Таяуда Мәжілістің жалпы отырысында вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа салық кодексі жобасын таныстырды. Одан бірнеше уақыт қосылған құн салығы 16% мөлшерінде болатынын, шегі 40 млн теңгеге дейін артанын білдік. Реформа нәтижесінде бюджетке қосымша 4,5 трлн теңге түсетінін естідік. Бұл өзгерістер экономиканы жақсартуға әрі бюджеттің кірісін арттыру үшін еді. Тағы нендей өзгертулер қандай пайда әкелмек?
Салық пен төлемдер азаяды
Салықтар саны 12-ден 11-ге қысқарады. Жер салығы жеке табыс салығына біріктіріледі. Жарнама мен лицензияға қатысты екі төлем мүлде жойылады. Су, орман және жануарлар дүниесін пайдалануға қатысты үш төлем бірігіп, бір ғана «табиғи ресурстарды пайдалану төлемі» түрінде ұсынылады. Алымдар мен мемлекеттік баждар да азаяды. 6 түрлі алым күшін жояды. Олардың қатарында дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды тіркеу, ғарыш нысандары, мүлік кепілі, БАҚ есепке алу, радиожиіліктерді пайдалану бар.
Мемлекеттік баждың 5 түрі қысқарады. Жалпы саны 113-тен 62-ге дейін азаяды. Бұл қатарда: зияткерлік меншік, халықаралық тасымал құжаттары, теңіз құжаттары, нотариалдық қызмет, жануарлар мен өсімдіктерді тасымалдауға рұқсат бар.
Салық жеңілдіктері қайта қаралады
Қазір бізде 453 салық жеңілдігі бар. Үкімет осының 128-ін алып тастауды жоспарлап отыр. Бұл қазынаға қосымша 1,3 трлн теңге табыс әкеледі. Оның 770 млрд теңгесі – қаржы секторына берілген жеңілдіктерден. Бұдан былай жеңілдіктер тек нақты шарттармен беріледі. Олардың қанша уақытқа әрі қандай жағдайда тоқтатылатыны заңда анық көрсетіледі.
Салық режімдері оңтайландырылады
Серік Жұманғариннің айтуынша, салық кодексіндегі ең көп талқыланған өзгерістердің бірі – арнаулы салық режімдерін қысқарту. Қазір қолданыста жеті режім бар, жаңа кодексте тек үшеуі қалады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа режім; жеңілдетілген декларация негізіндегі режім; шаруа және фермер қожалықтарына арналған режім. Мысалы, үй жанындағы дүкендер мен шаштараздар ҚҚС төлемейді. Бұрынғыдай кіріс шегі 600 мың АЕК – шамамен 2,36 млрд теңге деңгейінде қалады. Енді жұмысшылар санына шектеу қойылмайды. Салықтың базалық мөлшерлемесі – 4%. Бірақ жергілікті мәслихаттар оны 50%-ға дейін төмендете алады.
Дивидендке де салықты үйіп-төгу керек
Жаңа салық кодексінде дивиденд алатын адамдар мен ұйымдарға салық салу мәселесі қарастырылуы мүмкін. Бұл бастаманы Мәжілісте депутат Ермұрат Бапи көтерді. Депутат банктердің акционерлері алатын дивидендке салық салу керек дейді. Айтуынша, отандық банктер – Орталық Азиядағы ең ірі банктер, олардың аккумуляциялық сомасы 55 трлн теңгеге жетеді.
– Бұл Қазақстанның екі бюджетінен артық. Осы банктер жыл сайын өз қожайындарына миллиардтаған дивиденд төлейді. Банктердің қоғам алдындағы, әлеумет алдындағы жауапкершілігін арттыру мақсатында дивидендтерге салық салу мәселесін қарастыру керек. Біз бюджетті тығындау үшін осындай реформа жасап жатырмыз. Демек, мұндай күрделі мақсаттарды жүзеге асыруға батыл кірісуіміз керек. Үкімет неге 100 млн теңгеге дейін дивиденд алатын акционерге 10%, 1 млрд алатын акционерге 15% салық салмайды?, – деп сұрады депутат.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттың бұл бастамасына қарсы келмеді, қарастыруға дайын екенін мәлімдеді. Десе де, 100 млн теңгеге дейінгі сомаға 10% салық енгізуді тым көп деп санайтынын айтып, мұндай сомаға салынатын салықты 5% көлемінде қарастыруға болатынын жеткізді. Сондай-ақ салық салу мәселесі тек банктердің акционерлеріне емес, сонымен бірге басқа ұйымдарға қатысты болатынын атап өтті. «Мәселе банктерге ғана қатысты емес, бүкіл дивиденд алатын адамдар мен ұйымдарға қатысты болады», деді министр.
Сән-салтанат салығы да талқыланды
Үкімет жаңа Салық кодексінде сән-салтанат салығын енгізуді ұсынып отыр. Бұл салықтың негізгі мақсаты – аса қымбат мүлік иелерінен қосымша қаржы жинау арқылы бюджетті толықтыру әрі әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл салық белгілі бір табысы мен мүлкі жоғары азаматтарға ғана қатысты болады. Атап айтқанда, құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік иелері мүлік салығын көбірек төлейді. Ал бағасы 75 млн теңгеден жоғары көліктерге, сондай-ақ жеке яхта мен ұшақ иелеріне акциз салынады. Бұған қоса, үкімет қымбат алкоголь өнімдері мен сигараларға да 10% көлемінде акциз енгізуді көздеп отыр.
Сән-салтанат салығы Қазақстанда бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Мысалы, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 6 млн теңге тұратын элиталық вискиді мысалға келтіріп, байлық салығын енгізудің қажеттігін айтқан. Былтыр министрлік осы бағытта арнайы қаулы жобасын дайындап, сән-салтанатқа жататын мүлік тізімін нақтылаған. Құжатта ел азаматтарының иелігінде 490 яхта бар екені көрсетілген. Бұл яхталарға салынатын салық олардың ұзындығына қарай есептелуі мүмкін.
Ажырасу қымбаттайды
Ажырасуға қатысты мемлекеттік баж салығының мөлшері ұлғайтылады. Бұл туралы Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Берік Бейсенғалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бастама адамдардың асығыс әрі эмоциялық шешім қабылдауын тежеу үшін ұсынылып отыр. Яғни, ажыраспас бұрын ойланып, отбасын сақтап қалудың маңызын ескеруге ықпал етпек. «Әсіресе жас отбасыларға маңызды. Біз бұл өзгеріс жедел шешімдердің алдын алып, салмақталған қадам жасауға мүмкіндік береді деп сенеміз», деді депутат.
Жаңа тәртіпке сай, ажырасуға өтініш берген азаматтар 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік баж төлейді. Бұл – қазіргі есеп бойынша 79 640 теңге. Депутат бұл сома ажырасу мәселесін толық шеше алмаса да, оның азаюына әсер етуі мүмкін деп есептейді.
Денсаулық сақтау саласы да тасада қалмады
Мемлекетке қарасты емханалар мен ауруханалар салықтан босатылады, ал жекеменшік медициналық мекемелерге 10% қосылған құн салығы салынады. ҚҚС тек ақылы медициналық қызметтерге қатысты болмақ. «Бұл шешімге қатысты біраз сын естідік, сондықтан тек ақылы қызметтерге ғана ҚҚС енгізу туралы шешім қабылдадық», деді вице-премьер.
Бұған қоса әлеуметтік салада, денсаулық сақтау саласында Үкімет салықтан
босатылатын дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімі дайындалатыны мәлім болды.
– Дәрі-дәрмектің 85%-ы шетелден келген. Нақты айта алмаймын, бірақ баға мың пайызға дейін өсті. Бағаны біз ұстай алмаймыз. Біз депутаттармен, Денсаулық сақтау министрлігімен бірігіп, дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін дайындаймыз. Олар салықтан босатылады. Қалғандарына 10%-ға дейін салық саламыз, – деді вице-премьер.
Корпоративтік табыс салығы артады
Үкімет банк пен ойын бизнесіне салынатын корпоративтік табыс салығын 25%-ға дейін арттыруды көздеп отыр. Жаңа Салық кодексіндегі бұл өзгеріс тек осы секторларға емес, қарапайым азаматтарға да әсер етуі мүмкін. Себебі салық жүктемесі өскен жағдайда, банктер шығынның орнын ипотека пайызын көтеру арқылы толтыруы ықтимал. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мұны жоққа шығармайды. Оның айтуынша, банк табыс салығына қосылған 5%-дық өсімді өз құнына енгізіп, клиентке жүктеуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда азаматтар қымбат ипотека алуға мәжбүр болуы мүмкін. Алайда министр ипотека нарығының икемділігін алға тартып, пайыздың өсуі клиенттердің өзге, тиімді ұсыныс беретін банктерге ауысуына алып келетінін айтады.
Салық кодексі корпоративтік табыс салығын салалар бойынша саралап енгізуді ұсынып отыр. Мәселен, банк және ойын бизнесіне – 25%, қаржы лизингі мен әлеуметтік салаға – кезең-кезеңімен 10%, ал ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін мөлшерлеме бұрынғыдай 3% көлемінде қалмақ. Негізгі табыс салығы 20% күйінде сақталады.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру