Журналист Ришат Асқарбекұлы өзінің Facebook парақшасында елімізде қазақ тілін меңгерген орыс азаматтар аз екеніне наразылығын білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оның айтуынша, еліміздегі мектептерде қазақ тілін дұрыс оқытпайды.
Сіз үшін қалай екенін білмеймін, бірақ мен үшін бұл– әділетсіздік. Қазақ мектептерінде орыс тілі пәні жүреді. Мұғалім тым талапшыл. Қазір қаланың балалары орекеңдердің тілінде жатық сөйлейді. Себебі тұтынатын контент сол тілде. Ортасы да солай. Қыңқ етсе болды, сол тілде шүлдірлей жөнеледі. Бала тоқсандыққа жалғыз орыс тілі пәнінен 3 деген бағамен шыққан.
Ал дәл сондай орыс мектептерінде қазақ тілі пәні аптасына 4 сабақ жүреді. Алайда біздің ана тілімізді меңгеріп шығатын бала тым аз. Осындай мектептерде директор мұғалімге қазақ тілінен 3 деген баға қойма деп, сыпайы тапсырма беретінін білеміз. Нәтижесі белгілі. Онға дейін қазақша санай алмайтын орыс балалары өте көп.Бұл ұлтшылдық емес. Шынайы картина солай. Осыны тексеру үшін АЗС-те бензин құйып тұрған орекеңнің бір баласына 95-ші бензин дедім. Түсінбеді. Сол сияқты автосалонда ресепшн менеджері телефон номерімді сұрады. Тіркеу үшін. 1-10 аралығындағы сандармен асықпай айттым. Түсініп, жаза алмады.
Соңғы екеуінің аттестатында қазақ тілінен 4-5 деген баға тұрғанына сенімдімін. Ал біздің балаларға 3 қойып, көңіл-күйін түсіреді. Осыны істеп отырған өзіміз. Өзімізге обал жоқ. Айналып келгенде құлдық сана, дейді Ришат Асқарбекұлы.
ПІКІР ЖАЗУ