Жаңалықтар

1800-ден көлік заңсыз тіркеліп, 11,8 млрд теңге залал келген

Кейінгі үш жылда елімізде 1800-ден аса автокөлік заңсыз тіркелгені белгілі болды. Бұл деректі Қаржылық мониторинг агенттігі жариялады. Тергеу нәтижесінде мемлекетке 11,8 млрд теңге зиян келгеніде анықталды, деп жазады Ozgeris.info.

Агенттіктің мәліметінше, көлікті бастапқы тіркеу үшін төленуі тиіс алымнан жалтарған 88 қылмыстық іс анықталған. Іс бойынша 70 адам күдікті деп танылды. Олардың қатарында әкімшілік полиция басшылары мен қызметкерлері, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының өкілдері, тіпті нотариустар да бар. Тергеу нәтижесінде 900 млн теңгеге жуық салықтық алым өндірілді. Сонымен бірге 31 млрд теңге тұратын 1 500 көлікке, 968 млн теңгенің күдіктілерге тиесілі мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде 125 млн теңгеге бағаланған 3 пәтер мен тұрғын үй және 21 млн теңге ақшалай қаражат мемлекет меншігіне өтті. Мысалы, Ақмола облысында әкімшілік полиция қызметкерлері 55 жүк көлігін заңсыз тіркеп, мемлекетке 401 млн теңге шығын келтірген. Сот оларды 2,5 жылға бас бостандығынан айырды. Айта кетейік, 2025 жылғы 5 сәуірден бастап мопед жүргізушілері де толыққанды жол қозғалысына қатысушылар қатарына енді. Енді олар көлігін тіркеп, нөмір алуға, жүргізуші куәлігі мен сақтандыру рәсімдеуге міндетті.
Барлық жаңалық