Қоғам

«600 мың теңге»: Мұғалімдердің білімін бағалау тесті сатылып жатыр

Білім саласының кемшіліктері қашан жойылады? Қазақстан оқушыларының оқу сауаттылығы көңіл көншітпейді. Ал мұғалімдер білімін растау үшін ақша төлеп өтуге мәжбүр. Ал оны қоғамға айтудан қорқатын ұстаздар қауымы қолдарынан келгенше әлеуметтік арқылы мәселені жеткізуге тырысуда. Қоғам белсенділері бұл сұрақты былтырдан бері көтеріп келеді. Нағыз жемқорлықтың көзіне айналған бұл аттестация әлі шешімін тапқан жоқ. Ozgeris.info тілшісі мәселені анықтап көрді.

Мұғалімдердің білім сапасына оралмай тұрып, ел оқушыларының біліміне тоқталып өтейік. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сәйкес ҚР Оқу-ағарту министрлігіне өткір сауалдар қойды. Ең алдымен оқушылардың көрсеткен нәтижелері көңіл көншітпейді.

PISA нәтижесі бойынша отандық оқушылар 386 балл жинаған. Сәйкесінше 81 елдің ішінде оқу сауаттылығы бойынша 61-орынға тұрақтаған. Аталмыш нәтижеге қарасақ, елдегі білім алушылардың жартысына жуығы сауаттылықтың екінші шекті деңгейіне жете алмады. Бұл PISA бойынша үлгерімі төмен деген сөз. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, Қазақстан білім беру жүйесінің сапасы бойынша елдер рейтингінде 92 елдің ішінде 62-орында тұр. Ал бұл салаға миллиардаған қаражат құйылып жатыр. Бітпейтін реформа жасалып жатыр.

2023 жылы білім алушылардың сапасын анықтайтын мониторинг жүргізілген. Яғни 4-сынып оқушылары тест нәтижесі бір жылға қарағанда 19%-ға төмен тапсырған, ал 9-сынып оқушыларының білім сапасы 22%-ға төмендеген.

Ал енді педагогтердің жағдайына тоқталайық. 2024 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, елде 35 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Және бірнеше жылдан бері мұғалімдер мен мектеп директорларының біліктілік деңгейін анықтау мақсатында аттестация өткізіліп жүр. Бұл жағдай қоғамның наразылығын тудырды, себебі аттестация жемқорлыққа айналып жатыр. Бұл туралы журналист Маржан Рақай өзінің фейсбук парақшасында жазған еді.

Әу баста-ақ күмәнді болып басталған бұл тест қазір нағыз майшелпекке айналды. Неге десеңіз, мұғалімдердің тесттен өтуінен, өте алмай қалуы ықтималдығы жоғары. Бірақ, бірлі-жарымы болмаса, бәрі дерлік өтіп кетеді. Өйткені, осы уақытқа белгілі болған сомадағы “ставкалары” бар. 600 мыңнан басталады.

Бұл ставка мұғалімнің қай дәрежені қорғайтынына байланысты өзгеріп отыратын көрінеді.

«Таныс мұғалімдер сол параны беру тәсілін айтып берген еді. Бір күліп, бір жыным келіп. Мысалы, жас мұғалімдерге шілдехана, одан жоғарылар той, құдалық, сырға салу деген сияқты аттармен арнайы соманы саудаласады екен. Дәрігерлердің пара беруде “пәленше шар үрлеу керек” деген астыртын атауы ғой былайша айтқанда. Бұл аттестациялау мұғалімдердің айлығы көтеріле сала пайда болды емес пе? Әрі десе, оны өткізіп, бақылайтын мемлекеттік мекеме емес, арнайы тест орталығы. Яғни, сол салада жүрген жекелеген адамдардың “бизнесі” ма дерсің?Білім саласын басқарған өте бір білікті, қулығына құрық бойламайтын әккі басшының ісі ма деген ойым бар», — деді Жамбылдық журналист.

Мұғалімдерді осы аттестациядан құтқару керек сияқты көрінеді. Өйткені олар жаппай жемқорлыққа бастап бара жатыр.

«Әйтеуір таныс іздеп, ақшасын дайындап қойып жүрген ұстаздар… Онсыз да балаларға білім беріп, небір “жынды” ата-анамен тіл табысып, басшылығының еркелігін көтеріп, түрлі тексерістерге тойтарып беріп, шаршап жүрген ұстаздарды одан әрі талауды доғару керек! Тып-тыныш қана балаларға сабағын беріп, тәртіп пен тәрбиеге үйретіп, жоғары айлығын алып жүрсін», — деді ол.

Бұл мәселе былтыр көтерілген. Айтылған мәселе сол айтылды да, қалды. Енді бұл сұрақты мәжіліс депутаты да қойып отыр. Мұғалімдер әлі де тестердің сатылып жатқанын айтып, шағымдануда. Мысалы, тіркелу үшін алдын ала 50 мың төлейді екен. Ал тесттен өту үшін Таразда 500 мың төлесе, Алматыда 600 мың теңгеден басталады екен.

«Бүкіл ел бойынша тест сатылып жатыр. Ондай болса білім бағалап не істейміз? Менде дәлел жетеді. Ұстаздар айтудан қорқады, қудалайды деп. Нәтижесінде нағыз білімді ұстаздарды жойып, ақшаға сатып алған «білімді» азаматтар қалады. Оның не керегі бар? Бұл сұмдық. Тест басталмай, бір ай бұрын сатылып жатыр», - дейді депутат Нартай Аралбайұлы.

Барлық жаңалық