Әлеуметтік желі қолданушылары жаппай зейнетақы қорындағы ақшаларының белгісіз жағдайда жоғалып кеткенін айтып шағымданғаны туралы жазған едік. Ол кезде ай сайын айлықтанұсталатын 10 пайыз ақшаның 285 млрд теңгесі жоғалған. Шығынға батуға валютаның құбылуы себеп болды. Халықтың осы наразылығынан хабардар қаржы сарапшылары сабырлыққа шақырып, пікірлерімен бөлісті. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.
Сарапшылардың пікірінше, зейнетақы активтерін басқару нәтижесін ұзақмерзімді перспективада бағалаған дұрыс. Бұл туралы экономист Айбар Олжаев айтты.
«Бізде акциялар мен индекстердің құбылып отыруына қатысты, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы инвестициялық табыс көрсеткіші биржадағыдай өзгеріп отырады. Солай болуы тиіс. Бірақ соны тоқсан сайын, ай сайын төмендеп қалғанын БАҚ-тар жарыса жазып, қарапайым адамдарда «зейнетақым жоғалып барады» үрей пайда болады. Алайда активтің өсуін, жалпы ол бойынша нәтижені кемінде 3 жылдық перспективада қарастыру керек. Ай сайынғы құбылатынын аңдып отырудан жүйке жүйесіне зиян әкелмесеңіз, ешқандай пайда жоқ», - деді маман.
Халықаралық тәжірибеде АҚШ, Канада, Нидерланд сынды елдердің зейнетақы қорлары теріс немесе нөлдік табыстылық кезеңдерін талай бастан өткерген. Бірақ олар үшін басты көрсеткіш - ұзақ мерзімді перспективада инфляциядан жоғары болатын кірістілік мөлшерін қамтамасыз ету.
Бір сөзбен айтқанда, зейнетақы қорлары халықтың ақшасын ұзақ жылдар бойы инфляциядан құнсызданбайтындай қылып сақтауы тиіс. Демек, жыл сайын сол жылдың инфляциясынан жоғары табыс алып, салымшылардың ақшасына қосып отыруы керек. Егер осыны орындаса, демек ол қор жақсы жұмыс істеді деген сөз.
Қазақстанның БЖЗҚ жақсы қор ма? Қаржы маманының айтуынша, біздің зейнетақы қоры халықаралық нормаларға сай, және барлық міндеттемелерін орындап отыр.
«Ия, біздің БЖЗҚ кірістілік бойынша барлық халықаралық нормаларды орындап отырған жақсы қор. Себебі, жыл сайын ол инфляциядан жоғары табыс әкеліп, біздің зейнетақымызды құнсызданудан қорғап отыр. Соңғы 12 айдағы БЖЗҚ табыстылығы 11,99 пайызды көрсетті. Ал сол уақыттағы жиынтық инфляция 10% болды. Демек, 1,99% таза табыспен біздің зейнетақы инфляциядан артық өсті», - деп пікір білдірді ол.
Жеке кабинеттегі зейнетақы активтері биржадағыдай динамикалық жүйемен көрсетіледі. Сол кезде активтер құрамына кіретін акциялар, валюталар мен бағалы қағаздардың құбылып, қайта есептелуіне байланысты графикте минус пайда болады.
«Бізде сол минус неге екені белгісіз «ойбай, бәрі құрыды» деп бағаланады. Бірақ ол алдамшы көрініс. Бастысы, жыл қорытындысына қараңыз. Егер БЖЗҚ-ның жылдық кірістілігі сол жылдың инфляцияның кем түссе ғана уайымдауға болады. Бірақ соңғы жылдары ондай жағдайды мүлде көрмей жүрміз», - деп түйіндеді ойын маман.
Айта кетейік, осы жылдың ақпан айында салымшылар жаппай әлеуметтік желіде ақшаларының ұрланып жатқанын айтып жаза бастаған еді. Олар өздерінің салымдарын тексерген уақытта бір ай ішінде жиналған сомаларынан айтарлықтай қаражаттың жоқ екенін көріп, суреттерін жариялаған. Кейін белгілі журналист билікті қатаң сынға алды. Ал БЖЗҚ өкілдері бағам өзгергенде ұтылып қалғандарын жазып ақталған еді. Десе де осы саланың білікті сарапшылары халықты сабырға шақырып, алаңдайтын мәселе жоқ деп сендіріп отыр.
Оқи отырыңыз: «БЖЗҚ басшылығын жұмыстан қуу керек»: Халықтың зейнетақы қорындағы ақшалары ұрланып жатыр «Зейнетақы қоры қораға кірді»: Журналист халықтың 285 млрд теңгесін жоғалтқан билікті сынады