңырда тұрамын. Бұл қала Ресейге жалға берілгенін бәрі біледі. Жазда демалуға Ресейге бардым. Достарыммен ішімдік ішіп, біраз бұзақылық жасадық. Кейін жеткізушінің самокатын ұрлап, аздаған дене жарақаттарын салдық. Полиция ұстап алды. Бұған дейін ішімдік ішпейтінмін, ешқандай құқық бұзушылық жасаған емеспін. Қатты қорқып кеттім. Түрмеге қамалмас үшін келісімшартқа қол қойдым. Ата-анам жылап, келісімді бұз деп өтінді. Бірақ одан ешнәрсе шықпады. Оқу-жаттығулардан соң, бізді топтап жинап, қару-жарақ тиеген көлікке отырғызып, майдан даласына жөнелтті. Біраз уақыттан соң жарылыстар естіле бастады, соғыс басталды», - дейді Шерхан Егамбердиев.

Үшінші тұтқынның айтуынша, келісімшарттағы ұсыныста соғысқа аттану туралы айтылмаған.

«Көп қиындықтар болды. Ұзақ уақыт жұмыссыз жүрдім, менде ипотека бар. Әскери қызметке шақырғандар “соғысқа қатыспайсың, тек тылда істейсің” деп жақсы жағдай ұсынды. Ақша үшін келістім. Мәскеуде жағдай жақсырақ деді, сондықтан сол жаққа бардым. Достарым мен ата-анам қарсы болды. Мәскеуге барып келісімшартқа қол қойдым, автобуспен Воронежге жеткізді. Оқу аяқталған соң Луганскіге апарды. Сол жерде тұтқынға түстім. Шабуыл кезінде дрон соқты, контузия алдым. Есімді жиғанда, қарсы тараптың тыл аймағында болдым. Көзім тұманданып, жүрегім айныды. Төртінші күні әлсіреп, еңбектеп қаштым. Қаруым да болмады, жараланған едім. 80 метр қашықтықта орман белдеуі көрінді. Бірақ дәл сол сәтте снаряд тасталып, аяғым жараланды. Жасырынайын деп жатқанымда жаудың әскері көрініп қалды. Сөйтіп тұтқынға түстім», - дейді Марсель Гуймалиев.

Сұхбатта олар келісімшартқа қалай қол қойғандарын, майдан шебіне қалай жеткізілгенін және тұтқынға қалай түскендерін егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен қатар болашаққа жоспарларын да айтты: оқуын жалғастыру, бизнес ашу, үйлену. Біреуі елге оралғысы келмейтінін мәлімдеді, себебі Қазақстанға оралған жағдайда, “жалдамалылық” бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын біледі. Екеуі де соғысқа бару үлкен қателік болғанын түсініп, өкініп отыр.

«Егер соғыс пен түрме арасында таңдау болса, түрмені таңдаймын. Ақша үшін соғысқа барғаныма қатты өкінемін. Өмірде қиындықты шешудің басқа жолын таба алмағаныма өкінемін», - дейді Ерболат Ордабаев.

 

«Мен өкінемін. Қаржы тапшылығы үшін соғысқа бару – ақылсыздық. Егер сіз де ойлап жүрсеңіз, бармаңыз. Бұл ойын емес, Telegram-дағы видео емес, бұл – тозақ, атыс-шабыс, дрондар, жарылыстар мен отқа оранған денелер. Мен бірінші шайқаста-ақ жарақат алдым. Өлем деп ойладым», - дейді Шерхан Егамбердиев.

Биыл қаңтар айында қазақтардың Украинада тұтқында отырғаны туралы алғашқы ақпарат шыққан. Ресейдің Қорғаныс министрлігі Ресей азаматтары болып табылмайтын адамдарды, оның ішінде Қазақстан азаматтарын тұтқыннан қайтаруға қатыспайды. Бір ай бұрын Қазақстаннан шыққан 661 жалдамалының аты-жөні жарияланған тізім тарады. Осыдан кейін ақпарат құралдарында қызу талқылау басталды. Қазақстан дипломаттары бұл мәселемен айналысып жатқаны туралы хабарлады. Кейін Шерхан мен Ерболаттың есімдері Ресейдің ресми тізіміне енгізілді. Оларда елге қайтуға мүмкіндік пайда болды деген үміт пайда болды. Алайда екі апта бұрын «Айран» редакциясына бір тұтқынның видеоүндеуі келіп түсті. Ол көмек сұрап, заң аясында еліне оралғысы келетінін айтты:

«Мен дезертир бола алмаймын. Себебі мен соғыстым, жанымдағы жігіттер қаза тапты, мен оларға көмектестім. Енді заңды жолмен келісімшарттан босатылып, еліме оралғым келеді. Көмектесіңіздер», - дейді ол видеохабарламасында.

Ата-анасының өтінішін елшілік қабылдағанымен, нақты қандай шаралар қабылданатыны, бұл бағытта жұмыс басталған-басталмағаны белгісіз. Елшілік өкілдері ата-аналардың өздерін кінәлап отыр.

Қазақстан заңына сәйкес, жалдамалы ретінде шетелдегі соғыс қимылдарына қатысқандарға қатысты қылмыстық іс қозғалады. Осыдан соң ғана экстрадициялау мәселесі қаралады. Ресей де өз азаматтарын дәл осы жолмен қайтарады. Қазақстан халықаралық келісімдерге сай, ресейлік құқық қорғау органдары сұратқан азаматтарды береді. Бірақ біздің тарап жалдамалыларға қатысты экстрадиция процесін бастады ма — бұл әлі белгісіз. Себебі соғыс басталғалы бері мұндай жағдай алғаш рет болып отыр.

Сарапшылар пікірі екіге жарылды. Бірі — жас жігіттерге екінші мүмкіндік беру керек десе, енді бірі — оларды кешіруге болмайды деп санайды.

«Бұл өте күрделі жағдай. 2022 жылғы 21 қыркүйекте Ресей президенті Путин қол қойған жарлықта тек жартылай мобилизация емес, сонымен қатар келісімшарттың әрекет ету мерзімі мобилизация кезеңінің соңына дейін жалғасатыны көрсетілген. Қызметтен босау тек үш жағдайда ғана мүмкін: жасы келгенде, денсаулығына байланысты немесе сот үкімі шыққанда. Басқа ешқандай себеп қарастырылмаған. Әскери шенге байланысты шекті жас шамамен 50-ге дейін. Денсаулығына байланысты болса да, ауыр науқастарды соғысқа жіберіп жатқанын білеміз. Демек, заң бойынша ол келісімшарттан босай алмайды. Путин жарлықты кері қайтармайынша, келісімшарт күшінде қалады. Ал егер ол әскери бөлімнен кетіп қалса – 337-бап бойынша іздеуге жарияланады. Немесе 338-бап – дезертирлік бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қазақстан азаматы өз еліне қайтарылса, ол мұнда «жалдамалылық» немесе шетелдегі әскери қақтығыстарға қатысу үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бірақ Ресейге кері берілмейді. Оған заңды негіз жоқ. Бірақ елге оралса, бізде оған қарсы жалдамалылық немесе шетелдегі соғыс қимылдарына қатысу бабымен іс қозғалады», - дейді Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның заңгері Артур Алхастов.

Ал әскери сарапшы аталмыш жалдамалы қызметкерлерге ешқандай кешірім берілмеуі керек деп санайды.

«Адам бұл әрекеттің қылмыс екенін білді ме, білмеді ме — маңызды емес. Министрдің мәлімдемесі де болды, заң да бар. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Олар өз еркімен Ресейге барып, ақша үшін соғысқан адамдар. Бұл кісі өлтіруге келісім берген адам деген сөз. Мен мұндай адамдардың еліне қайтарылуына қарсымын. Қылмыскерге қандай көзқарас болса, бұларға да дәл сондай болуы керек», - дейді әскери сарапшы Дәулет Жұмабеков.

Оқи отырыңыз: Ресей қазақтарды келісімшарт бойынша соғысқа жіберіп жатқаны рас па

Сая Манарбекқызы

Барлық жаңалық