Қоғам

"Қарнын емес, жағдайын тойдыру": Халық неге арзан тамаққа тәуелді?

Елімізде арзан тамаққа деген сұраныс халықтың шынайы тұрмыс деңгейін көрсетеді. Көпшілік дәм мен сапасына емес, тез әрі арзан екеніне қарап таңдайды. Елде табыс деңгейі өспейінше, жағдайдың өзгеруі екіталай. Аталмыш факторлар халықтың денсаулығына өте үлкен қауіп төндіріп отыр. Шаурма сияқты жылдам тағамдар мен пластик қаптамаларды кеңінен қолдану қазіргі заманғы азық-түлік мәдениетінің символына айналды. Бұл туралы халықаралық зерттеулер мен сарапшылар дабыл қаға бастады. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.

Қазақстанда халықтың арзан тамақ, әсіресе фастфудты жиі тұтынуы жай ғана талғам емес, елдегі экономикалық және әлеуметтік жағдайдың айнасы. Қазақстандықтардың көпшілігі орташа не төмен табысқа өмір сүреді. 2024 жылғы ресми деректер бойынша, елдегі медианалық жалақы 285 677 теңге болды. Шындығында ресми статистикадағы жалақыны алатындар аз. Тіпті дәл осы көлемде табыс тапқан күнде де, осы қаражаттың едәуір бөлігі пәтердің ақысына, коммуналдық қызметтерге және жолақыға жұмсалады. Соның салдарынан азық-түлікке кететін қаражат шектеулі болып қалады.

Бұған қоса, соңғы жылдары азық-түлік бағасы айтарлықтай өсті. Ет, сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек сияқты негізгі тағамдардың бағасы шарықтап кетті. Басқа амалы жоқ халық арзанырақ әрі қарын тойдыратын тағамдарға көше бастады. Мысалы макарон, жылдам дайындалатын кеспе, нан, жартылай дайын өнімдер мен фастфуд қолжетімді әрі оңай табылатын нұсқа. Ресми мәліметке сүйенсек, 2024 жылы орташа табысты отбасылар табысының шамамен 40–50 пайызын азық-түлікке жұмсаған. Бұл орташа есеппен бір отбасы үшін айына 100–130 мың теңге шамасында. Көпбалалы ата-аналар үшін шығын бұдан да көп. Ал табысы төмен отбасылар 70 пайызға дейін жұмсайды. Салыстыру үшін айтсақ, дамыған елдерде азық-түлікке кететін шығын жалпы табыстың 10–15 пайызынан аспайды.

Қазақстан Орта Азиядағы ең дамыған ел болып саналса да, азық-түлікке қатысты күрделі мәселелер жетерлік. 2023 жылы Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ шамамен 13 150 долларға, ал 2024 жылы 14 290 долларға өскен. Соған қарамастан отбасылардың азық-түлікке жұмсайтын шығындары жылдан жылға артып барады. Салдарынан халық көбінесе арзан және тойымды тамақты таңдайды. Соның ішінде көшенің кез келген бұрышында сатылатын шаурма өте танымал. Алматыда шаурманың бағасы 1-3 долларға сатылады. Ал оның бір проциясы 500-800 калорияға тең. Сапасы да күмән тудырады. Зерттеушілердің жазуынша, шаурма «үй тағамы» ретінде таныстырылса да, шындығында оның құрамында сапасыз өнімдер жиі кездеседі екен.

Фастфудтың тағы бір тартымды жағы оның тез дайындалуы. Студенттер мен жұмыс басты азаматтар үшін мұндай тамақ уақыт пен ақшаны үнемдеудің тиімді жолы болып тұр. Үлкен қалаларда урбанизациямен қатар халықтың өмір сүру ырғағы да өзгерді. Алматы, Астана, Шымкент сияқты ірі мегаполистерде адамдар көбіне үйде емес, сыртта тамақтанады. Жұмыстан шаршап келген соң ас әзірлеуге уақыты да, энергиясы да жетпейді. Оның үстіне, үйде тамақ әзірлеудің өзі арзан емес. Ет, май, көкөніс секілді азық-түлік те айтарлықтай қымбаттаған. Ал жастар арасында фастфуд күнделікті өмір салтына айналып барады. Жасөспірімдер фастфудпен өсті, олар үшін дәмді әрі оңай таңдау. Көбіне бұл жарнаманың, әлеуметтік желілер мен заманауи өмір салтының әсері.

2017 жылы «Салауатты тамақтану – ұлт саулығы» бағдарламасы қабылданды. Ол халықты дұрыс тамақтануға үйретуі керек болған. Алайда бағдарламаның бүгінде беріп жатқан нәтижесі көзге көрінбейді, сонымен қатар қамту аумағы да шектеулі. Мысалы 2023 жылы ауыл мектептерінің 10%-ы ғана осы бағдарлама бойынша оқу материалдарына қол жеткізген. Ал 2021 жылдан бастап құрамында қант бар сусындарға салық енгізілді. Нәтижесінде аталмыш сусындарды тұтыну 5%-ға қысқарды.

Десе де, жүрек-қан тамыр аурулары елдегі өлімнің негізгі себебі болып отыр – 40%. 2024 жылы 120 000-ға жуық адамға аталмыш диагноз қойылған. Оның 15%-ы токсиндермен, соның ішінде пластик құрамындағы фталаттармен байланысты болуы мүмкін деген болжам бар.

Пластик — тағы бір өзекті мәселе. Еліміз пластик қалдықтарын қайда өңдеумен айналыспайды деп айтуға болады. Статистика бойынша оның көрсеткіші 10%. Ал қалғандары қоқысқа кетеді, немесе өртеледі. Пластиктің 60%-ы азық-түлік саласында қолданылады. Бір реттік контейнерлер, пакеттер мен бөтелкелер күнделікті тұтынудың бір бөлігіне айналды. Сарапшылардың пікірінше, жаз айларында пластиктегі зиянды заттардың тағамға өту қаупі артады.

Көрші елдердегі жағдай       

Орталық Азия елдерінде халықтың тамақтану әдеттері экономикалық, экологиялық және әлеуметтік факторлардың ықпалымен қалыптасады. Шаурма сияқты жылдам тағамдар заманауи тамақтану мәдениетін қалыптастырып жатыр. Ал пластик қаптамаларын күнделікті қолдану өмір салты іспеттес. Сарапшылардың айтуынша, дәл осындай тенденция халықтың денсаулығына тікелей әсер етуде. Әрине, азық-түлік саясаты мен қауіпсіздігі іске асып жатыр, дегенмен оның сапасы мен экологиялық қауіптері жиі ескерілмейді. Ал табысы күнделікті өміріне жетпей жатқан тұтынушылар аталмыш жүйенің тұтқынына айналып барады.

Өзбекстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 2 400 долларға тең. С»йкесінше, халықтың сатып алу қабілеті төмен. Әсіресе Ташкентте шаурма кең таралған. Ол арзан тамақ болғанымен, санитарлық жағдай көңіл көншітпейді. Қоғамдық тамақтану орындарында гигиена талаптарының сақталмауы салдарынан халықтың улануы жиі кездеседі екен.

Қырғызстанда халықтың 60%-ға жуығы табысының негізгі бөлігін азық-түлікке жұмсайды. Арзан шаурма мен пластикке оралған тағамдар кең таралған. 2022 жылы Қырғызстанда көшеде сатылатын тағамдағы еттің 30%-ында сальмонелла табылған. Бұл өңірде логистика да әлсіз. Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, жаңа өнімдердің 25%-ы дүкенге жетпей бұзылады екен. 2024 жылы жүрек-қан тамыр ауруларына 45 мың адам шалдыққан.

Тәжікстан табысы ең төмен ел. Жан басына шаққандағы ЖІӨ - 1 100 доллар. Халықтың 60%-ы табысын азық-түлікке жұмсайды. Ауыл тұрғындарының 70%-ы азық-түлікті базардан сатып алады, ал базарлар 20 шақырымдай қашықта орналасқан. Мұндай жағдайда адамдар сапасыз, ұзақ сақталатын өнімдерді тұтынуға мәжбүр. Тәжікстан да азық-түліктің 40%-ын шетелден әкеледі, ал сапаны бақылау қиын. 2024 жылы елде 30 000 жүрек-қан тамыр ауруы тіркелген, бұл өлімнің 30%-ына сәйкес келеді.

Халық денсаулығын бақылайтын уақыт келді

Тағам сапасына қатысты проблемалар бүкіл әлемге ортақ. ДДСҰ деректері бойынша, 2023 жылы Орталық Азияда ересектердің 25%-ы семіздікке шалдыққан. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 10%-ға жоғары. 2-типтегі қант диабеті 5%-дан 8%-ға өскен. Балалар да бұл проблемадан тыс қалмаған. 2022 жылы ЮНИСЕФ мәліметінше, 5 жасқа дейінгі балалардың 15%-ы аштықпен күресіп жатса, 10%-ы артық салмақтан зардап шегіп отыр.

Сарапшылардың пікірінше, жағдайды жақсарту үшін кешенді шаралар қажет.

Біріншіден, пластик қаптамаларға, әсіресе фталаттарға қатысты қатаң стандарттар енгізу керек.

Екіншіден, қоғамдық тамақтану орындарындағы тағам сапасын бақылауды күшейтіп, міндетті сертификаттау мен тұрақты тексерістер жүргізу қажет.

Үшіншіден, халықты дұрыс тамақтану туралы ақпараттандыру, көше тағамына балама ретінде пайдалы әрі қолжетімді нұсқаларды ұсыну маңызды.

Төртіншіден, ауыл халқын жаңа әрі сапалы өнімдермен қамтамасыз ететін инфрақұрылымға инвестиция салу қажет.

 

Барлық жаңалық