Қазақстан 2024 жылдың 1 наурызынан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне (UTC +5) өтті.
Аталмыш ұсынысты қолдаған шенеуніктер уақыт белдеуін ауыстыру қазақстандықтардың биоритміне сәйкес келетінін, және бизнеске оң әсерін береді деп сендірген.
Алайда қоғам биліктің бұл шешімін әлі де қабылдай алмай жүр. Халықтың келісімінсіз қабылданған бұл өзгеріс көпшіліктің көңілінен шықпады.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 3 қаңтарда «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында 1 наурызға дейін уақыт белдеуінің азаматтар мен Қазақстан экономикасына әсерін жан-жақты зерттеуді тапсырған.
14 ақпанда Астанада қоғам белсенділері бірыңғай уақыт белдеуін қайта қайтару мәселесін талқылады.
Қылмыс көбейіп денсаулық нашарлады
Белсенділердің айтуынша, үкімет халықтың пікірін елемеген. Өткен жылдың көктемінде уақытты ауыстыруға қарсы петиция 47 күн ішінде 50 мың қол жинады.
Қазақстандағы Парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталованың айтуынша, ел тұрғындары мемлекеттік органдарға уақытты қайтаруды талап етіп, хат жолдауда. Сондай-ақ Конституциялық сотқа ондаған талап-арыз түскен. Әкімшілік соттарда азаматтардың Үкіметке қарсы шыққан арыздары қаралып жатыр. Олар бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды және келген шығындарды өтеуді талап етуде.
«12 қалада бейбіт митинг өткізуге өтініш түскен. Митингтерге тыйым салынғандықтан, адамдар пикетке шығып, бір адамдық акциялар өткізуде. 2025 жылғы 8 ақпанда уақытты кері қайтаруды талап еткен белгілі қазақстандық суретші Асхат Ахмедияров наразылық акциясына шыққаны үшін ұсталды. Қазір сот шешімін күтуде», – деді Зәуреш Батталова.
2024 жылдың желтоқсанында Алматыда өткен баспасөз конференциясында «Сандж» зерттеу орталығының жетекшісі Жанар Жандосова бірыңғай уақыт белдеуінің азаматтарға әсері туралы әлеуметтік сауалнама нәтижелерімен бөлісті.
Зерттеу нәтижелері
Алматыны қоса алғанда, алты өңірде 85% респондент уақытты ауыстыру кері әсерін тигізгенін айтқан. Орталық облыстарда бұл көрсеткіш 54%-ға жеткен.
Құқық бұзушылықтардың саны да өскен. Құқықтық статистика сайтының деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қазан айында алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда:
•ШҚО мен Жетісу облысында тонау 2,5 есе артқан.
•Жамбыл облысында – 1,8 есе, Алматыда – 1,6 есе көбейген.
•Кейбір өңірлерде бұзақылық көбейген.
•Жол-көлік оқиғаларының саны екі есе артқан.
Шығыс Қазақстанда электр қуатының тұтынуы өскен, ата-аналар қас қарайғанда балаларын алып жүруге уақыттары жетпейді, сондай-ақ көлік шығындары артқан.
Жүргізілген сауалнама нәтижесінде құрылыс, өндіріс, сауда, ауыл шаруашылығы, білім және медицина салалары зардап шеккен. Ал энергетика, көңіл көтеру сынды салалар керісінше ұтқан.
«Қаулыға қол қойылған сәтте үкіметте уақыт белдеуін өзгерту мен бірыңғай уақыт белдеуін енгізуді ғылыми тұрғыда негіздейтін ешқандай зерттеу болмаған. 11 облыс пен республикалық маңызы бар үш қаланың тұрғындары уақыт белдеуін өзгертуді ешқашан сұрамаған. Оларды UTC+6 уақыт белдеуі толық қанағаттандыратын, өйткені бұл күндізгі жарықты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Елдің басым бөлігінің уақытын бес облыстың уақыт белдеуіне сәйкестендіру – әділдік қағидаттарына қайшы және ҚР Конституциясының 14-бабын өрескел бұзады, – деп атап өтті Зәуреш Батталова.
Белсенділердің айтуынша, үкімет бұл шешімді қабылдау кезінде халықтың пікірін сұрауға да талпынбаған. Қаулыны әзірлеу, келісу және дайындау барысында кең қоғамдық тыңдаулар мен ашық талқылаулар өткізілген жоқ.
Сонымен қатар, қоғам белсенділерінің айтуынша, жоба дайындалу кезінде кемінде 30 өрескел заңбұзушылыққа жол берілген, оның ішінде: құқықтық сараптаманың болмауы және ғылыми-антикоррупциялық сараптаманың жүргізілмеуі.
«Құқықтық тұрғыдан алғанда, үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуіне көшіру туралы қаулысы кемінде үш конституциялық құқықты бұзады: денсаулық құқығы, өмір сүру құқығы және мемлекетті басқаруға қатысу құқығы. Күннің ерте шығуы мен табиғи жарықтың азаюынан халық электроэнергияны көбірек тұтынуға мәжбүр болды. Салдарынан миллиондаған халықтың денсаулығы сыр бере бастады: созылмалы ауруларды асқындырып, көру қабілетін нашарлатты. Сонымен қатар, уақыт белдеуінің ауысуынан жол-көлік оқиғалары мен қылмыстардың саны артты. Себебі көпшілік қылмыстар қараңғы уақытта орын алады. Ал үкіметтің бұл шешімінен ерте күн бататын болды. Бұдан бөлек, ата-аналар амалсыздан барлық жұмыстарын тастап, балаларын кешке мектептен алып кетуге мәжбүр. Бұл да жол қозғалысын қиындатады», – деді Зәуреш Батталова.
Мәжіліс депутаты Лұқбек Тұмашинов дөңгелек үстел барысында депутаттардың басым бөлігі үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы шешімін қолдамайтынын айтты.
«Біз министрлерге ғылыми зерттеу жүргізу үшін үш ай уақыт бердік. Бірақ олар бұдан жалтарып, зерттеу жүргізгісі келмейді. Бұл – олардың амбициясы ма, әлде басқа себебі бар ма, түсіне алмаймын. Біз бәріміз жақсы білеміз, бұл халқымызға зиян келтіреді. Сондықтан депутаттар бұл мәселе бойынша жұмыс істеуде, біз сауалдар дайындап жатырмыз. Төрт уақыт белдеуі болмайтын шығар, бірақ заң бойынша екі уақыт белдеуі болуы керек. Біздің экономикамыздың үштен бірі тұрақсыз жағдайда, үкімет осы мәселемен айналысуы керек. Бұл жерде ешқандай экономикалық тиімділік жоқ, бұл – халықтың денсаулығына қатысты мәселе», – деді Лұқбек Тұмашинов.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша 2024 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының аумағында уақытты өзгерту туралы үкімет қаулысын жою туралы қарар қабылданды.
Сондай-ақ, белсенділер аталған қаулының заңдылығын тексеруді және аталмыш жұмыс тобын басқарған вице-премьер Серік Жұманғарин, Сауда және интеграция министрі Арман Шәккалиев және басқа да мүдделі тұлғаларды қызметінен босатуды талап етуде.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру