Биыл тасқыннан зардап шеккен ақтөбеліктер биліктің көмегіне әлі де мұқтаж, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Қаланың ортасымен өтетін Жіңішке өзенінің бойындағы саяжай тұрғындары өзенді тазартып, іргесін бекітіп беруді сұрайды. Олар әкімдік жұмысты биыл бастамаса, келер жылы да судың астында қаламыз деп алаңдаулы.
Ағып жатқан өзеннің түбі он жылдан астам уақыттан бері тазартылмаған көрінеді. Соның кесірінен қазір арна қамыс пен топыраққа толып қалған. Жыл сайын суға кетіп қиналған халық биыл көктемде өз күштерімен өзеннің екі жағына топырақ үйген.
“Қамыс толған. Жіңішкенің бойы көктемде толады. Бұрылыс болған жердің құмы, лайының бәрі Жіңішкенің бойына жиналып, сол жерде қалып қояды. Су өте алмағаннан кейін мұзы, қамысы тұрып қалады. Бірнеше жылдан бері тазартылмаған, тал өсіп кеткен. Талға барып, қамыс пен мұз тіреледі. Сол жерде судың бәрін тоқтатады”, – деді тұрғын Бауыржан Нұрмағамбетов.
“Ендігі мәселе сол арнасын тазалап, дамбаны көтеріп беру керек. Дамбаны көтермесе, суға кетеміз. Енді суға кететін болсақ, үйіміз құлайды”, – деді ақтөбелік Айнұр Ақтанова.
Тұрғындардың сөзінше, Жіңішке толық тазартылып, жағасына дамбы салынбаса, сол маңдағы бау-бақша ұжымдары келер жылы су астында қалады. Ал әр саяжайда жүзге жуық үй бар. Сондықтан жұртшылық әкімдіктен мәселені күз біткенше шешіп беруді сұрайды. Ал қалалық әкімдік өкілі халықтың талабы биыл орындалады деп сендірді.
“Мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылып жатыр. Қашықтығы – 900 метр. Жеңіс көпірінен Рысқұлов көпіріне дейін, Рысқұлов көпірінен теміржолға дейінгі аймақтарға үйінділер үйіледі. Сонымен қатар ішіндегі ағаштар, талдар алынады. Осы қыркүйектің аяғында жұмыс басталады”, – деп мәлімдеді Ақтөбе қалалық тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің маманы Талғат Наурызов.
Қалалық әкімдік өкілі бұл мақсатқа 34 миллион теңге қаржы бөлінгенін айтты. Мердігер мекеме анықталғаннан кейін жұмыс бірден басталады екен.
ПІКІР ЖАЗУ