28 ақпанда Қызылордадағы «Қуатамлонмұнай» компаниясының 150-ге жуық мұнайшысы жұмыстарын тоқтатты. Олар жалақыларын жетпіс пайызға өсіруді талап етуде, деп хабарлайды ozgeris.info порталы Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеп.
«Қуатамлонмұнай» жұмысшылары талаптарын айтып басшылары отыратын кеңсеге барған. Олар жалақыларын жетпіс пайызға өсірсін дейді. Алатын ақылары маңдай тер, адал еңбектерін ақтамайтындарын айтады.
«Қыстың суығы бар, жаздың ыстығы бар. Қазір мұнайшымын деп айтуға ұяламыз. 150 мың айлық. 15 күн денсаулығымызды беріп келеміз. Ол жақта экология ғой, оңай емес. 15 күн демаласың ба, әлде әрі қарай күн көру үшін 15 күн қосымша жұмыс істейсің бе?», — деді мұнайшылардың бірі Дархан Жанахметов.
Бүгінде алып компанияда қысы-жазы жұмыс істейтін қарапайым мұнайшылар 100-150 мың теңге аралығында алады. Бірақ қазіргі қымбатшылықта бұл табыспен күнелту мүмкін емес дейді. Ал былтыр қайта-қайта жалақы мәселесін көтеріп жүріп, 4% қостыртқан ақша азық-түлік өсімінен артылмады деп ашулы.
«Құзырлы органдардың бәріне шағымдандық. Айналысып келе жатқандарына неше жыл болды. Екі жақты комиссия құрылады. Бірақ ешкім шеше алмайды», — деп қосты Алмат Тұрмаханов.
Ал компанияның басшылары айлық мәселесін тек құрылтайшылар бекітетінін айтады.
«Әуелі құрылтайшылар жиналыс өткізулері керек. Біз қазір бұл мәселені талқылаймыз. Араларыңызда 5-6 адам бізбен қалып, қалғандарыңыз жұмыстарыңызға бара беріңіздер», — деп мәлімдеді директордың көмекшісі Янь Ю.
Алайда жиналғандардың барлығы талаптарын орындатпай жұмысқа шықпаймыз деп бекінген.
ПІКІР ЖАЗУ