Жаңалықтар

Үкімет интернет үшін тағы да қарыз алды

Мәжіліс Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінен (ХҚҚДБ) қарыз алу туралы келісімді мақұлдады. Құжатқа былтыр желтоқсанда қол қойылған. Қаржы ауыл-аймақтағы интернет сапасын жақсартуға бағытталады. Мәжілісмен Нұртай Сабильяновтың айтуынша, жоба сапалы әрі тұрақты кең жолақты байланыс инфрақұрылымын тартуға арналмақ, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Қарыз сомасы – 275 млрд теңге. Оны Қаржы министрлігі 11 жылда өтеуі тиіс.
«Қарыздың мақсаты – мұндай қызмет көрсетілмейтін немесе жеткіліксіз деңгейде көрсетілетін ауылдық елді мекендерді сапалы әрі тұрақты кең жолақты байланыс инфрақұрылымымен қамтамасыз ету», деді депутат.
Айтпақшы, биыл «Бәйтерек» холдингі Қытай банкінен 400 млн юань қарыз алып, оны ауыл шаруашылығына жұмсауға келіскен. Ал өткен жылы бюджет тапшылығын жабу үшін Азия Даму Банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 170 млрд теңгеден астам қаржы сұралған.
 
Барлық жаңалық