«Меломан» тобының әншісі Ғабит Бибасыұлының бұрынғы әйелі екеуінің не үшін ажырасқанын айтты.
Өнер иесінің бұрынғы әйелі, блогер Нұрила Ақберен журналист Анна Данченкоға берген сұхбатында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, бес жыл бойы таяқ жеп келгенін айтты.
«Алты жарым жылдай бірге өмір сүрдік. Бізге ешкім араласқан жоқ. Ажырасу менің шешімім болды. Екі адамның бірі осы ойға бекінсе, оған үшінші адамның қатысы жоқ. Қазір әйел құқығы қатты қорғалып жатыр. Осыған мен қатты қуаныштымын. Бес жыл үйде отырдым. Бес жыл таяқ жеп өмір сүрдім», — дейді ол.
Нұрила Ақберен жеке парақшасында әнші күйеуіне қатысты шындықты айта бастағанда, оның туыстары ренішін білдіріпті.
«Олар «Елге танымал өнер адамының атына күйе жақтың» деп айыптады. Сол кезде менің намысым мен арымды ешкім ойлаған жоқ. Бәрі балалы болғаннан кейін басталды. Мен жалған үмітпен өмір сүрдім. Адам өзгереді, отбасылық өмір осындай кезеңдерден тұруы керек деп қате түсінік таныттым. Бишімбаевтың ісін көріп отырып, қатты ауыр күйге түстім. Өйткені ешқашан өліп қаламын деп ойламайды екенсің. Соңғы кездегі соққыдан кейін, «мүгедек болып қалмаймын ба, менің кетуім керек» деген ой келді. Шапалақпен ұрдым дегенінің өзі – үш жұдырық. Соны түсіну керек», – дейді ол.
ПІКІР ЖАЗУ