Жаңалықтар

«Отбасы банк» ипотека төлеу тәртібін өзгертпек

2025 жылдың 2 шілдесінен бастап «Отбасы банк» алдын ала және аралық заемдарды мерзімінен бұрын толық өтеу тәртібін жаңартпақ. Бастапқыда бұл ережелер 2 маусымда күшіне енуі керек еді, алайда банк клиенттерге бейімделуге уақыт беру үшін өзгерісті бір айға шегеріп отыр, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Бұдан былай егер клиент қарызын мерзімінен бұрын түгел жауып тастаса, сол заемға байланған депозиттегі бүкіл жинағы автоматты түрде қарызды жабуға жұмсалады. Яғни, шотта қалған ақша өз еркіңмен жұмсалмайды, банк оны қарызды өтеуге бағыттайды. Сонымен қатар қарыз жабылғаннан кейін салым шарты да тоқтатылады. Бұрынғыдай «ақшам қалсын, қайтадан жинай берем» деген мүмкіндік енді болмайды. Жаңа несие керек болса, жаңа депозит ашу қажет. Неге бұлай жасалып отыр? Банк бұл қадамды тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін жасап жатқанын айтады. Себебі жүйе өзара сенім мен қолдауға негізделген: біреу ақша жинап жатқанда, екіншісі сол ақшамен төмен пайызбен үй ала алады.

«ТҚЖ жүйесі өзара қолдау қағидаты бойынша жұмыс істейді: кейбір салымшылардың жарналары есебінен басқалары қолжетімді заем ресімдеуге мүмкіндік алады – жылдық 3,5%-дан (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) жылдық 8,5%-ға дейін (ЖТСМ 9%-дан 9,6%-ға дейін). Яғни, кейбір салымшылар жинақ жасап жатқанда, басқалары соның арқасында ең төменгі мөлшерлемелер бойынша қарыз ала алады. Жаңа салымдардың тұрақты ағыны қаражатты бөлудің тұрақтылығын, әділдігін қамтамасыз етеді және азаматтардың кең ауқымы үшін тұрғын үй қарыздарының қолжетімділігін кеңейтеді», делінген «Отбасы банк» мәлімдемесінде.
Барлық жаңалық