«Ақ жол» партиясының депутаты Қазбек Иса Мәжілістің жалпы отырысында елдегі ұлттық идеология мәселесін көтеріп, Алаш арыстарын ұлықтау туралы мемлекеттік деңгейге жолға қойылуды талап етті, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.
«Мың өліп, мың иірілген» Қазақ Елі қанша ғасыр күресіп жеткен қасиетті Тәуелсіздік ұғымын еліміздің ең басты ұлттық құндылығы ретінде қастерлей білуіміз қажет! Ал бабаларымыз талай рет қанын төгіп, жанын қиып, армандап кеткен Тәуелсіздікті қабылдап, ең алғаш әлемге жариялаған Қазақ Республикасы Жоғары Кеңесінің киелі ғимаратын отыз жыл бойы ойына келгенін істегендер иеленіп алып, қазақша атын жаза алмайтындар қазақтың қасиетті орнының шаңын шығарып жатыр. Яғни, Отанымыздың тарихи ордасы отбасының меншігіне айналып кетті!.. Әділетті Қазақстанда қашан әділеттілік орнап, қасиетті ғимаратымызды қайтарып аламыз? “Ақ жол” партиясы 10 жылдан бері көтеріп, жақында қабылданған заңсыз иеленген активтерді қайтарып алатын заңымызды осы ең басты тарихи ғимаратымызды мемлекетке қайтарудан бастау керек!», — деді депутат Қазбек Иса.
Ол «Ақ жол» партиясы 10 жылдан бері «Алашқа тағзым» шеруін өткізіп келетіні туралы айтып, былтыр бұл бастаманы және Қазақстан Азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыру керек деген ұсынысты Үкімет басшысы қолдағанын келтірді. Осыған байланысты депутат «Алашқа тағзым» күнін мемлекеттік деңгейде өткізу керектігін айтты.
«Биыл 21 сәуірде «Ақ жол» партиясы Ұлттық кеңесінде ұсынғанымыздай, 1937 жылы қазақтың қос премьері — Алашорда үкіметінің төрағасы болған Әлихан Бөкейхан мен Қазақ автономиялы республикасы үкіметінің төрағасы болған Нығмет Нұрмақұлы екеуін Мәскеуде бір күнде атқан — 27 қыркүйекті қазаққа қарсы жасалған зобалаң — Қанды репрессия құрбандарын еске алуға арналған «Алашқа тағзым» күні ретінде белгілеу керек», — деді ол.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Алаш жайлы ақпараттарды білім беру саласында пән ретінде оқытылуы керектігін ұсынды.
«Өткенін ұлықтай алмаған елдің болашаққа қадамы әлсіз болады. Тәуелсіздігіміздің бастауында тұрған Алаш қозғалысы тарихына мектеп оқулықтарында кешеге дейін бір жарым бет қана беріліп келді. Соның салдары Алаш жайлы анық ақпараттар жеткіліксіз болғандықтан, қазір әлеуметтік желілерде негізсіз, дәлелсіз айыптаулар мен қате тұжырымдар кездесіп қалады. Сондықтан еліміздің мектептері мен ЖОО-ларда толыққанды Алаштану пәні оқытылуы керек», — деді Қазбек Иса.
Осылайша, Алаш арыстарын ұлықтау мемлекеттік деңгейде жолға қойылуы бойынша Үкіметке жіберліген талабында келесі ұсыныстар жіберілді:
- Ұлттық мемлекет ретінде Ұлттық идеологиямыздың концепциясын қабылдау қажет!
- Алаш арыстарының аттарын ұлықтау мемлекеттік деңгейде жолға қойылып, еліміздің мектептері мен ЖОО-ларда толыққанды Алаштану пәні оқытылуы тиіс..
- Ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған Алаш қайраткерлерінің асқақ рухын қастерлеп, есте қалдыру шаралары (көшелерге, мектептерге, елді мекендерге есімдерін беру, ескерткіштер қою, т.б.) елорда мен өңірлерде тиісті дәрежеде жүзеге асуы қажет.
- Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған қазақтың мемлекет қайраткерлері атылған — 27 қыркүйекті (1937 жыл) Қанды репрессия құрбандарын, Алаш арыстарын еске алуға арналған және «Алашқа тағзым» күні ретінде белгілеу керек.
- Қасиетті Тәуелсіздікті жариялаған Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесің тарихи киелі ғимаратын мемлекетке қайтару қажет.
- «Ақ жол» фракциясы барлық облысқа жолдаған жергілікті Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін ұлықтау шараларын қайта көтеріп, бақылауға алу қажет.
«Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін енді бізге ұлт болып ұйысу – ең маңызды міндет. Алаш идеясы – ұлттық мемлекет құру еді. Ендеше, Ұлттық идеологиялық концепция қабылдап, Ұлттық мемлекет ретінде дамыйтын уақыт жетті!», — деп аяқтады депутат Қазбек Иса.
ПІКІР ЖАЗУ