Шымкент пен Түркістан облысының көлік жүргізушілері газ тапшылығына шағымданды

Фото: Otyrar.kz

Шымкент пен Түркістан облысының жүргізушілері сұйытылған газ тапшылығына тап болып отыр. Кейбір жанармай құю станцияларында «газ жоқ» деп жазылып тұрады, ал кейбірі газды тек талонмен береді, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Тұрғындардың айтуынша, облысқа газ беру азайды, бірақ газбен жүретін көліктер көбейіп кетті. Оңтүстік өңірдің көлік жүргізушілері көгілдір отын тапшылығына тап болады.

Энергетика министрлігі газдың азайғанын айтты. Ай сайынғы қажеттілік 14 мың тонна болатын Түркістан облысына 11 мың 949 тонна бөлінген. Шымкентте газға деген қажеттілік 7 мың 686 тонна болса да, 6 мың 565 тонна ғана бөлінген. Тапшылық – шамамен 15%.

«Көлік жүргізушілерінің көбі сұйытылған газға көшіп жатыр. Өндіріс орындары жазда жоспарлы профилактикалық жөндеуге шығады. Олар тамызда 540 тонна, Түркістан қаласы бойынша 1240 тонна нормадан артық бөлінген», – деді энергетика министрлігі газ шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Сатымов.

Қоғам белсенділерінің айтуынша, газдың барлығы жанармай құю бекеттеріне жетуін қатаң бақылау қажет.

«Газ және мұнай өнімдерін тарату кезінде салалық ұйымдардың қатысуы үшін қоғамдық кеңесті ұсынып отырмыз, қазір мәселені көтеріп жатырмыз. Газ тарататын жүйесі жоқтар газ тапшылығын білген соң қайта сатуы мүмкін», – деді «Жанар жағармай» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайыпбек Қамбаров.

Мамандардың болжауынша, газ тапшылығы алдағы уақытта да сақталып, бағаның өсуіне әкеп соғады.