Жаңалықтар

Айына 6 мың: Мүгедектігі бар азаматтар қалай күн көреді?

Қазақстанда ауыр мүгедектігі бар кейбір азаматтарға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы – айына небәрі 6,3 мың теңге, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Finprom мәліметіне сүйенсек, елде 738 мыңнан астам мүгедектігі бар адам бар. Бірақ олардың тек 553 мыңы ғана мемлекеттен жәрдемақы алады. Әсіресе Түркістан облысы (76,6 мың адам), Алматы қаласы (41,4 мың адам) және Қарағанды облысы (39,3 мың адам) жәрдемақы алушылар саны бойынша алда тұр. Жәрдемақының мөлшері де көңіл көншітпейді. 2024 жылы І және ІІ топтағы мүгедектерге 6,3 мың теңге тағайындалса, ІІІ топқа – 2,7 мың теңге ғана. 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы – 4,1 мың теңге. Бұл – өткен жылға қарағанда аздаған өсім болғанымен, шынайы қажеттіліктерді өтемейтіні анық. Табыс жеткіліксіз болғандықтан, кейбір мүгедектігі бар азаматтар жұмыс істеуге мәжбүр. 2023 жылы елде 46,4 мың мүгедектігі бар адам жұмыс істеген. Олар тек өздеріне ғана емес, отбасыларына да қолдау көрсету үшін еңбек етеді. Әлеуметтік қолдаудың осыншалықты төмен болуы қоғамдағы әлеуметтік әділдік туралы сұрақтарды күн тәртібіне шығарады. Айына 6 мың теңге – өмір сүрудің емес, өмір үшін күрестің көрсеткіші.
Барлық жаңалық