Жаңалықтар

Университет басшылары 256 млн теңгені жымқырған

Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы университетте қаржылық құқық бұзушылық дерегі анықталды. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, университеттің бірқатар басшылары жалған келісімшарттар арқылы 256 миллион теңгені жымқырған. Тергеу материалдарына сәйкес, бұл қаражат құрылыс-монтаж жұмыстары, қызмет көрсету және тауар жеткізу бойынша шарттар негізінде мердігер ұйымдарға аударылған. Алайда іс жүзінде аталған қызметтер көрсетілмеген, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Тергеу барысында университет басшылығы мен мердігер компаниялар жалған құжаттар арқылы қаржыны заңсыз жолмен иемденгені анықталды. Келісімдерде көрсетілген жұмыстар атқарылмағанына қарамастан, қызмет көрсету актілері рәсімделіп, қаражат университет басшылығымен байланысы бар компаниялардың есепшотына түскен. Кейіннен бұл қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, басшылардың жеке қажеттіліктеріне пайдаланылған. Тергеу органдары жымқырылған 256 миллион теңгенің нақты қайда жұмсалғанын да анықтады. Күдіктілер бұл қаражатқа алты қымбат автокөлік, оның ішінде Mercedes-Benz S-класс және Lexus LX570 сияқты көліктерді сатып алған. Сонымен қатар Шымкент қаласының орталығынан құны 254 миллион теңге тұратын элиталық коттедж иеленген. Қазір соттың санкциясымен бұл мүліктерге бұғат (арест) қойылды. Қылмыстық іске қатысты бірнеше лауазымды тұлға күдікті деп танылды. Олардың қатарында университет ректорының міндетін атқарушы, қаржы департаментінің директоры, әкімшілік департаментінің директоры және бірқатар мердігер компания басшылары бар. Төрт күдікті үйқамаққа алынды, ал қылмыстық іс сотқа жолданды. Айта кету керек, бұл білім беру саласындағы алғашқы қаржылық құқық бұзушылық емес. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы шенеунігі бюджет қаржысынан 1,5 миллиард теңгені жымқырғаны үшін ұсталып, қамауға алынған болатын.  
Барлық жаңалық