Ақтөбе. Бұл атаудың өзінде үлкен мән жатыр. Қарғалы мен Елек өзендерінің құятын сағасында жатқан төбені кезінде жұрт «ақ төбе» деп атапты. Сол кезде-ақ, ел Ақтөбенің туристік салада айқын жетістіктерге жететінін сезгендей…
Бүгінде аймақ миллиондар қаласына айналамыз деп әлеуметтік-экономикалық дамуына көп көңіл бөліп жатыр. Туризм де қалыс қалып жатқан жоқ.
Ішкі туризмді дамытуға ден қою мақсатында ашылған «Visit Aktobe» Туристік ақпараттық орталығы – соның айқын дәлелі. Түрлі танымдық, мәдени іс-шараларды қолға алған орталық жақында өңірде бұрын-соңды болмаған үлкен жобаны аяқтады. Бұл – бірнеше күнге созылған экспедиция еді.
Фото «Күлдірдің тақыры»
Еліміздің батысында орналасқан ерекше әсем аймақты көрмекке біраз мамандар жиналды. Сондағы мақсат – Ақтөбе облысындағы көпке белгілі және белгісіз жерлерді аралап, туризмге ден қою. Жиһанкездер Хромтау ауданындағы «Красная Москва» алқабын, Қарғалы ауданында орналасқан Сұпылысайды, Байғанин ауданында егіздер көптеп дүниеге келетін киелі Аққұм өлкесін, шетелдік ғалымдар айтып жүрген «Шахмат ханшайымы», яғни Ақбота-Сәңкібай шоқысын, жерастынан шығатын артезиан суларын, Доңызтау, Зымыстан, Құтымның шоқысы, Желтау тауын өз көздерімен көрді.
Фото «Красная Москва»
Сондай-ақ, экспедиция мүшелері жол жөнекей жай ғана жүретін жерлерін бағамдап қана қоймай, туристерге ыңғайлы болсын деп түрлі белгісіз ерекше жерлерге аялдап, арнайы координаттар түсірді. Бұл өзге де адамдарға адаспай келуге ыңғайлы болу үшін және қайда орналасқанын бірден google maps-тан оп-оңай тауып алуға себепші болу деген ниет.
«Visit Aktobe» Туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырған бұл экспедиция бір аптаға созылды. Алдағы уақытта да игі дәстүр жалғасын табады деген сенім мол. Өңірдегі туризмді қарқынды түрде дамыту – ел экономикасын арттыратын бірден-бір құрал. Демек, мұндай экспедиция өзге де өңірлерге қажет деп білеміз.
Арай Раисқызы
ПІКІР ЖАЗУ