Соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстанда суару каналдарын қайта құру бойынша ірі жоспарлар үнемі жарияланып келді. Ресми деректер бойынша, 1994 жылдан бері 14 000 км-ден астам суару желілерін қайта құру жөнінде мәлімдемелер жасалған. Дегенмен, 2024 жылғы аудит тексерулерінің нәтижелері бойынша, іс жүзінде 6 000 км-ден астам желінің ғана жұмыс істеп тұрғаны анықталды.
Бұл уәделердің іске аспауына бірқатар нақты себептер бар.
«Орындалған жұмыстарды тәуелсіз бақылау мен тексерудің жоқтығы, жалған жөндеу жұмыстары мен қаржыны игеру тәжірибесі, есептілікті «актілер бойынша» жүргізу (нақты жұмыс қабілеттілігіне қарамастан), сонымен қатар көрсеткіштерді арттыру мақсатында есепте негізсіз түрде шамадан тыс көлемдерді көрсету», — дейді агросарапшы Кирилл Павлов.
Агросарапшы Қазақстандағы ирригация және сумен жабдықтау саласындағы іске аспаған мемлекеттік бағдарламалар туралы ащы шындықты айтты. Ол 1994-2024 жылдарға талдау жасап, өзінің есебімен бөлісті. Ozgeris.info тілшісі сарапшылардың деректеріне сүйене отырып, сараптама ұсынады.
Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан ирригациялық инфрақұрылымды дамыту мен жаңғыртуға миллиардтаған теңге бөлді. Алайда нақты нәтижелер мен су шаруашылығының жағдайы әлі де көптеген сұрақтар туындатып келеді. Су шығыны әлі де 50–70% деңгейде қалып отыр. Ал кейбір өңірлерде (Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары) инфрақұрылымның жағдайы тіпті сын көтермейді.
Осы уақытқа дейін министрлік су шығынын төмендетуге құр уәде берумен келеді. Мысалы 2021 жылы Экология министрлігі 2025 жылға дейін суару арналарының шығындарын 25%-ға дейін төмендетеміз деді. Бірақ бұл мәлімдеме су шығындарын есептеу әдістемесі немесе оларды азайту жоспары жарияланбастан жасалды.
2024 жылы кешенді жоспар аясында мемлекеттік органдар 2028 жылға қарай шығындарды 30–35%-ға дейін төмендету мақсатын көздейтіндерін тағы да жеткізді. Алайда бұл жоспар да бақылау механизмдері, бастапқы деректер және өңірлік деңгейдегі күтілетін әсер туралы нақты мәліметтерсіз ұсынылды.
Бүгінгі таңда нақты қандай нәтижеге қол жеткіздік?
Ресми және тәуелсіз дереккөздер бойынша, су тасымалдау кезіндегі шығындар әлі де 50–70% құрайды. Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында жөндеу жүргізілмеген. Топырақ арналар арқылы ағып жатқан судың шығыны айтарлықтай жоғары деңгейде.
Бірқатар есептерде (соның ішінде Жоғары аудиторлық палата мен БАҚ материалдары) қай аудандар нақты қай жерде тиімділікке қол жеткізгені туралы нақты ақпарат жоқ екенін дәлелдеді. Сәйкесінше, бұл берілген уәделердің орындалуын тексеруді қиындатып отыр.
Жүйелік дисфункция: инфрақұрылым, басқару, сыбайлас жемқорлық
Қазақстандағы суару жүйесінің негізгі бөлігі топырақ арна арқылы жүргізілген, бетон немесе пластикпен қапталмаған ашық каналдардан тұрады. Бұл судың сіңуі мен булануы арқылы айтарлықтай шығынға алып келеді. Көптеген жөндеу жұмыстары тек қағаз жүзінде атқарылған болып тіркеледі, ал су шығынын шын мәнінде азайтатын технологиялар енгізілмейді.
Кей жағдайларда ескі жабдықтар пайдаланылады, ал арналарды ауыстыру тек тегістеу немесе тазартумен шектеледі, күрделі жаңғырту жүргізілмейді.
Мысалы Алматы облысында 5 млрд теңгеден астам қаражатқа жүзеге асырылған ирригациялық желілерді “жаңғырту” жобасынан кейін де су шығыны жойылмады. Фермерлер суармалы маусымда су жетіспеушілігіне шағымдануда.

Басқарудың тиімсіздігі
Қазақстанда ирригациялық инфрақұрылымды басқару бытыраңқы сипатқа ие: “Қазсушар” тек магистральдық арналардың бір бөлігіне жауап береді, ал егістік және шаруашылықаралық желілер әкімдіктердің, коммуналдық кәсіпорындардың және су пайдаланушылар қауымдастықтарының қарамағында.
Су арналарының техникалық жағдайын бақылап отыратын бірыңғай кадастр немесе цифрлық платформа жоқ.
Бұл басқару құрылымдары арасындағы келіспеушілікке, жөндеу жоспарлауындағы үйлесімсіздікке және тиімділікті есептеудің күрделілігіне әкеледі.
Есеп комитетінің баяндамалары көрсеткендей, жаңғыртуға бөлінген қаражаттың бір бөлігі жергілікті органдар арқылы үйлестірусіз бөлінген, бұл шығындардың қайталануына және тиімділіктің төмендеуіне алып келді.
Сыбайлас жемқорлық
Жоғары аудиторлық палата деректеріне сәйкес, 2023 жылы “Қазсушардың” бес басшысы бюджет қаражатын игерудегі қаржылық бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылды.
Алматы облысында суару арналарын жалған жөндеу фактілері анықталды, мұнда мердігерлер орындалмаған жұмыстар туралы есеп берген.
Маңғыстау облысында ирригациялық жобаларды іске асыру кезінде “Қазсушар” лауазымды тұлғалары тарапынан бюджет қаражатын ұрлау фактілері тіркелген (fbrk.kz).
Оңтүстік Қазақстанда БАҚ пен тергеу материалдары көрсеткендей, кадрлық ауыс-түйісте тамыр-таныстарын орналастыру және сыбайлас жемқорлықтың бар екені дәлелденді.
Алматы облысында “Қазсушар” филиалының директоры мемлекеттік сатып алу процестерін бұза отырып, өз туыстарын жұмысқа орналастырған.
Мониторингтің жоқтығы
Бұл материал жарық көрген уақытта, яғни 2025 жылдың наурызына дейін суару нысандарының техникалық паспорттарын міндетті түрде жүргізу және жаңарту тәжірибесі енгізілмеген, бұл олардың нақты жағдайын бақылауды қиындатады.
Мемлекеттік органдар әлі күнге дейін судың шығынын азайту, суару тиімділігін арттыру, автоматтандыру деңгейін көтеру сияқты өлшенетін KPI енгізген жоқ. Сәйкесінше су шығыны, суару тиімділігінің артуы, автоматтандыру және цифрландыру деңгейінің өсуі, сондай-ақ жаңғыртудан кейін 1–3 жыл ішінде арналардың физикалық жағдайын болжап білу мүмкін емес.
Фермерлер мен су пайдаланушылардан кері байланыс алу тетіктері жоқ немесе заңдық күші әлсіз, бұл жергілікті мәселелерді анықтау мен шешуге кедергі келтіреді.
Есептілік тек формалды аяқтау актілері негізінде жүргізіледі: су арналарының тиімділігі жөндеу алдында және одан кейін, суды үнемдеу немесе гектарға жұмсалатын шығындардың азаюы туралы мәліметтер жарияланбайды.
Ордабасы ауданы, Жетісу және Алматы облыстарындағы мысалдар көрсеткендей, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бір-екі жыл ішінде арналар қайтадан жарамсыз күйге түседі, немесе ешқашан толыққанды жұмыс істемеген, соған қарамастан ресми есептерде олар пайдалануға берілді деп көрсетілген. (Ордабасы ауданы мен Жетісу жобалары) жаңғырту жұмыстарының ұзақ мерзімді әсерін бақылау жоқ екенін дәлелдейді.
2023 жылы Еуразиялық Даму Банкі (ЕАДБ) “Орталық Азия: ирригацияны қайта жүктеу” атты есебінде су шығындарының басым бөлігі магистральдық арналарда емес, егістік деңгейінде орын алатынын көрсетті.
Қашықтықтан зондтау (ДЗЗ) деректері бойынша, су тұтыну деңгейі “Қазсушар” есептерімен сәйкес келеді, алайда негізгі шығындар (2/3-ке дейін) егістікте орын алатыны белгілі. Бұл тек суару арналарының қайта жөндеу жұмысарына ғана емес, суару әдістерін жаңғыртуға да басымдық беру керектігін көрсетеді.
2024 жылдың басына қарай ресми деректер бойынша су үнемдейтін технологиялар (тамшылатып және шашыратқы суару) енгізілген жер аумағы шамамен 851 мың гектарды құрайды, бұл елдегі суарылатын жердің жалпы ауданының шамамен 30%-ына сәйкес. Дегенмен, бұл көрсеткіш соңғы 15–20 жыл ішінде орнатылған барлық жүйелерді қамтиды, олардың нақты пайдалану деңгейі, тиімділігі немесе жұмыс жағдайы бойынша бөлінбейді.
Сонымен қатар, есептеу әдістемесі ашық емес. Аймақтар бойынша жүйелер тізімдері, карталары немесе техникалық паспорттары жарияланбайды, бұл олардың нақты жұмыс істеуін тексеруге және бақылауға кедергі жасап отыр.
Жаңа инвестициялар: сенімге нұқсан келуі мүмкін бе?
Ислам даму банкі су саласындағы жобаларға $1,15 млрд бөлуге дайын. Бірақ 30 жыл бойы орын алып келе жатқан жүйелі сәтсіздіктер, сыбайлас жемқорлық, бақылаудың әлсіздігі мен ашықтықтың жоқтығы бұл қаражаттың тиімді жұмсалатынына кепілдік бермейді.
Елдегі жүйелі мәселелерді көтерген сарапшы Кирилл Павлов келесідей стратегиялық ұсыныстаржасады. Айтуынша, ең алдымен барлық нысандардың онлайн мониторинг платформасын және паспорттау жүйесін енгізу керек. Одан бөлек барлық жаңа жобалар үшін тәуелсіз аудитті міндетті ету маңызды. KPI-ді нақты белгілеу керек. Яғни у шығынын азайту, өнімділікті арттыру, автоматтандыру деңгейін көтеру. “Қазсушар” функцияларын бөлетін уақыт келді. Пайдалану мен инвестициялық басқаруды ажырату қажет. Жаңғыртылған нысандардың өнімділік көрсеткіштерін ашық жариялауды жүйеге келтіру керек.
«Сынай білсең – ұсыныс жасай біл деген, мен де өз деректерімде нақты стратегиялық ұсыныстар жасадым», — деп түйіндеді ойын сарапшы.
ПІКІР ЖАЗУ