Жаңалықтар

Қазақстанның банктері жасанды интеллектіге сенеді

Қазақстанның қаржы саласы цифрлық революцияны бастан өткеріп жатыр. Кейінгі бес жылда елдегі финтех-стартаптар саны төрт есеге өсіп, цифрлық төлемдердің қолдану деңгейі 91%-ға жетті. Бұл көрсеткіш көптеген дамыған елдерден жоғары. Қазақстан тек Орталық Азияда ғана емес, әлемде де цифрлық қаржы технологияларын енгізуден көш бастап келеді. Ал бұл үдерісте банктер басты рөл атқарып жүр, деп сараптайды Ozgeris.info.

Halyk Bank цифрлық экожүйесінің ауқымы

Halyk Bank – еліміздегі цифрлық банкингтің флагманы. Ай сайын 8 миллион адам банк қосымшасын пайдаланады, онда 66-дан астам мемлекеттік қызмет қолжетімді. Жасанды интеллект банк қызметін түбегейлі өзгертіп жатыр. Банк басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мукушевтің айтуынша, жасанды интеллект код жазудан бастап клиенттерді талдауға, кредиттік шешім қабылдауға дейінгі процестерді автоматтандырды.
– Біз жасанды интеллектті код жазуда, клиенттерді санаттарға бөлу әрі кредиттік талдау жүргізуде белсенді қолданамыз. Сонымен қатар оны комплаенс жүйесінде қолданамыз, бұл санкциялық тәуекелдерді анықтауға, болдырмауға мүмкіндік береді. Бұл технологияны дамытып, қолдану аясын кеңейтуді жалғастырамыз. Біріншіден, банк кодты автоматты түрде жазу көмекшісін іске қостық. Бұл жасанды интеллект бағдарламалауды оңайлатып, жаңа өнімдер мен қызметтерді әзірлеу жылдамдығын арттырды. Енді бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу жылдамырақ, тиімдірек өтеді. Екіншіден, Halyk Bank клиенттердің өтініштерін өңдеуде жасанды интеллектіні белсенді қолданады. AI алгоритмдері клиенттерден келіп түсетін сұрауларды жылдам талдап, оларға автоматты түрде жауап береді. Үшіншіден, қағаз құжаттармен және бэк-офис үдерістерімен жұмыс істеуді оңтайландырдық. Onlineduken платформасында енгізілген AI технологиясы құжаттарды цифрлық форматқа ауыстыруды, оларды талдауды әрі сақтауды автоматтандырды, – деді Нариман Мукушев.
Бұрынғы ұзақ уақыт алатын операциялар енді бірнеше секундта орындалады. Мысалы, банк код жазу процесін оңайлатқан. Жасанды интеллект бағдарламалауды жеделдетіп, жаңа өнімдер жасауға мүмкіндік береді. Клиенттерді талдау да жеңілдеді: AI алгоритмдері клиент сұрауларын бірден өңдеп, жауап береді. Бұдан бөлек, банк салық кеңесшісі (Tax Advisor) сервисін іске қосты, бұл клиенттерге тиімді салық режімін таңдауға көмектеседі. Ал қағаз құжаттар жасанды интеллект арқылы жылдам цифрлық форматқа ауысып, сақталады.
– Бұл сервис жеке, заңды тұлғаларға олардың қызметіне ең тиімді салық режімін таңдауға көмектеседі. Мысалы, көптеген мемлекеттік субсидиялар, гранттар мен қолдау шаралары бар, бірақ шағын кәсіпкерлер олар туралы білмеуі мүмкін. Біздің міндетіміз – оларға осы мүмкіндіктерді көрсету, бизнес жүргізудің оңтайлы жолдарын ұсыну. Жасанды интеллект бұл өнімде де маңызды рөл атқарады, ол құқықтық актілер туралы мәліметтерді жаңартып, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат жинап отырады, – деп түсіндірді Нариман Мукушев.

Жасанды интеллект пен блокчейннің жаңа дәуірі

Ал Altyn Bank (Altyn-i) өз цифрлық қызметтерін жаңа деңгейге шығарды. Банк AI көмегімен клиенттерге жеке қаржылық кеңес беріп, шығындарды жоспарлауға көмектеседі. Бұл жерде бәрі автоматты: клиенттер сұрақ қойса, жасанды интеллект бірден жауап береді. Блокчейн арқылы ипотека рәсімдеу мен кепіл мүлкін тіркеу қауіпсіз әрі жылдам. Қосымша арқылы криптоәмиянды толтыру, цифрлық құжаттарды пайдалану мүмкіндігі бар. Тіпті автокөлікті онлайн қайта ресімдеу де қарастырылған. Банк клиенттерінің құжаттары цифрлық форматта сақталып, қажет кезде жылдам қолжетімді.
– Altyn-i банкінде жасанды интеллект технологиялары клиенттерге жеке қаржылық кеңестер беруге, шығындарды жоспарлауға және банктік операцияларды автоматтандыруға қолданылады. Клиенттер сұрақ қойғанда немесе кеңес сұрағанда, AI технологиясы олардың қажеттіліктерін анықтап, жекелендірілген ұсыныстар береді. Сонымен қатар банк ипотекалық кредиттерді рәсімдеу, кепіл мүлкін тіркеу үдерісін блокчейн арқылы қауіпсіз етеді. Бұл технология деректерді қорғап, оларды бұрмалаудан сақтайды. Нәтижесінде, клиенттер үшін жылдам әрі сенімді қызмет көрсетіледі. Altyn-i мобильді қосымшасы үнемі жетілдіріліп отырады. Қосымшада Apple Pay, Google Pay, Samsung Pay және QR-кодтар арқылы жылдам төлемдер қолжетімді. Қарапайым интерфейс пен интуитивті дизайн пайдаланушыларға банктік операцияларды оңай орындауға мүмкіндік береді, – деген мәлімдеме берді банк баспасөз қызметі.
2024 жылы Altyn-i цифрлық банкі бірқатар маңызды қызметтерді енгізді. Клиенттер өздерінің жеке куәлігі, жүргізуші куәлігі, дипломдар, неке және бала туу туралы куәліктерді цифрлық форматта пайдалана алады. Автокөлікті онлайн қайта ресімдеу қызметі іске қосылды, бұл физикалық тұлғалар арасындағы автокөлікті оңай тіркеуге мүмкіндік береді. Клиенттер автокөліктің меншік иелері туралы ақпаратты, сондай-ақ салынған шектеулерді тексере алады. Kassa24, Paydala, Qiwi Kazakhstan терминалдары арқылы кредитті өтеу және толтыру мүмкіндігі кеңейтілді. CaspianEx серіктестігімен криптоәмиянды толтыру мүмкіндігі қосылып, клиенттерге заманауи қаржылық құралдар қолжетімді болды.
– «Алтын бөліп төлеу» бағдарламасы аясында Bazis Corporation және Sensata құрылыс компанияларымен серіктестік орнатылып, онлайн ипотека рәсімдеу жеңілдетілді. Мобильді қосымшада қауіпсіздікті күшейту және әлеуметтік инженерияға қарсы қорғаныс шаралары енгізілді. Ең үздік 5 автодилер (Orbis, Allur, Astana Motors, Doscar, Aster) арқылы автокредит беру қызметі іске қосылды. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап, кепілсіз кредиттер бойынша жұбайының келісімін алу толығымен онлайн форматта жүзеге асырылады. Kaspi QR арқылы төлем жасау мүмкіндігі қосылып, бұл төлемдерді жылдам әрі ыңғайлы етті. Инвестициялық серіктестікті кеңейту мақсатында Investlink платформасы арқылы клиенттерге жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ұсынылды, – деді Altyn bank.

Жасанды интеллект қаржылық алаяқтардан қорғайды

Жасанды интеллект тек қызмет көрсету сапасын арттырып қана қоймай, қаржылық алаяқтыққа қарсы сенімді қорғаныс та ұсынады. IBA Group компаниясының мәліметінше, банктер алаяқтықтан қорғану үшін өзін-өзі оқытатын алгоритмдерді қолданады. Бұл жүйелер күмәнді транзакцияларды бірден анықтап, тоқтатады. Сарапшылардың мәліметінше, кейінгі екі жылда қаржылық алаяқтық 20%-ға өскен. Қазақстандағы ең жиі кездесетін алаяқтық схемалар – криптовалюта алаяқтығы, «туысыңыз қиындықта» сценарийі және «құқық қорғау органдарына көмек» деген желеу. Жасанды интеллект мұндай қауіптерді алдын ала байқап, жәбірленушілердің ақшасын сақтап қалады.
– Қаржылық алаяқтық – банктер мен криптовалюта әмияндарында шоты бар кез келген адам үшін негізгі қауіп. Кейінгі екі жылда алаяқтардың сәтті шабуылдары 20%-ға өсті. Сарапшылар Қазақстандағы ең кең таралған схемаларды атады: криптовалюта алаяқтығы – адамдар ақшаларын алаяқтардың шотына аударады; «туысыңыз қиындықта» – жәбірленушіге қоңырау шалып, туысының жол апатына түскенін хабарлайды; «құқық қорғау органдарына көмек» – алаяқтар жәбірленушіні қылмыскерлерді әшкерелеуге көмектесуге шақырады. Банктер транзакциялық және сессиялық антифрод жүйелерін пайдаланады, бірақ олар клиенттің толық профилін немесе барлық деректерді көрмейді. Бұл шектеулерді жасанды интеллект жояды. Машиналық оқыту алгоритмдері транзакциялар мен клиенттердің мінез-құлық тарихын талдап, күмәнді операцияларды уақытында анықтайды, дейді  IBA Group мамандары.
Банктеріміз AI негізіндегі жүйелерге жаппай көшіп жатыр. Оларды енгізу 6-12 айға созылуы мүмкін. Жүйелер қолданыстағы үдерістерді оңай біріктіріліп, қайта құруды қажет етпейді. IBA Group топ-менеджері екі деңгейлі AI шешімдерінің тиімділігін атап өтті. – Әлемде жасанды интеллект жай ғана сәнді тренд болудан қалды. Ол бизнестің стратегиялық басымдығына айналды. Қаржы секторы бұл технологияны енгізуге жоғары дайындық көрсетіп отыр. Қазақстан банктері жасанды интеллектті клиенттерге қызмет көрсету сапасын жақсарту, шығындарды азайту және операцияларды жеделдету үшін пайдаланады. Жасанды интеллект банктерге клиенттерге 24/7 қолжетімділік, жылдам қызмет көрсету, шығындарды азайту мүмкіндігін береді. Бұл тек цифрландыру ғана емес, қаржы секторын қайта қалыптастыру, – дейді халықаралық IBA Group компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Иван Сукман. Қазақстан банктерінің жасанды интеллектке жаппай көшуі тек цифрландыруды дамыту емес, қаржы секторын түбегейлі қайта құрудың белгісі. Клиенттер үшін бұл жылдамдық пен ыңғайлылықты білдіреді, ал банктер үшін шығындарды азайтып, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қаржы секторының цифрлық трансформациясы тек операцияларды жеңілдетіп қана қоймай, Қазақстанды жаһандық қаржы технологиялары картасында маңызды ойыншыға айналдырып отыр. Жасанды интеллект – тек жаңа технология емес, банк секторының болашағын айқындайтын стратегиялық құрал.
Барлық жаңалық