Жаңалықтар

Қазақстанда алты шетелдік азамат жол апатынан қаза тапты

Қостанай облысында Қазақстан мен Ресей шекарасына қарай бағыт алған жолаушылар мінген шағын автобус жүк көлігімен соқтығысып, алты адам көз жұмды, деп хабарлайды ozgeris.info. Қайғылы оқиға бүгін таңғы уақытта Алматы – Екатеринбург бағытындағы автожолдың бойында, «Қайрақ» шекара бекетінен шамамен екі шақырым жерде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Ford Transit көлігінің жүргізушісі жолаушы мінгізіп келе жатып, DAF маркалы жүк көлігіне соқтығысқан. Жол апаты орнынан түсірілген фотосуреттердің бірінде шағын автобустың жүк көлігіне артынан соғылғаны, әсіресе жолаушылар отыратын жағының қатты зақымданғаны көрінеді. Қазіргі таңда апаттың нақты себебі анықталмаған. Алдын ала болжамдар бойынша, жүргізушінің ұйқысы не техника ақауы себеп болуы мүмкін.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан алты адам оқиға орнында қаза тапты. Тағы бес адам түрлі жарақатпен Қарабалық аудандық ауруханасына жеткізілді», – делінген Қостанай облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Жапа шеккендердің қай елдің азаматтары екені әзірге жарияланған жоқ.
Барлық жаңалық