Ұлттың сын садағына іліккен ұялы байланыс операторлары жұрттың зығырданын қайнатуы мүмкін. Өйткені, олар бұдан былай байланыс мұнараларын тұрғындардың рұқсатынсыз орната алады. Бұл туралы Цифрлық даму министрлігі әзірлеген заң жобасында айтылды. Ал оған қарсылық көрсетуге бола ма? Заңгерлер не дейді?
Ozgeris.info елді толғандырған сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Елдің пікірін екінші орынға қойып, заң жобасын қабылдап, артынша ағайын ашуланса түк білмегендей түрленіп шыға келетін шенділер бар. Бұл, бүгінгі бастамашыл топтарға ескертпе. Өйткені, қарашаңырағына мұнара орнатудан бас тартқан ағайын сотқа шағымдана алады.
«Интернетті дамыту үшін үкімет осындай шешімге келіп отыр. Алайда заң аясында қарама-қайшылық жоқ. Бұл жобаны қолға алғаннан кейін үлкен сараптама жүргізіледі. Қаншалықты бұл толқындар адам денсаулығына қауіпсіз? – деген сауал алдыңғы қатарға шығуы тиіс. Сондай-ақ заңгерлерде бұл жерде ат салысуы керек. Өйткені, тұрғындар орнатқысы келмесе өзінің конституцялық құқын пайдаланып сотқа шағымдана алады. Ол үшін тұрғындар тәуелсіз сараптама тағайындауы тиіс. Тұрғын үй немесе жеке меншік мүлікке қатысты заң жобаларына сүйеніп қарсылық білдіруіне болады», - дейді заңгер Арман Шәріпов.
Ешкімнің мүлкіне рұқсатсыз қол сұғуға болмайды. Ал көпқабатты үйлердің шатырына орнатса, кондоминиум өкілдері бірігіп талап арыз бере алады екен.
Егер заң жобасы қабылданып, күшіне енсе, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң жаңа 38-1-баппен толықтырылады.
Жаңа бапта былай делінген:
- Телекоммуникациялық құрылғылар, соның ішінде кондоминиум нысандарына жататын ғимараттар мен құрылыстарға, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болған жағдайда орнатылады;
- Мұндай құрылғыларды орнату үшін ғимараттар мен құрылыстардағы кондоминиум нысандарының, пәтерлер мен коммерциялық орындардың меншік иелерінен немесе олардың өкілдерінен келісім алу талап етілмейді;
- Егер санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болса, кондоминиум нысандарына телекоммуникациялық құрылғы орнатуға меншік иелері немесе олардың өкілдері тыйым сала алмайды;
- Кондоминиум нысандарындағы телекоммуникациялық құрылғылар ұялы байланыс операторларының меншігі болып есептеледі.