«Абай Құнанбайұлының тәрбиелік философиясы мен ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған бағдарлама аясында өткен»,- деп түсіндірді.Сонымен бірге, ендігі уақытта мазмұн мен әдіс-тәсілдерге мұқият болатынын жеткізіп, ҚазҰПУ – зайырлы жоғары оқу орны екенін және студенттердің еркін ойы мен таңдауына құрметпен қарайтынын айтып ақталды. Алайда бұл оқиға төңірегіндегі шу әлі де басылар емес. Абайдың философиясын негізге алып қыздарға «жақсы болуды» насихаттайтын бұл алғашқы оқиға емес. 2020 жылы абайтанушы Омар Жәлел Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қыздарды «маркерге» теңеп, қыздарды оқуға емес, бала тууға шақырған.
«Қыз баланың мұраты – өмір бойы оқып, академик-доктор болу емес, жастайынан бес зәруді бойына сіңіріп, «академик-докторларды» туып, тәрбиелеу», — деген ол.Қазақта әйелдер талайдан бері бизнес бастап, стартап ашып, ауыл мен қалада жұмыс орындарын құрып келеді. Олар тек келін міндетін ғана атқармай, арман қуып, кәсіпкер, ғалым, дәрігер, журналист, құрылысшы болып істеп келеді. Соған қарамастан әлі күнге дейін білім ордаларында қыздарды қырық үйден тыйып, ер адамдарға иілуді үйретуде. Бұл сырттай ұлттың дәстүрі болып көрінгенімен, ішкі мазмұнында патриархал мәдениеттің қалдығы жатыр.
«Қазақстанның кейбір университеттері білім берумен қатар жастарды «ұлттық тәрбие» негізінде қалыптастыруды басты мақсаттардың бірі ретінде қояды. Алайда соңғы жылдары бұл ұғым гендерлік теңдікке қарсы бағытталған құралға айналып барады. Қазақстанда дәстүрлі «қызды қырық үйден тыю» ұстанымы кеңінен белгілі. Университеттер бұл ұстанымды ресми деңгейде бекітіп отырғандай әсер қалдырады. ҚазҰПУ оқиғасы бұл көзқарастың жоғары білім беру деңгейіне дейін жеткенін көрсетті», — дейдіқұқық қорғаушы Әйгерім Құсайынқызы.Гендерлік стреотиптерге сәйкес, әйел адам бағынушы, ұяң және икемді болуға тиіс деген талаптар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. ҚазҰПУ-да орын алған жиналыстағы мазмұн – осы дәстүрлі парадигманың заманауи жалғасы. Ер адамдарға сәлем салу ұсынысы – әйелдердің әлеуметтік мәртебесін төмендететін және ерлер үстемдігін қайта бекітетін акт ретінде сипатталады. Осы оқиғаға қатысты Ozgeris.info тілшісі ана мен бала қарым-қатынасы бойынша коуч-тренер, мұғалім Эльмира Ерментайқызының пікірін сұрап білді. Сарапшының айтуынша, Абай Құнанбаевтың 45 қара сөзінде де, өлеңдерінде де қыз баланың қандай болуы туралы мораль айтылмаған.
«Абай тек адам ретінде қарастырады. Кейбіреулерінде қазақ деп қарайды. Гендерлік мәселе Абайдың философиясында жоқ. Сондықтан осы жерде университеттің ұлы ақынның тәлім-тәрбиесін насихаттаймыз деуі орынсыз. Қазақ халқында әйелдің ер адамға сәлем беруі керек деген ұғым да, дәстүр де жоқ. Сәлем беру тек келінде бар. Келін өзінің күйеуінің ата-анасына және күйеуінен үлкен қайын ағаларына, әпкелеріне ғана сәлем берген. Ол сәлемдесудің түрі. Басын июі — ол құрметтеуді білдіреді. Сәлем салғанда үлкен кісілердің батасын алады. Қыз балалардың ер адамдарға сәлем салуы, иілуі дәстүрімізде жоқ, қыз баланы ер баладан төмен санамаған. Керісінше, қыз бала жүрген жерде ер балалар артық сөз сөйлемеген, ерсі қылықтарын көрсетпеген. Ал университетте қыздарды жинап алып дәріс оқу ол тәрбие емес деп есептемеймін. Бұл менің жеке пікірім. Бұл қинап беріліп жатқан білім сияқты көрінеді», — дейді сарапшы.Қинап насихатталған дәрістің пайдасы жоқ дейді сарапшы. Сондықтан отбасылық философияға тереңірек үңілген жөн деп санайды.
«Отбасылық құндылық деген бар. Егер отбасында анасы мен әкесі тарапынан қыз балаға құндылық берілетін болса, оны ешкім өзгерте алмайды. Сондықтан қыздарды көшеден ұстап алып тәрбиелемей, қыздарды отбасында тәрбиелеу керек. Зорлап берілген нәрсе әрқашан наразылық тудырады. Ал нәтижесінде ол керісінше істеуі мүмкін, ашуланып. Иә, мен келісемін, ұрпақтың жақсы болуы қыздарға байланысты. Өйткені қыздар болашақ ана, олар балаларды тәрбиелейді, бойларына құндылықты сіңіретін қыздар. Сондықтан біздің қыздарымыздың ұлттық құндылықтарды сіңіруі, білуі, дәстүрлерді ұстануы және қадірлеуі өте маңызды, бірақ ол зорлықпен берілмеуі керек деп ойлаймын. Оған қыздар саналы түрде өздері келуі керек. Сондықтан қыз балалардың қоғамдағы рөлі өте маңызды екенін кішкентай кезінен тәрбиемен берілуі керек», — деп жауап берді біздің сұрағымызға Эльмира Ерментайқызы.
Сая Манарбекқызы