Бүгін Бакуде Түркі әлемінің ортақ әліпбиі жөніндегі комиссияның үшінші отырысы аяқталып, бірлескен мәлімдеме жарияланды, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі «АЗЕРТАДЖ»-ға сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, 9-11 қыркүйек аралығында Бакуде Халықаралық Түркі академиясы мен Түркі тілі институтының ұйымдастыруымен түркі әлемінің ортақ әліпбиі жөніндегі комиссияның үшінші отырысы өткен. Кездесу қорытындысы бойынша баспасөзге мәлімдеме жасалды.
Түркі мемлекеттері ұйымы жанынан құрылған түркі әлемінің ортақ әліпбиі жөніндегі комиссия мүшелерінің қатысуымен өткен басқосудың негізгі мақсаты – осы тақырып негізінде жинақталған білім мен тәжірибе алмасу екені атап өтілді. Комиссияның осы саладағы екі жылдық жұмысының қорытындысы, сондай-ақ түркі тілдеріне ортақ әліпби жобасы бойынша жұмыстың қорытындысы шығарылды.
Жиында 1991 жылы ғалымдар ұсынған латын әліпбиіне негізделген түркі әлеміне ортақ әліпби жобасы қаралды.
Талқылау нәтижесінде 34 әріптен тұратын түркі әлемінің ортақ әліпбиі туралы келісімге қол жеткізілді. Алфавиттің әр әрпі түркі тілдеріндегі әр түрлі фонемаларды көрсететініне ерекше назар аударылды.
«Кездесудің сәтті аяқталуының тарихи маңызы бар. Түркі әлемінің ортақ әліпбиін жасау түркі халықтарының өзара түсіністігі мен ынтымақтастығын нығайтуға қызмет етеді, сонымен қатар олардың тілдерінің сақталуына ықпал етеді.
Халықаралық Түркі академиясы мен Түркі тілі институты осы үдеріске қолдау көрсеткен түркі мемлекеттерінің басшылығына, сондай-ақ жұмысына атсалысқан комиссияның барлық мүшелеріне зор алғысын білдіреді. Біз барлық тиісті мекемелерді түркі әлемінің ұсынылып отырған ортақ әліпбиін іске асыруға белсенді түрде қолдау көрсетуді сұраймыз», — делінген мәлімдемеде.
ПІКІР ЖАЗУ