Апатия, күйзеліс дегеніміз не?

osken-onir.kz/

Күйзеліс – бұл қоршаған ортаның жағымсыз өзгерістеріне жауап ретінде организмнің ерекшеленбеген қорғаушы реакциясы. Ал сырқы бейнесі бойынша немқұрайлылық, салғырттық  танытып, ештеңеге зауқы болмау белгілері көріне бастайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 300 миллионнан астам адам депрессиямен, яғни аталмыш күйзеліспен өмір сүреді екен.  Сонда қандай жағдайда адам күйзеліске ұшырайды? Әрине, әр адамның күйзеліске ұшырау себебі әртүрлі факторларға байланысты. Оған отбасындағы жағдай, жақынын жоғалту, жұмысынан айырылу, күнделікті қайталанатын күйбен тіршіліктен шаршау және т.б. жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Аталған жағдайлар бір істі жасауға деген құлшыныс төмендетіп, эмоционалды күйзеліске әкеліп соқтыруы мүмкін. Ал бұл жағдайдан шығу жолдары қандай?

 

Апатия немесе күйзелістен қалай шығамыз? Мотивацияны неден аламыз?

 

  1. Ұйқыңызды дұрыстаңыз.

Адам үшін дұрыс ұйықтау, демалу өте маңызды. Егер біз денемізге тұрақты және толық күш-қуатты қалпына келтіруге мүмкіндік бермесек, бұл жағымсыз нәтижелерге әкеледі. Ерте жатып, ерте тұруды әдетке айналдырыңыз. Сонымен қатар күйзеліске ұшыраған кезде сіз күні бойы жата бергіңіз келуі мүмкін, алайда мотивация алу және күйзелісті жеңудің кілті – аяғыңызды жерге қойып, төсектен тұрудан басталады.

 

  1. Дұрыс тамақтаныңыз.

Он екі жыл бұрын эпидемиолог Фелис Хака қантты, тазартылған көмірсулар мен фастфудты көп тұтынатын әйелдердің депрессияға жиі шалдығатынын анықтаған екен. Ал бірнеше рет өткізілген зерттеу нәтижесінде, үнемі тұтынатын тағам ми мен психикаға сіз ойлағаннан әлдеқайда көп әсер ететіні дәлелденіпті. Сондықтан дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі екені анық.

 

  1. Қозғалыңыз.

Қозғалыс – бұл өмірдің қарқынында болу. Таза ауада жиі  серуендеңіз.  Жай ғана сыртқа шығып, серуендеу – мотивация деңгейіңізге айтарлықтай әсер етеді. Спортпен шұғылданыңыз, жаттығу жасаңыз. Жаттығу мидағы эндорфиндердің деңгейін арттырып, өзіңізді бақытты сезінуге септігін тигізеді. Сонымен қатар Кембридж университетінің американдық ғалымдары спортпен шұғылдану – созылмалы күйзелісі бар науқастарға көмектесетінін анықтаған екен.

 

  1. Оптимисттік көзқарасты ұстаныңыз.

Барлығын тек жаман жағынан қарау – бұл да күйзелістің бір себебі болуы әбден мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, күйзеліске ұшыраған адамдар өздерінің жетістіктерін төмендетеді. Алайда өзінің өміріне қанағаттанған адамдар да, күйзеліске ұшырағандар сияқты сәтсіздікті, қорқынышты, үрейді, көңілсіздікті сезінеді екен. Бірақ олар бұдан «апат» жасамай, өмірде ақ пен қара бірге жүретінін түсінеді.

 

  1. Жаңа іспен айналысыңыз. Хобби табыңыз.

Қызығушылықтар мен хобби адамның психикалық денсаулығы үшін өте маңызды. Өзіңізге ұнайтын және ләззат алатын нәрсемен айналысу – сізді қанағаттандыра отырып, күйзеліске әкелетін басқа да өзекті мәселелерден, жағымсыз ойлар мен эмоциялардан алшақтатады. Жаныңыз қалаған іспен айналысыңыз. Ол кез келген нәрсе болуы мүмкін. Мысалы кітап оқу, саяхаттау, серуендеу, ән айту, биге бару, йогамен айналысу, сурет салу және т.б.

Өзіңіздің көңіл-күйіңізді көтеруге тырысыңыз, ішкі күш сезімін қалыптастырыңыз, спортпен айналысыңыз, рухани табиғатыңызбен жұмыс жасаңыз!

Луиза Л. Хейдің «Исцели свое сознание» кітабында былай деген екен:

Жалпы бізде бес негізгі эмоция бар: ашу, қайғы, қорқыныш, махаббат және қуаныш. Негізінде, күйзеліс қайғы мен ашу басым болған кезде, махаббат пен қауаныш жетіспегенде пайда болады. Жақсы психикалық және физикалық денсаулық өзін-өзі сүюден басталады

Асылбекқызы Аружан