Қазақ театр өнерін әлемдік деңгейге көтеріп, мәртебесін аспандатқан, сахналық шешімдерінің тереңдігімен жаңашыл режиссер атанған, тек сахнада ғана емес, күнделікті өмірде де белсенді саясаткер ретіде танымал, Жаңаөзен мұнайшыларын қорғағаны үшін түрмеге жабылып, шет ел асуға мәжбүр болған Болат Манашұлы Атабаев арамызда аман жүрсе 2022 жылдың 14 сәуірінде ардагер жасы 70-ке келетін еді.
Заманымыздың жарқын, аса талантты режиссері Болат Атабаев өзінің сахнаға деген қайталанбас мәнерімен, көрерменді тәнті еткен ерекше қойылымдарымен танымал тұлға болатын. Оның қойылымдары көрерменін таңдандырып, тамсандырумен қатар, кейбір дүниелері талас-тартыс тудырып, көрерменге ой салумен ерекшеленетін. Мысал ретінде, кең көлемді, салтанатты, көп тұлғалы, эпикалық «Абылайхан», жалпы театр әлемінде де, көрермендер арасында көп айғай-шу тудырған «Көкбөрі», терең, ойлы, «қайғылы күлкіге» негізделген «Кемпірлер соты», бір тұлғаны бес актер ойнайтын «Алматылық Мильфорд ханым» т.б. дүниелерді атауға болады. Ал «Зұлымдық пен махаббат» қойылымында Атабаев тұлғаны жою технологиясын, билікке жету жолындағы күрестің, қулық пен сұмдық әдістерін аша түседі. Ол жаңашыл режиссер ретінде Абайдың «Қара сөздері» негізінде «Жұмбақ жан» символдық драмасын және опера-мюзикль жанрындағы «Қыз Жібекті» қойылымын сахналап көрерменді таң қалдырып, театр сыншыларын шулатқан тұлға. Алланың назары түскен театр ұстазы ретінде ол, ұлттық режиссурадағы өз стилін қалыптастыру жолында тынбай еңбек етті. Өкінішке орай, ол арманына жете алмады. Үлгірмеді. Ашығын айтсақ, билік мүмкіндік бермеді.
Болат Атабаев тек сахнада ғана емес, күнделікті өмірде де шындық, ақиқат, әділет үшін күрескер ретінде танымал азамат. Ол жарты жылға созылған Жаңаөзен мұнайшыларының ел басшылығына деген наразылық ереуілін қолдап, солардың қатарында болды. Жеке басының өміріне қауып төнгеніне қарамастан, ереуілшілердің құқығын қорғаудан шаршамады. Халықаралық бірнеше тілді жетік білетін Болат, Қазақстан билігінің заңсыздықтарымен әлем жұртшылығын үзбей таныстырып отырды. Ерекше батылдық, күрескерлік, азаматтық позицисы үшін, ар-ождан құрбаны ретінде Назарбаев режимінің түрмесінде де отырып шықты.
Ал енді өмір жолына келетін болсақ, диплом жұмысын жазып жүрген студент Болатты Қазақ өнер академиясының басшылығы Теміртау қаласындағы Неміс драма театрына жібереді. Бұл театр ана тілін білмейтін, ол тілде сөйлемейтін, неміс тілін түсінбейтін жандар үшін, күштеп, зорлап тіл үйрету құралы ретінде дүниеге келген театр болатын. Әрине мұндай жағдай үшін актерлерді кіналауға болмайды. Бұл патшалық, кейіннен Кеңестік құйтыртқы, залымдық саясаттың бір көрінісі ғана деп ұққан жөн. Әрине, актерлерге ана тілін үйретумен арнайы мұғалімдер шұғылданған. Дегенмен, сәби кезінен қанына, миына сіңбеген тілді меңгеру актерлер үшін өте қиынға соғады. Әрине, уақыт өте келе олар тілді түсіне бастаған, бірақ ана тілі ретінде жан-тәнімен қабылдай алмаған. Бір таңданарлық жағдай, көрермендердің бұл театрды, о бастан ақ жылы қабыдауында. Оның себебі бұл театр, еліміздің басқа өнер ордаларымен салыстырғанда мүлдем табиғаты бөлек дүние болатын. Мұнда Лермонтов театрындағыдай сахнада «үзіліп» ән салмайтын, Әуезов театрындағыдай «қажетті қажетсіз көз жасын көлдетпейтін». Сондықтан осы негізде, мұнда экспериментальдық немесе шағын халықтық театр құруға әбден болатын. Осы театрға арнайы жолдамамен жіберілен студенттің дипломдық жұмысының тақырыбы Фридрих Шиллердің «Махаббат пен зұлымдығы» болатын. Өзінің, әзіл-шыны аралас айтуы бойынша, қойылым: «Жалпы махаббат жайлы болып шықты. Одан өзгеге менің талантым да, кәсіби өрем де, білімім де жетпеді» -деп күліп отыратын.
Ал іс жүзінде студент-режиссер Атабаев, өмірде қызметке, жоғары лауазымға, таққа таласудың неше түрлі құйтыртқы жолдары мен қанды қасап күресін тамаша бейнелейді. Декорация ретінде сахнаға ол үш орындық қана қояды. Бүкіл қулық — сұмдық, талас- тартыс, айғай-шу осы үш орындыққа мықтап жайғасу мүмкіндігі төңірегінде өрбиді. Дәл осы жағдай, күні бүгін де өзекті мәселе емес деп айта аламыз ба?
Бір қызығы, Президент пен Крум өзара тек орыс тілінде сөйлеседі. Онысы төңіректегі қазақ тілді қара халық түсінбесін дегені. Ал бүгінде Президентіміз бастап, Парламентіміз қоштап, Үкіметіміз жалғастырып, жергілікті әкімдіктер қолпаштап, негізінен қай тілде сөлеп отыр?!… Сайып келгенде бәрісі-бәрін өте тамаша түсінеді. Ал бірақ іс жүзінде, орыс тілді қазақтар белгілі дәрежеде басқашалау білім алғаны жасырын емес. Сол себепті олардың билікке жету жолындағы күрес әдістері өзгеше, құлық-сұмдығы мол.
— Осы қойылымым арқылы, мен нені меңзеп отырмын деген сурақ қояды? – режиссер Болат.
-Оппозиция да, Олимп басында отырғандар да, төменде жүргендер де, — бәрі, тақ үшін, билік үшін таласуда. Олардың бәрі, тек биліктің шыңына жеткенде ғана, өмірді, тұрмысты, қоғамды өзгерту мүмкіндігін алатынын алға тартады. Ал мен, басқаша ойдамын! Бүгінде, алдымен халықты өз ішіндегі жаумен күресуге жұмылдыру керек! Адамдарда, азаматтарда Өзіне және өмір сүріп отырған Қоғамына деген немқұрайлылық болмауы керек. Ерте дүниедегі Грецияда «идиотис» деп «қоғам өмірінен тыс қалғанды», «қаңғыбасты» атаған. Сайлауға дауыс беруге бармайсың ба – «идиотис», қоғамдық мәселелер қызықтырмай ма — «идиотис». Бүгінде біз, қазақ қоғамы түгелдей идиотистерге айналып отырмыз. Өйткені билікке де, сотқа да, парламентке де сенбейміз. Бүгінде біз халықты өз күшіне, өз мүмкіндігіне сендіру жолында еңбек етуіміз керек. Сол себептен де менің таңдауым «Махаббат пен зұлымдық» драмасына түсті – дейді Атабаев.
Сонымен Болат Манашұлы Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясын тәмәмдаған соң еңбек жолын Неміс драма театрынан бастайды. Әр жылдары Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында қызмет етті. Оның өмірбаяны Алматыдағы корей, ұйғыр театрларымен де тығыз байланыста еңбек еткенін бейнелейді. «Ақсарай» жастар мюзикл театрының негізін қалады. Әрине, оның әлемдік дәрежедегі танымал режиссер болып қалыптасуы мен танылуында Неміс театрының маңызы ерекше: «Мен үшін неміс театрынан кету өте ауырға соқты. Өйткені – бұл менің алғашқы театрым, алғашқы махаббатым!» — деп жазды режиссер кейінірек.
Болат Атабаевтың жасаған дүниелерінің бәрін тізіп шығу мүмкін емес және оның қажеті де жоқ шығар. Тек оның сахналаған дүниелерінің басым көпшілігінің қай елде, қай жерде болса да өте жоғары деңгейде бағаланғанын атап өткен жөн. Сол қойлымдар оған әлемдік танымалдылық пен үлкен сый-құрмет алып келді. Дегенмен, режиссердің өз туындыдарына қашанда ерекше сын көзімен қарап, ешбір дүниесіне көңілі толмай кеткені де ақиқат. Біз достары, оның шын мәнінде өте жоғары сапалы дүниелеріне таңданып, шаттанып, мақтанып пікір айта бастағанымызда ол қолын бір ақ сілтеп: «Өнердегі ең тамаша жол: жасаған сәтте ұмыту!» -деп тыйып тастайтын.
Белгілі бір дәрежеде актерлардың бағыныншты жандар екені баршаға аян. Олар қоюшы режиссер мен пьеса авторының ой-түсініктерін сахнада бейнелеушілер. Егер актердің ішкі әлемінің камертонына сай режиссер кездессе ол актердің бағы. Бұл әсіресе сахнаға жаңа шыққан жас әрітстер үшін өте маңызды. Олай болмаған жағдайда актердің таланты, бағы ашылмай, өмір бойы жәй орындаушы деңгейінде қалып қою қаупі бар. Сондықтан режиссер мен актердің өзара арақатнасы жайлы әңгіме өте маңызды мәселе. Атабаевтың әріптестері мен әртістерінің жазған естеліктері оның тек кәсіби режиссер ғана емес, үлкен жүректі азамат екеніне көз жеткізеді.
Болат Қазақ театры өнеріне көптеген жаңалық, өзгеріс, серпіліс алып келген режиссер. Оның қашанда сахнадағы біркелкілікке, ұқсастыққа, көшірмеге жаны қас болатын. Кейде сол біркелкіліктің шексіз көшірмелерін көргенде, әбден жаны қысылып: «Сен Абайдың барлық жерде тұрған суреттерінен басқа образды, көз алдыңа келтіре аласың ба? Ал, қыз Жібекті ше?» — деп сұрайтын.
Біздегі тарихи тұлғалардың басым көпшілігі әбден стандартталған, таптық сұрыптаудан өткен жандар. Ал олардан басқаларына жол берілмейді. Олай болса біздің, ақыл-ойымыз, түсінік-таным жүйеміз де стандартталып бір қалыпқа түсірілген болып шығады. Бұл түбінде тығырыққа апаратын жол. Сондықтан Атабаев ақыл-ойға қойылған тыйымды бұзып — жарып, күл — талқан етіп ұлы ғұлама Абайды, сұлулықтың символы Қыз Жібекті заманауи дамудың даңғыл жолына шығарды.
«Жұмбақ жанды» сахналау нәтижесінде ол қазақ театрына шынында да жаңа ізденіс әкелді. Ол — символикалық драма. Символикалық драмада үнсіздіктің, қимылдың, әрекеттің өзі айғайдан ащы. Өнер тек өнер ғана емес, үлкен өмір толғамы бола алатынын дәлелдеді. Драма мақсаты — әлемдік өркениеттегі қазақ театрының орнын табу. Абайдың «Қара сөздері» Франсуа Мари Вольтер, Жан Жак Руссо, Ян Амос Каменский сияқты ойшылдардан мұра болып қалған әлемдік деңгейдегі моралистік шығармалар қатарына жатады. Атабаевтың мақсаты осы дүниені үлкен идея деңгейіне көтеру. Демек режиссер театр идеологиясын қалыптастыру жолында тер төкті деуге әбден болады. Театр сезімге әсер етіп күрсінтіп не күлдіріп, шыға бере ұмыт болатын құбылысы емес, сананы сілкінтіп терең із қалдыратын, қойылымнан кейін де көпке дейін толғанысқа түсіретін идея болуы керек –деп тұжырымдайды Болат. Шынында да «Жұмбақ жанды» көргеннен кейін көптеген сұрақтар туындайды.
Менің Абайым қандай? Сіздікі ше? Әртіс қай Абайды ойнады? Режиссер түсінігендігі Абай қандай? Абай дегенде нені түсінеміз? Ол қағида ма? Пенде ме? Пайғамбар ма? Ол өз халқын сүйе ме? Сүйсе неге оны соншама сынап-мінейді, кемшіліктерін аямай әшкерелейді? Сүймесе неге жаны толғанады, күйзеледі? Абайды тану қажет пе, әлде оған табыну қажет пе?
Ал ұлы Һәкім көпшілікке ұсынған дүниелер әлі әдетке айналмаған, санаға сіңбеген, елге түсініксіз, жаңалықтар. Салт-дәстүрдей терең тамыры, қоғамда сүйенер негізі, қолдаушысы, қорғаушысы болмағандықтан ол әлі әлсіз, нанымсыз, болашағы бұлыңғыр дүние. Тіпті келешекте оның неге алып келері, немен тынары да белгісіз. Жаңалыққа үрке қарау, оны айыптауға бейімділік қай заманның да әмбебап заңы.
Бір жолы мен Атабаевқа оның сахналаған «Жұмбақ жанын» көрген кейбір әріптестерімнің қойылымды онша түсіне қоймағандары жөнінде айттым. Сондағы режиссер досымның жауабы былай болды:
-Менің қойылымымның талас-тартыс, пікір алшақтықтарын туғызғанына өте қуаныштымын. Түсінем, спектакльдерімнің негізгі ерекшелігі көрерменнің санасына салмақ салу. Ойландыру. Ал нақты «Жұмбақ жанға» келетін болсақ сахнада нақты адамдар, тұлғалар, актерлер емес символдар әрекет етеді. Сондықтан менде спектакльде үш Абай бар: Абай адам, Абай ақын, Абай символ, яғни, дәлірек айтсақ Абай – жалау, Абай – ұран, Абай – ескерткіш. Сондықтан да бұл қойылым санаға салмақ салады, ойға батырады, ізденуді талап етеді, ренжітеді не қуанышқа бөлейді. Міне театрдың негізгі қызметі осы! Сондықтан дәл осы қойылымда реализм, романтизм, сюрреализм, абсурд сияқты аса маңызды принциптері жүзеге асырылғанын атап өткен жөн.
Біздің түсінігімізше, бұл қойылымдағы режиссердің негізгі мақсаты ұлы Абайдың «Қара сөздерін» үлкен Идея деңгейіне көтеру болатын. Сондықтан, ғылыми тілмен айтқанда, Болат Атабаев аталған спектаклінде Қазақстанның театрлық идеологиясын қалыптастыру бағытында еңбек еткені байқалады. Оның түсінігінде театр келіп-кетіп, күліп-ойнап, көңіл көтеріп залдан шыққан бетте көргенін ұмытатын жер болмауы керек. Театр көрерменнің кеудесі мен жүрегінен, ақыл – ойы мен санасынан терең орын алатын Идея болуы керек.
Болат мектептегі қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Ісжан Әлібеков ағасының: «Балалар, Абайдың – қазақтарға берілген тамаша мүмкіншілігі екенін ешқашан ұмытпаңдар!» — деп отыратынын жиі еске алатын. «Ал сіз Абайға қалай келдіңіз?» — деген сұраққа, режиссер: «Абайға келмеу мүмкін емес. Ойлы, ақылды, шешетін мәселелері көп жан. Мына қоғамда өмір сүріп оны түсінгісі және өзгерткісі келетін жан — Абайсыз ештеңе де тындыра алмайды. Абай оған көмекке келеді. Мен, Абайға қалай келгенімді білмеймін. Бірақ, білетінім, Абайдың өзі маған келді.»-деп жауап береді.
Көптеген замандастары Болат Атабаевты орасан үлкен театр қайраткері және ұстазы деп біледі. Бұл әрине нағыз шындық. Осыны мойындай отырып кезінде, оның қаржы мәселелеріне байланысты, өз еңбегі мен ақыл-ойының тамаша жемісі «Ақсарай» мюзикл театрын жабуға мәжбүр болғанын үлкен қынжылыспен еске аламыз. Кілең жастардан құралған бұл театр «Қыз Жібек», «Муха», «Зұлымдық пен махаббат», «Махаббат аралы» қойылымдары үшін Ашхабадта, Шымкентте, Алматыда өткен халықаралық театр өнері фестивальдарының жеңімпазы болғаны баршаға мәлім.
Аталған аса күрделі жанрдың актерлары орасан үлкен драмалық талант иелері еді. Олар ән сала білумен қатар, тамаша гимнасттар мен акробаттар болатын. Мюзикл жанрын тамашалау көрермендерге оңтайлы болғанымен, актерлар үшін өте ауыр дүние. Сондықтан «Ақсарай» театрының труппасын Ресей мен Германияның маңдай алды мамандары тәрбиелеп шынықтырғанын ерекше атап өткен жөн. Осындай тамаша театр, мемлекет тарапынан қаржыландырмаудың салдарынан, ұлтжанды жеке меценаттардың көмегімен қызмет етуге мәжбүр болды. Қолдаушыларға алғыс айта отырып, театрдың көрген күнінің қиын екенін, қайта-қайта қаржылық дағдарысқа тап бола беруді басынан өткеріп ортырғаны, елімізге үлкен сын болды. Уақыт өте келе 70 әртістен театр штатында 37 адамның қалғаны жағдайдың қиындығының куәсі. Ал «Ақсарайдың» Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы мюзикл жанрында еңбек ететін бірден – бір театр екенін ескерсек, өкініштің өзегі тереңдей түседі.
Болат Атабаевтың Қазақстан, Орта Азия елдері мен Европа құрлығының мемлекеттері театрларындағы жасампаздық жолы қырық жылға созылды. Осы уақыт ішінде ол көптеген қойылымдарды жүзеге асырып, талантты актерлер мен режиссерлердің үлкен тобын тәрбиелеп өсірді. Көптеген сценарийлер жазып қалдырды, олар еліміздің және шет мемлекеттердің сахналарында қойылып келеді. Мэтрдің кейбір дүниелері жүзеге асырылуын күтіп жатқанын да атап өткен жөн.
Ол: «Болашақ туралы, бүгінгіні ескермей ой толғау, ақымақтықтың белгісі» — деп жиі айтатын. Адамның өмірі өткеннен, бүгіннен және болашақтан тұратыны белгілі. Ал біз бүгінгі күнге назар сала отырып мысық сияқты көзімізді жұмып болашақ жайлы ойға кетеміз. «Болашаққа не қалдыруды анықтау үшін» — бүгінгі күнді талдау қажет емес пе?!-дейтін ол.
Мәдениет саласында көп жылдар бойы жемісті еңбек ете жүріп, Атабаев, мәдениеттің іс жүзінде бүгінгі күннің оппозициясы екеніне көз жеткізеді. «Керек десеңіз, сайып келгенде, сіз өзіңізге өзіңіз оппозициядасыз. Біздің мақсатымыз – қоғамның, адамның кемшіліктерін сынай отырып олардан арылу. Бұл мәдениеттің және өнердің қырларының бірі»,- деп көрсетті ол.
«Өмір, өнер тілімен қатнас жасай отырып қашанда қажетті келісімге келуге болатынын дәлелдеп отыр. Бұл біздің тынышсыз уақытымызда өте маңызды нәрсе. Ал бүгінгі саясаткерлер болса, өздерінің қастық, жауыздық әрекеттерін соншалықты күрделі, маңызды, жаңа деп ойлайды. Мұні өздері тапқан жаңалықтай масаттанаады. «Эдип – патшаны» оқыңыз, бүгінгі қулық, сұмдықтың бәрі осыдан мың жыл бұрын хатқа түсіп, жазылып кеткен! Егер саясаткерлер оқитын болса, онда олар басқаша ойлап, басқаша әрекет етер еді. Ал олар театрға бармайды ғой» — деп ашуланатын кейде Болат.
Әлемдік коммунистік жүйенің күйреу кезеңінде біз Болатпен Теміртау қаласында қызмет еттік. Сол келмеске кеткен партияға мүше болдық. Ал егемендіктің алғашқы кезеңінде, әртүрлі партиялар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткеніне бәріміз куәміз. Әрине оларға Атабаев сияқты білімді, білікті, ақылды, жарқын тұлғалар ауадай қажет болды. Ол кейде әзіл-шыны аралас былай дейтін: «Кейде мені қайсібір партия өз қатарына тартқысы келгенде, мен үнемі былай деп жауап беремін: «Мен — Өнер партиясының мүшесімін!». Кейбір ерекше қытымырлары ерінбей жалықпай: «Ондай да партия бар ма? Қашан құрылған? — деп сурайды. «Ия, — бар. Төрт мың жыл бұрын құрылған!» — деймін.
Атабаев: «Театр – ол мен үшін өмірім, өткенім, бүгінім, болашағым» -дегенді жиі қайталайтын. Ғылым мен техника, бұқаралық ақпарат құралдары ерекше дамыған осы заманда театрдың қажеттілігі төмендегі жағдаймен анықталады. Сіз театр залында отырсыз. Сіздің көз алдыңызда ұлы ғажайып – образдың туу кереметі мен, ойын ғаламаты орын алады. Ол енді мүлдем ойын ретінде қабылданбайды. Өйткені актерді де сізді толғандыратын мәселелер мазалайды. Мейлі ол Абай, Пугачев, Науаи, Шыңғысхан, арыстан жүректі Ричард болсын, немесе мүлдем басқа кез келген біреу, тек жақсы адам болсын!… Өйткені ғашықтық пен жеккөру, жақсылық пен өшпенділік мәселелері қай заманда да адамдарды бей жай қалдырмаған. Бүгін де де солай болып отыр.
Атабаевта ерекше мінез болды. Ал билік, мұндай адамдарды қажет етпейді. Сондықтан биліктің оны сатып алғысы келді. Алдымен Мәдениет министрінің орынбасары лауазымын ұсынды. Ол: «Мен не, нашар режиссермін бе?» — деп қатты ренішпен жауап берді. Сонан соң оған, Алматыдан басқа, қалаған облыс орталығынан жаңа театр ғимаратын салып береміз, егер сонда барып еңбек етуге келісім берсеңіз деген ұсыныс түседі. Көнбеді. Сонымен енді биліктің бір ақ мүмкіндігі қалды. Қудалау, қысым көрсету арқылы астанадан қуып шығу. Осы жағдаяттарға байланысты Болаттың өмірі өзіне деген көрермендердің терең сый — құрметі, махаббатымен қатар, биліктің соншалықты жек көруі аралығында өтті.
Осы тұрғыдан алғанда Атабаевтың тағдыры, өзінің ең сүйікті кейіпкері, өмір бойы табынып өткен тұлғасы ұлы Абайдың тағдырына өте ұқсас. Адамзат тарихынан біз алдыңғы қатарлы, озық ой иелерінің тағдырларынан біршама хабардармыз. Ежелгі гректерге өмірге жаңа көзқарас пен таным алып келген Сократ өз отандастарының қолынан қаза табады. Лермонтов орыс қоғамын сынға алғаны үшін Кавказға жер аударылып, сондағы жекпе-жек атыстан өлім құшады. Өз заманының теңдессіз шығармасы «Ақылдан туған азап» кітабының авторы Грибоедов Тегеран қаласында бауыздап өлтіріледі. Патша ағзамды сынағаны үшін терең ойлы Чаадаев ресми түрде есуас деп танылады. Біздің заманның озық ойлы, терең білімді, реформатор-режиссері Болат Атабаевтың да тағдыры жоғарыдағылар тақылеттес. Адамзат тарихында ғасырлар бойы ессіз, ақылсыз, білімсіз тобыр өзіне ұқсамайтын озық ойлы, талантты тұлғаларды таптап өлтіріп отырғаны жасырын сыр емес, белгілі дүние. Тобырға ұқсамайтын, тобыр сияқты ойламайтын әрбір тұлға, қашанда жазалану, қудалану қауыпінен арылмайды. Осындай қиын, қасіретті тағдыр Болатты да айналып өтпеді. Аяулы арысымыз елімізде орын алған қанқұйлы саяси жүйенің құрбаны болды…
Бүгінгі күні әлемде «Шекспир мектебі», «Чехов мектебі», «Беккет мектебі» деген әлемге танымал драматургия мектептері қалыптасқан. Біздің ойымызша осы аталған тізімге, салыстырмалы түрде жас болса да танымал болып үлгерген, болашағы үлкен «Атабаев мектебін» қосу қажет сияқты. Өйткені, зерттеушілердің пайымдауынша, драматургия тек жанр ғана емес, сонымен қатар синтезді мәдениет болып табылады. Ол әлемге уақиғалар көзімен, ал уақиғаларға адамның көзімен, ал адамға тағдырдың және тұрмыс – тіршіліктің көзімен, ал тұрмысқа мәдениеттің көзімен қарайтын ерекше құбылыс.
Режиссер Атабаев: «Театр адамды тәрбиелейтін орын емес. Сахна – ақыл мен ойға баға берілетін әлемдік «өнер кафедрасы». Сондықтан театр өнері – еркіндік сахнасы болып табылады. Осы айтылғандарды ой елегінен өткере отырып ол да болашаққа жоспарын құрды, және өз мақсат-мүдделерін анықтады.
Өз басым, Болаттың екі арманын анық білемін. Біріншісі, қазақ сахнасында Гётенің «Фаустын» қою. «Неліктен «Фауст»? — деген сураққа ол: Бұл біздің, өзіміздің Қорқыт қой! — деп жауап бергені бар. Әрі қарай, міне саған Шығыс пен Батыстың бауырласуы! – деп қосып қойды.
Ал екінші арманын ол былай кестелейді. «Театрды сағындым! «Ақсарайдағы» әріптестерімнің басын қосып Мұхтар Әуезовтың «Қарагөзін» тағы да бір сахналағым келеді. Сол арқылы өзіме-өзім мынаны дәлелдесем деймін. Сюжет қоюдың қажеті жоқ, сезімді қою маңызды. Ал біз болсақ, сюжет қуып жүріп, театрды мүлдем басқа жаққа бұрып жібердік. Театрды әдебиетке айналдырып тындық.
Суреткердің жеке басының, қоғам алдындағы, оның кемшіліктері, күналары мен бақытсыздықтары үшін рухани жауапкершілігі қандай? Жасампаз тұлға қоғамдағы мәселелерден бойын аулақ ұстап, «таза өнермен» шұғылдануына бола ма? Сөз, көркемдік қимыл мен ишарат, дөрекі мемлекеттік күш қолдану мен мәжбүрлеу органдарына қарсы күресте оңтайлы құралдар бола ала ма? Осы және көптеген басқа аса маңызды сурақтарға қоғам қайраткері, батыр, режиссер Болат Атабаевтың өмірі, қызметі, күрес жолы жауап бере алады.
Біз мұнда «батыр» атауын кездейсоқ қолданып отырған жоқпыз. Көп жылдар бойы тоталитарлық жүйеге қарсы табанды күресі, Жаңаөзен мұнайшыларының әділетті ереуілін жарты жылдай белсенді түрде қолдағаны үшін, Назарбаев режиміне қарсы күресте көрсеткен табандылығы мен батырлығы үшін режиссер, қоғам қайраткері, табанды күрескер Болат Атабаев, еліміздің аса жоғары наградасы «Халық қаҺарманы» атағын беруге лайықты тұлға деп білеміз. Сонымен қатар, үздік режиссерлер үшін Болат Атабаев атындағы сыйлықты тағайындау, әлемдік деңгейде танымал тұлғаның еңбегіне, біліміне, танымалдығына көрсетілген құрмет болар еді.
«Аксарай» театры жабылған соң Атабаевтың шәкірттері республикамыздың және шет елдердің театрларында қызмет етіп жүр. Өкінішке орай, бүкіл Қазақстанда Атабаев стилінде жас актерларды оқыту мен тәрбиелеу, ұйымдастыру, сахна мен қойылымның структурасын анықтау — Астанадағы жалғыз «Синтез» театрында орын алып отыр. Бұл мәдениет ошағының өз ғимараты жоқ. Өзіміз жеке, намерелерімізбен бірге барып көріп тұрамыз.
Бір қуанарлығы сексен орындық театрда үнемі аншлаг. Алдын ала билет алмасаң, бос орын болмайды. Театр режиссері Болаттың шәкірті, ұстазының ісін жалғастырушы, сол жүйеде жас актерларды дайындап жүрген – Мұхтар Болат. Ол болашаққа сенімді көзбен қарайтын оптимист азамат. Сондықтан әртүрлі жастағы, әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған жас әртістерді әйгілі «Атабаев стилімен», тәрбиеленуде. Жас әртістер ән айтып, би билеуге бейім. Сонымен қатар өздерін акробат және гимнаст ретінде де жақсы жағынан көрсетуде. Жоғарыда айтып өткеніміздей мюзикл көрермендер үшін тартымды, жеңіл болғанымен актерлер үшін ауыр дүние. Егер сахнаға дайын жастарды Мәдениет министрлігі қолдаса Болат Атабаев атындағы, оның қалдырған мол мұрасын жалғастыратын жаңа, жас өскіндер театры өмірге келуі әбден мүмкін! Ылайым солай болғай.
Ал көрерменге келсек! Ол барлық жерде бірдей. Атабаев досымыз айтқандай таетр өз көрерменін өзі ұйымдастыруы, қалыптастыруы қажет. Бұл енді режиссерге, актерге, театрға байланысты дүние. Өздерін көрсете алса — танымалдық келеді. Өмір сүру, еңбек ету, жетістіктерге қуану, қиыншылықтарға мойымау, оларды табанды түрде жеңіп шығу – Даңқты режиссер Болат Атабаевтың өмірінің мәні мен мағынасы міне осында!
Тарихшы, ғалым, профессор Әбдіжаппар Әбдәкімұлы
ПІКІР ЖАЗУ