«Үзілді-кесілді тыйым салды». Елена Рыбакина қазіргі жағдайын айтты

Фото: Robert Prange/Getty Images

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Париж Олимпидасына қатыспайды. Мұны Қазақстан теннис федерациясы ресми растады. Осыдан кейін Елена Рыбакина жанкүйерлеріне үндеу жолдады, — деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Федерация Қазақстанның бірінші ракеткасы денсаулығына байланысты Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатыса алмайтынын мәлімдеді.

Елена Рыбакина осы шешімінен кейін қазақстандық жанкүйерлерге үндеу жасады.

«Құрметті қазақстандықтар! Мұны айту қиын, бірақ, өкінішке қарай, Париждегі Олимпиадаға қатыса алмаймын.

Уимблдон турнирінен кейін мен асқынған бронхитпен ауырдым, жаттығуға оралуға тырысқаныммен, ағзам әлі қалпына келе қойған жоқ. Дәрігерлер кортқа шығуыма үзілді-кесілді тыйым салды.

Үміттеріңізді ақтап, Париждегі Олимпиадада біздің құрама атынан бақ сынай алмайтыныма қатты қапалымын. Токиода медаль алуға жақын қалған едім және Қазақстан қоржынына алтын жүлде салу үшін Париж ойындарына тыңғылықты дайындалдым. Өкінішке қарай, бұл дерт жоспарды жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.

Барлық қазақстандық спортшыға Парижде сәттілік пен жетістік тілеймін! Мен біздің барлық спортшымызға жанкүйер боламын және олар Олимпиадада еліміздің намысын қорғайды деп сенемін. Алға, Қазақстан!», — деді спортшы.