Дональд Трамптың әкімшілігі қателесіп, Украинадан келген босқындарға АҚШ-тан тез арада кетулерін талап еткен электрондық хаттар жіберген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, гуманитарлық бағдарлама арқылы АҚШ-та заңды түрде тұрып жатқан бірнеше украиндық қателесіп, хаттар алды. Хатта олардың заңды мәртебесі жойылғаны және жеті күн ішінде елді тастап кетулері керек екендігі айтылған. Әйтпесе, «федералдық үкімет оларды тауып алады» деп ескертілген.
Кейін АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі бұл хаттардың қателікпен жіберілгенін хабарлады. Сондай-ақ, 2022 жылы басталған соғыстан кейін украиндықтар үшін енгізілген уақытша кіру рұқсаты бағдарламасының тоқтатылмағанын атап өтті.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден әкімшілігі «Uniting for Ukraine» (U4U) деп аталатын саясат аясында 240 мыңға жуық украиндықты қабылдады. Бұл бағдарлама американдықтарға соғыс салдарынан елден кеткен украиндықтарды қолдауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, соғыс басталғанда Мексикаға ұшып кеткен 20 мыңнан астам украиндық та «Ukrainian parole program» бағдарламасы аясында АҚШ-қа кіруге рұқсат алды. Бұл бағдарлама гуманитарлық себептермен уақытша жұмыс істеуге рұқсат пен депортациядан қорғауды қамтамасыз етеді.
Ал бұрын Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі Қазақстан азаматтарына АҚШ-тағы миграциялық ережелердің қатаңдайтыны туралы ескерту жасаған болатын. Елшілік АҚШ-тағы азаматтарымызға заң талаптарын сақтауды ұсынған.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру