Қазақстанның органикалық өнім өндірушілер одағының директоры Әрсен Керімбеков фейсбук желісіндегі жеке парақшасында елорда маңында малдың терілері мен ішек-қарны шашылып жатқанын көрсетіп, суреттерімен бөлісті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жазба авторы елімізде малды ет комбинаттарына өткізу жүйесі бір ретке келтірілмегенін айтып қапаланды.
«Неге бізде көп елге қарағанда ет бағасы солармен бірдей, көбіне тіпті қымбат? Себебі осы жылдар бойы малды ет комбинаттарына өткізу жұмысын реттей алмадық. Бағдарламалар, субсидиялар – мұның бәрі бос сөз. Мына фотолар кеше түсірілген. Астана қасапханасының маңында тері, ішек-қарын мен ұйыған қан жайрап жатыр. Ал оның иісі қандай болатынын елестетіп көріңіздер!», — деп жазды Керімбеков желідегі парақшасында.
Керімбековтың жазбасынан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Астана қаласы аумақтық инспекциясы полицейлермен бірге суреттегі жерге барды.
«Тексеріс барысында Алаш шоссесі, 313 көшесінде, «Агро Өнім Астана» ЖШС мал сою пунктіне іргелес аумақта малдың ішек-қарны табылды. Мал соятын пункт құрылыс жұмыстарына байланысты 2023 жылы қызметін тоқтатқан. Алайда Құрбан айт кезінде уақытша мал сойылған», — делінген хабарламада.
Бұдан бөлек Алаш шоссесі көшесінен құрылыс қоқысы мен малдың ішек-қарны шашылған тағы бір жер учаскесі табылды.
ПІКІР ЖАЗУ